«Адамға арман жеткізіп пе еді…»
Мәңгі лаулап жану үшін ғаламда,
Үлкен бақыт табу үшін ғаламда,
Үлкен болып қалу үшін ғаламда,
Үлкен АРМАН керек екен адамға!
Мұхтар Шаханов
Арманшыл ақынның осы бір өлең жолдары маған да үнемі ой салады. Адам армандаудан шаршамауы керек. Арман мақсатқа жетелері анық. Мақсат - адамның өмірде қалыптасуына, өз орнын тауып, жақсы өмір сүруіне ынталандыратын дүние. Арман адамның өзін өзі тануы, бағалауы тұрығысында да өз септігін тигізеді. Ол адамды өмірге қызықтырады, шабыт береді, жігерлендіреді. Кез келген адам арманыма жетсем деп арманына арман қосып, мақсатын айқындап, алдыға ұмтыла беретінін білеміз. Мәселен, Абай, Шәкәрім, Мұхтар, Мағжандар бала кезінен жыр жазып, ақын болуды армандап, ізденіп, оқымаса, халқымыздың маңдай алды тұлғаларына айналар ма еді?! « Арман- ақыл-ойдың шындығы», « арманға адаспаған жетеді» , «арман –адамға қанат», «армансыз адам болмайды» деген сияқты ойлар менің арман жайлы ойымды дәлелдей түседі.
- Арман деген не? – деп жігіт қарияға сауал қойған екен. Сол кезде қария: - Арман дегеніміз ақыл - ойдың шындығы. Құс – ұшсам дейді, бала – өссем дейді, қыз – көрікті болсам дейді, жігіт – жүректі болсам дейді, қарт – жүзге жетсем дейді, ұстаз – шәкіртіме үлгі болсам дейді. Арманға адаспаған жетеді, адасқан жете алмайды. Арманына ақылды жетеді, ақымақ бұл өмірден түңіліп өтеді, – деп қарт жауап беріпті. Шағын әңгіме болғанмен берер мағынасы терең. Оқыған адам ойланары сөзсіз.
Ақ қанатты құсым деймін сені,
Аспаннан жерге түсірмеймін сені.
Мәрмәрден мәңгі мүсіндеймін сені, Ей, Арманым! –
деп арманды ақ қанатты құсқа, мәрмәр мүсінге теңеген ақын Исрайыл ағамызда өзінің пәк арманын үнемі аялап жүретін тәрізді. Арман таусылмайтыны да хақ. Дегенмен жас буынды, балаларды армандауға баулудың өзіндік мәні бар. Үлкендер «арманыңа жет», «арманың орындалсын» деп бата беріп жатады жастарға. Яғни , халқымыздың даналығы осы ұғымға өзінше мән беріп, бала тәрбисінде есепке алған.
Адамды санай берсең, көп арман да,
«Мінсіз бақ, сансыз дәулет» деп арманда
Мергенге түзу мылтық, оқ арманда
Тамақсыз табысы жоқ кәріптерге
Жалғыз күнгі тамақтың тоғы арман да.
деп Шәкірім Құдайбердіұлы жырлағандай әркімнің өз арманы, өзінің қол созған мақсаты бар. Соған жетуге талпынған қанат талмасын.
№74 жалпы білім беретін мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Зәкариянова Сандуғаш Зарыққанқызы