Шығарма
«Абай дана –Абай дара, қазақта»
Жоспар
I. Кіріспе
II. Негізгі бөлім
а) Абай қарасөздерінің Ислам дінімен сабақтастығы
ә) Шығармалары
ІІІ.Қорытынды
I.Кіріспе.
Қазақ халқының тұтас бір дәуірінің ақыл –ойы мен мәдениетінің, өнері мен әдебиетінің асқар шыңын бейнелейтін кемеңгері Абай Құнанбаев – өз ұлтының реалистік гуманистік жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, қазақ поэзиясын қоғамдық дамудың озық деңгейіне бағыттап, өз кезінің ең басты мәселелерін дәл бейнелеп, дұрыс қорытынды шығара білген прогрессшіл ақын. Ол халқының болашағы үшін жан аямай қызмет етті, оны мәдениет нұрына үндеді. Белгілі бір тарихи кезеңнің алға қойған сұрауына жауап беріп, елінің әдебиет көшін алға жетеледі.
Кемеңгер ақынның ұлы мақсат-мүделері бізге тамаша гуманистік әдеби еңбектері арқылы жетті. Абай қалдырған бұл мұралар өз дәуірінің алуан түрлі мәселелерін қамтыды, сол кездегі қазақ елінің шын сырын аша білді. Біздің ғалымдар әлі де Абайды толық зерттеп, біліп, үлгерген жоқ. Абай –ағартушы, гуманист ақын ғана емес, сонымен бірге, ақынның кемеңгерлігін, шеберлік суреткерлігін айқындап, өз елінің өнер қазынасын зерттеуші, тарих, әдебиет ілімін үйретуші ұстаз деуге әбден болады. Абай сияқты тұлға мың жылда бір келетінін ескерсек, біз Абайтану ілімін зерттеуге бар күшімізді жұмсауымыз керек деп білемін.
II. Негізгі бөлім
Дана ақын Абай 1845 жылы тамыз айында, қазіргі Семей облысы, Абай ауданы, Шыңғыс тауында туған.
Абайдың жас кезіндегі көңіл сергітіп, жүрегін жібіткен жылы құшақ анасы –Ұлжанның мейірімді көңілі, көпті көрген әжесі Зеренің жылы жүрегі, Абайдың ақкөңіл, адамгершілік сезімі күшті, зәбір-жапа шеккен адамды, жоқ-жітікті аяғыш, сергек бала болып өсуіне де осы жайлар себеп болған.
Сегіз жасар Абай өзінің зерек қабілетімен әке көзіне ілініп, үміт күтер, ата жолын ақтайтын бала болар деген оймен әкесі молдаға оқуға береді, одан кейін діни медреседе оқиды. Абай бұл медреседе оқуын үздік меңгеріп, өзі де көп ізденеді. Сол кезде көп тарап жүрген Орта Азия және тәжік, парсы халықтарының ұлы ақындары –Науаи, Низами, Фирдоуси шығармаларымен танысады. Бұлардың еңбектеріндегі адамгершілік идеясы, реалистік мотивтер Абайға үлкен ой салады. Оны білуге, ілгері іздене беруге ұмтылдырады. Соған орай ол көрнекі ақындардың шығармаларына үлкен назар салып, келісті сөздерін жадында сақтап жүреді. Абай тек қана діни оқу оқып қана қоймай, сонымен бірге, орыс тілін де үйреніп, оқуын оқыды. Орыстың тілін, жазуын меңгеруі арқылы Абай өзіне кең дүниенің есігін ашып, мол қазынаға қолын жеткізгендей болады. Қалалық кітапханаға барып, өз бетімен оқуға кіріседі.
Сонымен қатар, Абай өнерлі ақындарды өзіне тым жақын тартып, олардың шешендік өнерін, шеберлік жетістіктерін меңгеруге тырысады. Классикалық әдебиеттерді оқыған сайын, көзі ашылып, өмірдің, қоғамның сырларына түсіне бастайды. Бұрын Абай өмірдегі жақсылық пен жамандық, дәулеттілік пен жоқшылық бәрі құдай ісі деген молдалардың ғана сөзін естіп келсе, енді Абай өмір туралы, ондағы қоғамдық теңсіздік туралы өзгеше ой, ақылға сыйымды, өмірге үйлесімді жаңа түсініктерге қанығады. Сөйтіп Батыс әдебиеті Абайдың дүниеге көзін ашып, көңілін сергітеді. Абайдың ықылас, ынтасы сол уақыттағы озық ойларды, ағартушылық, гуманистік түсініктерді сарқа меңгеруге итермелейді.
