«Жұмақтың қарсы беті» мен «Том ағайдың балағаны», «Керри әпке» мен «Құпия бейтаныс», «Патшалар қаны» мен «Жоғалған әлем» - осы шығармалардың барлығын қазақ балалары ағылшын емес, орыс емес, туған тілдерінде оқыса екен деймін. Үйрету –қызықтырудан басталады емес пе? Қазіргі заманғы «Harry Potter»( «Гарри Поттер»), «Hunger games» («Аштық ойындары»), «Game of Thrones», («Тақ таласы»), секілді бестселлерлер қазақ тілінде жарық көріп, қазақ еліне етене таныс болса екен деймін. Кезінде «Евгений Онегинді» аударған ұлы Абай секілді, өз замандастарымды британ психологиясымен, тәртіп пен шайға толы тартымды британ әлемімен таныстырсам деймін.
Аудармашы туралы «Қара сөзде құлың болса, қара өлеңде –қарсылас» -деген сөз бар. Шынында да, өзге тілдің поэзиясын аудару – өз алдына жеке мәселе.
- re will some soft rains and the smell of the ground,
And swallows circling with their shimmering sound.
And Spring herself when she woke at dawn
Would scarcely know that we were gone.
Жер иісі, жаңбыр иісі аралас,
Құс әніне қосылады тау мен тас.
Жасыл көктем, жаңа таңы атарда,
Адамзаттың жоғалғаны байқалмас.
Бұл Сара Тисдейлдің «Жер иісі, жаңбыр иісі аралас» өлеңінен үзінді. Өзге тілден өлең аударғанда, сөздердің мағынасына да, ұйқас пен буынға да, аударманың көркемдік сипаты мен оның оқушыға салар ойына да бірдей көңіл аудару қажет. Сонда ғана аударма айшықты, құлаққа жағымды, оқырман жүрегіне жол таба алатындай болмақ. Меніңше, аудармашылық – кәсіп емес, шығармашылық жұмыс. Аудармашының ақын мен жазушы болуы шарт емес, дегенмен, осы екі салада азды-көпті тәжірибесі болса - нұр үстіне нұр. Жүрегі ашық, ғажайыпты қабылдап үйренген адам ғана өзге елдің психологиясына үңіліп, өзге тілдің қыр-сырын танып біле алады. Ақынжанды адам ғана өлеңнің мағынасын бұзбай аудара алады. Өмірі де, ойы да түрлі кейіпкерлер мен оқиғаларға толы адам ғана Ұлыбританияның із кесушілері мен қылмыскерлерін, үлде мен бүлдеге оранған арулары мен шіріген байларын, Iphone мен «Роллтонға» бауыр басқан қазақ жастарына түсінікті тілмен сипаттай алады.
Аудармашылық – әмбебап қызмет. «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл»- демекші, өзге елдің тілін жақсы білу түрлі мүмкіншіліктерге жол ашады. Саяхат, жаңа елдер, жаңа жерлер ... Жаңа өмір, жаңаша ойлар... Саяхаттың мәні тұрғылықты жерді өзгертуде емес, жаңа пейзаждарды көруде емес. Көзің, көңілің өзгереді. Ұлыбританияға барып қайту – толып жатқан армандарымның бірі.
Әрине аудармалардың барлығы белгілі бір ойға жетелейтін шығармалар, әсем өлеңдер, еліктіріп әкететін романдар болмақ емес.
«Қағаз пакетті ашқанда, көңіл қобалжулы еді. Ұсақ әріппен тізілген неміс қолжазбасы. «Бұл не? Қара сөз бе?»- деп ойлады ол, «қызық, не туралы екен? «Қаратопырақ»,- деп жазылып тұрды мұқабада, «пайдасы мен зияны»
И. А. Гончаров, «Кәдуілгі оқиға».
Бірақ барлығы содан бастайды емес пе? Әр мамандықтың өзіндік ғажабы, өзіндік қиыншылықтары бар. Сағы сынып, бес-алты мақала үшін арманнан бас тарту – ынжықтық. Армандау – аз, талпыну керек, үйрену керек, үлгі алу керек.
Әрине, үш-төрт аудармашының аты –жөнін жазып, солардан үлгі алғым келеді, солар секілді болғым келеді деп қоюыма болар еді. Бірақ меніңше, біреуден үлгі алу, сол адамға ұқсау, сол адамның ойын, түйсігін көшіріп алу деген сөз. Сүйікті әншілерінен үлгі алып, жаман жолға түскендер, қазіргі заманнан үлгі алып, ақшадан басы айналғандар аземес. Бірінен – бірі асып, біріне-бірі ұқсаған заманда ешкімге ұқсағым келмейді.
Өмір өзгеріп бара жатыр. Интернет, девайс, бан, флуд, спайлер, капча, пикча - көбі түсіне бермейтін, бірақ жастар арасында кең тараған осы сөздердің барлығы ағылшын тілінен алынған. Википедия – ашық энциклопедиясындағы мақалалардың көпшілігі орыс тілінде. Жас қыздар жапон анимациясы мен корей дорамаларына бас қойып, түсінбесе де, азиаттардың соңынан бас шұлғып, «аригато годзаймас» немесе «сараңе, сараңе» деп қайталай бермек. Сонда қазақ тілі қайда қалады? Сонда қазақ тілі кімге қажет?
Маған қажет. Қазақ екенімді мақтан тұтып, шығармаларды қазақ тіліне аударып, әлемдік сахнада туған тілімді әуелетсем деймін. Менің аудармашы болғым келеді. Шығарманы белгілі жазушы Нисио Исиннің сөздерімен аяқтағым келеді: «No matter who are you. Alone you cannot change the world» - «Кім болғаның маңызды емес. Жалғыз өзің өмірді өзгерте алмайсың». Бірақ тырысуға тұрарлық, іс қосуға тұрарлық ой емес пе?