Мәңгілік жырсың жазылған!
Көңілдің тілеп көктемін,
Өрт болып іште өпкенім.
Нұр толы күш пе шеккенім?
Соншалық неге тартылдым?
Үмітке қоса артылдым.
Ұшырып арман кептерін.
Қылығы тәтті сұлусың,
Жүрекке жақын жылусың.
Баянды әрбір ұлы ісің.
Қарлығаштайсың қалықтар,
Бақытың алда анық бар.
Өмірдің жайнар гүлісің.
Тал бойың әсем көріксің,
Шыдамды шыңдай беріксің.
Еркелеу өскен еліксің.
Қызығып саған тамсанып,
Жырларды жаздым жан салып,
Өлеңім өрт боп ерітсін!
Қиыла қалған құралай,
Кезің жоқ қалған ұнамай.
Мөлдірер түнде қырағы ай.
Арусың, алтын ажарың,
Жүректің үні-ғажабым,
Биікте самға құламай.
Тәнті еткен ерке назыңнан,
Еліткен үнің сазыңнан.
Жалыным жарқын жазыңнан.
Тірегім болдың алыстан,
Тілегім балғын ғарыштан,
Мәңгілік жырсың жазылған!
07.10.2009жыл.