Мәңгілік Ел — жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Астанада асқақ рухымыз бен мәңгілік мұраттарымызды паш етіп тұрған «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасының салынуы «Мәңгілік Ел» идеясының мелекеттік идеологияға айналғандығының бір дәлелі. «Мәңгілік Ел» сөзінің терең тарихи тамыры және үлкен мағыналы мәні бар. Түрік шежіресінде «мәңгі» сөзі «Тәңір», «Құдай», «Алла» сөздерімен мағыналас қолданылды. Осыдан кейін, «Мәңгілік Ел» «Алла Тағаланың елі, халқы» дегенді білдіреді және мемлекет пен ұлттың уақытпен шектелмеген тұмары болады деуге толық негіз бар. Мәңгілік Ел ұлттық идеясының негізгі мәні — мәңгілік мақсат-мұраттарымыз бен мәдени-рухани құндылықтарымызға негізделген, мемлекет құрушы қазақ халқы мен өзге де ұлттардың ұлттық идеяларын бір арнаға тоғыстыратын идеология арқылы қалыптастырылатын қазақтың ұлттық мемлекеті. Мәңгілік Ел ұлттық идеясы дегеніміз — өткенімізден сабақ ала отырып, болашағымызды баянды ету жолындағы хақ мұраттарымыз!
Тәуелсіздік туын тіктеген алғашқы жылдардан бастап қоғамның барлық маңызды салаларында күрделі реформалар жүргізуімізге тура келгенін ашып айтуға тиіспіз. Нәтижесінде, алғашқы онжылдықта қазіргі заман үлгісімен мемлекеттік басқару жүйесі, ішкі-сыртқы саясат, әлеуметтік қорғау, нарықтық экономика жүйелері жасалынып, іске қосылды. Мазмұнымен маңызы, салауаты мен сапасы жағынан олар қазақ қоғамының өткен замандарда қалыптасқан бетпердесін түбегейлі өзгертті, жаңартты. Әлемдік қауымдастықта демократиямен нарық экономикасына көшкен ел ретінде тиісті орнымызды таптық.
Тәуелсіздік жылдарында біздің жүздеген ұлттар мен ұлыстар уыздай ұйып отырған мемлекетімізде балабақшадан бастап, бастауыш, орта мектеп, кәсіби мектеп, жоғарғы оқу орындарында білім сапасын арттыруды көздеген күрделі реформалар жүргізілді. Олар күні бүгінге дейін өзінің өміршеңдік жалғасын тауып келеді. Халықаралық БҰҰ ДБ-ның әр жылға жасаған салауатты өмірдің индексі бойынша әлем елдері арасында 55-ші орында. Осы жылы оқу жасындағы балалардың мектепке барғаны орта есеппен 80 пайыз болса, Қазақстанда ол – 97,7 пайызды құрады. Жоғары білім алуға жастардың әлемде 40,3 пайызы қамтылса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 44,5 пайызды құрайды. Қазақстан адами даму индексі бойынша өзімен бір заманда реформа жүргізген Малайзия, Түркия, Қытай елдерінің алдында, ал есепке ілінген 188 әлем елдерінің ішінде аталмыш көрсеткіш бойынша 56-шы орында, яғни жоғарғы нәтижеге қол жеткізген елдер қатарында.
«Елу жылда ел жаңа» – демекші, біз әлемдегі ең дамыған, халқының тұрмысы жақсы елдердің қатарына қосылуды мақсат тұтқан елміз. Оған Елбасымыз алға қойған «Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасын мерзімінен бұрын іс жүзіне асырып, әлемде дамыған 50 елдің қатарына ойып тұрып орын алғанымызды айтсақ та жеткілікті. Ендігі мақсат – 2050 жылға қарай озық 30 елдің қатарынан көріну. Бұл асқақ арманның да іске асар кезеңі алыс емес сияқты көрінеді бізге. Лайым сол күндерге аман-есен жетуді жазсын, Жаратқан ием!
