Денсаулық кепілі
Бірінші байлық- денсаулық. Бұл сөздің түбінде өте терең мағыналы ой жатыр десем қателеспегенім. Біз мектеп табалдырығын аттағаннан бері осы сөзді жиі естіп келеміз. Сондықтан, «Денсаулық туралы мақал айта қойшы», - дегеңде: « Бірінші байлық- денсаулық»,- дейміз. Яғни бұл сөз миымызда жатталып, ойымыздан кетпестей болып тұрып қалған.
Сонымен қоса, біз көбінесе « Салауатты өмір салтын ұстаңдар»,- деген сөзді көп естиміз. Оны мектеп мұғалімдері, тәрбиешілер, егде жастағы кісілер жиі айтады. Осыдан адамдардың ойында « Салауатты өмір салты дегеніміз не?»- деген сұрақ туады. Оған спортпен айналысу ғана жатады деп көп адам ойлайды. Осы ойдағы сұрақты қоюға батылдары жетпейді. Білмесе де білем, білсе де білем. Түсінбегенін сұрауға жатырқайды. Бұл сөздің мағынасын тек қана 50 % адам ғана түсінуі мүмкін. Ал қалған 50 %-ы түсінбесе де түсіндім дей салады. Шынына келсек, міне, осыдан үлкен қате кетіп жатады. Салауатты өмір салтына тек қана спорт жатпайды. Сонымен қоса қалыпты уақытта ұйқыға жату, бір сәт болса да таза ауада серуендеу, төрт қабырғаға қамалып отырмай, қозғалыс жасау, таңғы жаттығу және қалыпты кестені ұстану кіреді. Бұл -кішігірім бөлігі ғана. Қазіргі кезде қарт кісілердің: « Жасыңа жетпей қозғала алмайды, жасыңа жетпей шаршап қала береді екен»,- дегенді жиі айтатын болып жүргеңдерін байқадым. Бұған не себеп? Мен бір мысал келтірейін. Біздің мектепте математика пәнінен жасы 75- тен асқан Ғұбайдуллина Дариға апай береді. Ол кісі мектепке жаяу келеді, жаяу қайтып кетеді. Уақытылы дәрігердің қабылдауында болады. Апай өте жеңіл қозғалады. Апайдың айтуы бойынша, ол жас кезінде спортпен, гимнастикамен және бимен айналысқан екен. Үздік бишілердің бірі болыпты. Жас кезінде өте көп қазғалыста болған екен. Қазіргі кезде де таңғы жаттығуларды жасайды. Әлі де еш қиындықсыз жүреді, тұрады, отырады. Керек болса шпагатқа да отырамын деп қалжыңдап қояды. Ал қазіргі жастар қандай? Он бес минут жерді жергенде- ақ: « Шаршадым, шөлдедім,»- деп шығады. Бос уақыттарында компьютерге, ұялы телефонға отырып алып, таңнан кешке дейін ғаламтор қосылған қораптың гипнозында отырған секілді болып көрінеді. Қазіргі заман- технология заманы дегеннің өзіңде-ақ, бір сәт болса да тұрып ата-аналарына көмектесіп немесе бой жазып келу деген жоқ қой. Ол тұрып кетсе, ана компьютерді біреу алып кететін сияқты оған. Енді жастар түні бойы компьютерде отырып, содан ұйқылары қанбай, сабақ үстінде көз іліп кетуді шығарды. Ал, « Спортпен қашан айналысасың?»- десең, «Ертең, ертең»,- деп қала береді. Ертең, ертең деп жүріп кеш болып жүрмесін.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: « Қазақстанға дені сау ұрпақ керек»,- деп жастарға жар салуда. Бұл -барлығымыз бірден спортпен айналысу керек деген сөз емес. Кішкене болса да жаттығу қимылдарын жасап, таза ауада серуендеп, салауатты өмір салтын ұстану. Бұрынғы тепсе темір үзетін жігіттеріміз келмеске кеткендей ме, қалай? Сонда да деніміз сау болып, он екі мүшеміз аман болсын дегім келеді. Мықты денсаулық- мықты елдің кепілі.