Абай көптің бірі емес. Жеке дара туған талант. Ол адам баласын бөлмей түгел бауырмашылдықпен, бәрінің де бақытты болуын, бірдейлік дәрежеде өмір сүруін, ешкім қиянаттың құрбаны болмауын тілеп, адам баласының бәрі де өз бауыры ретінде қабылдады. Біз Абайдың ізденісінде білім дәрежесінде шек жоқтығын атап өттік, ол өз халқының мәдениетін біле жүріп, шығысты әбден игеріп, енді Еуропаға көз тіккен кезі басталды. Осы тұста оның ақындық творчествосының да кілті табылып, бойындағы таланттың есігі айқара ашылады. Әлемдік ілім-білімді игеріп, оның сырларын ашты. Шығысым-Батыс болуға айналды деген пікірге келуінде осындай өсу-жетілу заңдылықтары бар. Әлемдік білімге қол созып, өрісін кеңейтті.
ІІІ.Абай Құнанбаевтың шығармалары
Абайдың шығармалары –өз дәуірінің келелі мәселелерін реалистікпен суреттейтін, ағартушылық гуманистік мазмұнға бай, ізгі ниеттер мен терең ойға толы, шебер тілді көркем туындылар.
Абайдың осы асыл, баға жетпес асыл мұралары өзі тірі кезінде жоғары бағаланып, кең танылып кете алмады. Абай шығармалары қолдан көшіріліп, қолжазба күйінде не жатқа айтылу арқылы ғана таралды. Ақын өлеңдерін шағын жинақ ретінде 1909 жылы Кәкітай Ысқақов бастырған еді. Ал одан кейін 1917 жылы Құрманов редакциясынан Абайдың таңдамалы өлеңдерінің шағын жинағы Орынборда басылып шықты.
Кейінгі жылдары республикамыздың ғылыми-зерттеу орындары мен әдебиетшілері Абай шығармалашылығын игеруде жаңа қадамдар жасады. Баспасөз беттерінде мақалалары мен көлемді монографиялық зерттеулері де жарық көруде. Бұл еңбектер, сөз жоқ , абайтану тарихында жаңа бір белес биігін танытады.
Абай шебер өлеңді, тәтті әнді мәдениеті жоғары, білімді ақын ғана бере алатынын ескертіп, «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, ол –ақынның бейшарасы»деп көрсетті.
Абай- өзі өмір сүрген дәуір шындығын ақтара зерттеп, ішкі-сыртқы сырларын жете ашқан реалист жазушы. Ол өз кезіндегі қоғам өміріне сын көзімен қарап, барлық қайшылықтарды көре білді, батыл сынады.
Абай өзінің өлеңдерінде («Болыс болдым, мінекей», «Мәз болады болысың», «Бойы бұлғаң», «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ», т.б.) өткір сыншы –сатирик жазушы есебінде бой көрсетті. Қазақтың жағымпаз, қу, бұзақы тобын өлтіре сынады, олардың екі жүзді, сүйкімсіз образдарын жасап, сол топқа қарсы шықты. Сөйтіп, ол өзінің көптеген шығармаларын сыншыл реализм сатысына жеткізді.
Абайдың өлеңдері отты да өткір, нысанасына дәл тигізеді. Өзінің «Күз», «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай» деген өлеңдерінде қазақ кедейлері мен байларының өмірін салыстыра бейнелейді. Өлеңдеріндегі негізгі елеулі әлеуметтік мәселелердің бірі –қазақ әйелдерінің жайы, қазақ жастарының махаббат, еркіндік мәселесі.
Абай осылайша, адамгершіліктің туын жоғары ұстаған ұлы гуманист жазушы. Ол әр уақыт халыққа: «мақтан қума, ойсыздарға қосылма!» -деп ақыл береді.
Абай шығармашылығынан ерекше орын алатын үлкен бір тақырып-оның ағартушылық идеясы. Абай –өнер-білім, тәлім-тәрбиеге ерекше көңіл аударған, ұлы ағартушы ақын.
ІV. Әл-Фараби мен Абай Құнанбаевтың сабақтастығы.
Абайдың қара сөздері ғылымдар бабасы Әл-Фарабидің трактаттарына сәйкес келеді. Дәл осы баба ғалым сияқты қазақтың данышпан ойшылы Абай өз тағдырының нысанасын берік белгілеп, өмір жолын туған халқына қызмет етуге арнады.