Қазіргі таңда әлем сарапшылары дүркін-дүркін дабыл қағып, электр қуаты шикізаттарына тиімді балама табу мәселесін күн тәртібіне кеңінен қойып отыр. Барған сайын адамзат үшін ерекше үлкен қауіпке айналып бара жатқан жаһандық жылыну үдерісін тежеу электр энергиясын өндірудің негізгі көзі – көмірсутегі шикізатына балама табу болып табылады. Мамандардың пікірінше, қазір көмірсутегі шикізатына балама ретінде қолданылып отырған биоотын, жел және күн қызуынан алынатын әлемдегі энергия қуатының үлесі әлі де аз. Қазірдің өзінде Қазақстан бұл көкейкесті мәселе бойынша бірқатар ғылыми жаңалықтар мен озық ойларды алға тартуда. Әрине, «Болашақтың энергиясы» тақырыбының ауқы¬мы өте кең. Бұл – негізінен болашақта адамзат игілігіне айналатын балама қуат көздерін ашу үшін жаңа технологияларды өмірге әкелу. Бұл – жаңа балама қуат көздерін игеруге халық¬аралық қоғамдастықтың назарын аудару. Біздің тіршілігіміз, жалпы адамзат өмірі жолынан ұстатпайтын зырлауық заманда көзді ашып, жұмғанша өте қарқынды өзгеруде. Бүгінгі біздің байлығымыздың басты көзі – мұнай мен газ болашақта өзінің маңызын жойып, баламалы энергия көздері қоданысқа кірері анық. Кейбір «әлем елдерінде ол айтарлықтай етек алып та жатыр. Қазақ елі осыны күні бұрын бағамдап, оған бірнеше жыл алдын кірісіп те кетті. Биыл елімізде ашылатын, оған әлемнің жүзден астам елдері өздеріндегі озық технологиялық үлгілерімен қатысатын Болашақ энергиясының көрмесі – «ЭКСПО – 2017» соның жарқын айғағы. Иә, электр қуаты көздерінің балама түрлеріне деген әлемдік сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Ғалымдардың болжамы бойынша, үстіміздегі ғасырдың ортасына таман жа¬һандық энергетикалық баланстағы балама қуат көздерінің үлесі 35 пайызға жететін көрінеді. Еуроодақ өзінің мұндағы үлесін 2020 жылдары 20 пайызға, 2040 жылдары 40 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Қазір іс жүзінде барлық дамыған елдерде жаңа технологияны қалыптастыру және дамыту бағдарламалары кеңінен іс жүзіне асырылуда.
Қазір Қазақстан еліндегі барлық мүліктің 85-90 пайызы жекешелендірілген нарықтық экономика елі деп әлемге танылдық. Әлемдегі барлығы 217 мемлекеттің 170-імен тұрақты экономикалық байланыста болғанымыз. Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшелігіне енгеніміз жоғарыда айтқандарымыздың бұлтартпас дәлелі.
Ендігі мақсат – Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іс жүзіне асыру. Ол үшін қоғамда орын алып отырған әділетсіздіктерді жойып, бюрократияны шектеп, сыбайлас жемқорлықты ноқталап, мемлекет заңдарына мойынсұнып, халыққа керекті салаларды жедел дамытуымыз қажет. Тәуелсіздігіміздің алғашқы 25 жылында жаңа мемлекет, жаңа экономика жасап еліміздің бетпердесін түбегейлі өзгерте білдік. Демек, баламалы және қайта жаңғыртылатын қуат көздерін игеруге, «Жасыл» экономикаға көшу мәселесін Елбасымыз алдағы 40 жылдың аса өзекті мәселесі ретінде бекерден-бекер атап көрсеткен жоқ. Әрине, Қазақстан мұнай мен газға, басқа да шикізат көздеріне бай ел ретінде таяудағы болашақта дәстүрлі қуат көздерін дамытуға ерекше көңіл бөлетін болады. Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың 2014 жылғы (17қаңтар) жолдауында бұл жайында анық жазылған. Осы жылдарда, Астана энергетика саласында үздік идеялар мен тәжірибелерді жинайтын, ғылым мен техниканың ең озық нәтижелерін ұсынатын орталыққа айналады деп көрсетілген.
Біз бұл жерде жоғарыда айтып өткен жетістіктерімізде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының ерен еңбегінің бар екенін де баса айтуымыз керек. Президентіміз тарихымыздың тар жол, тайғақ кешу кезеңінде егемен елдің көк байрағын көкке көтеріп, мемлекетімізді басқару ісінде кемеңгерлігі мен көсемдігін көрсете білген кемеңгер тұлға. Ол Сарыарқа төсіне Елордасы – Астананы тұрғызды. Ол бүгінде әлем елдері басшылары жиналып, заманымыздың бүгіні мен ертеңі туралы келелі кеңес құратын беделі жоғары халықаралық орталық дәрежесіне дейін көтерілді. Астаналық форум шешімдері әлем елдерінің тарихында сақталатынына күмән жоқ. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев және оның бейбітшілік сүйгіш халқы армандаған «Мәңгілік елдің» мәңгілік мұраттарының мұрты бұзылмастан іс жүзіне асатындығына сеніміміз мол. Оған ширек ғасырда қол жеткізген қомақты табыстарымызбен бағындырған белестеріміз, асқақ асуларымыз дәлел бола алады.