Жауап.кз вопросы и ответы
0 голосов
спросил от Surak_zhauap в категории Ұстаз

Ваш ответ

Отображаемое имя (по желанию):
Конфиденциальность: Ваш электронный адрес будет использоваться только для отправки уведомлений.
Анти-спам проверка:
Чтобы избежать проверки в будущем, пожалуйста войдите или зарегистрируйтесь.

13 Ответы

0 голосов

Қызылорда облысының білім басқармасы

Қызылорда қаласының білім бөлімі

Үш тілде оқытылатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар «Мұрагер» мектебі

Ғылыми жоба тақырыбы:

Б.МАЙЛИН ӘҢГІМЕЛЕРІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ СИПАТ

Ғылыми жоба авторы: Сәткеева Нұрай Нұрлыбекқызы

Сыныбы: 8 «Б»

Жетекшісі: Жүсіпбек Назерке Маратқызы, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Қызылорда қаласы, 2016 жыл

Мазмұны:

Кіріспе....................................................................................................................

І тарау. Көркем әдебиеттегі ұлттық сипат мәселесі

1.1 Көркем әдебиеттегі ұлттық сипат мәселесі...............................................

ІІ тарау. Б.Майлин әңгімелеріндегі ұлттық сипат

2.1 Ұлттық сипат көріністері Б.Майлин әңгімелерінде..............................

2.2 Жазушы әңгімелеріндегі ұлттық сипатты танытатын тілдік ерекшеліктер....................................................................................................

Қорытынды.....................................................................................................

Пайдаланылған әдебиеттер............................................................................

Кіріспе

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Әдебиеттің көркемөнердің ерекше түрі – сөз өнері ретіндегі ұзақ тарихы: туу көзі, қалыптасу кезеңдері, даму арналарының әрбір ұлттық тума тарихымен, саяси-әлеуметтік өмірімен, тұрмыс-шаруашылық, қоғамдық жағдайларымен тығыз байланыстылығы ұлттық әдебиеттің әрқайсысының өзіндік бітім-болмысы, табиғаты мен тегі, тарихи тағдыры болатындығын көрсетеді. Осылардың таратылып, тиянақталып айтылуы, қарастырылуы – көркемөнердің, оның ішінде әдебиеттің ұлттық сипатына, әдебиеттанудағы тым күрделі әрі маңызды мәселеге келіп тіреледі.

Ұлттық сипатсыз, дәстүрсіз әдебиеттің болуы, өмір сүруі мүмкін емес, ұлттық сипат – әдебиеттің өз стихиясы, даму заңдылығы. Әрбір ұлттық әдебиеттің халық өмірімен бірге жасасып келе жатқан өз жолы мен тарихының әртүрлі қоғамдық, саяси жағдайлардың әсерімен бірге тоқырап, кезеңдік кедергілерге ұшырап отыруы, кейде аршындап алға түсіп, қоғамның даму қарқынынан озық тұруы мүмкін. Бірақ, бір нәрсе анық, әдебиеттің тарихи дамуы стихиялы түрде ұлттық арнада, ұлттық дәстүрдің негізінде ғана жүріп жатады. Көркемөнердің ұлттық сипаты – ұлттың өзімен бірге жасасатын мәңгілік категория. Көркемөнердің ұлттық сипаты – сондай-ақ, сол көркемөнер туындыларының шынайылығы, мәңгілік ғұмырының шарты. Шынайы туынды, реалистік шығарма – қай уақытта да ұлттық. Көркемөнер, әдебиеттің шынайы туындыларының ұлттық болатыны, ал нағыз ұлттық туындының әрқашанда жалпы адамзаттық игілікке айналатыны – өнердің заңдылығы, әдебиет өмірінің шындығы.

Осылайша туындысы адамзаттық игілікке айналған, туындыларында тұтас бір дәуірдің өмір шындығын арқау еткен қарымды жазушы - Бейімбет Майлин. Бейімбеттен қалған қазына – ұлан-байтақ тұтас бір өмір десек артық болмас. Ол дәуір Қазан революциясынан бастап отызыншы жылдарды орталағанға шейінгі ел өмірі. Сол тарихи жаңару дәуіріндегі патриархалдық-рулық философиядағы қазақ шаруасының саяси, рухани өсуі, оның таптық, ұлттық психологиясындағы терең өзгерістер. «Қаламгер дүниетанымы қалыптасқан, орнықты болған сайын, оның өз мақсаты, идеалы үшін күресі табанды, қуатты бола түседі және түрлі идеологиялар ықпалына бұрыла қоймайды» [1.77]

Зерттеу жұмысында – жазушы, қаламгер әңгімелеріндегі ұлттық сипат көрінісі нақтылы туындылармен кең көлемде қарастырылады. Оның жазған әңгімелері – бүкіл халық, зерттегені ел өмірі, адам характері, психологиясы. Бейімбеттің шыншылдығы мен көркемдігі, ұтқыр жинақылығы осы заманғы ең алдыңғы қатарлы әдебиеттің дәрежесінде тұрған сан алуан әңгімелері мен повестері болмаса жиырмасыншы, отызыншы жылдардағы қазақ өмірін көрсетуде біздің әдебиет дәл бүгінгідей мақтана алмас еді. Майлин өмір диалектикасына терең үңіле білген. Көшпелі халықтың санасы мен психологиясындағы өзгерістерді жіті көзбен, көңіл көзімен көріп, шынайы көркемдікпен аша білген. Қаламгер өз шығармаларын жазу барысында қым–қиғаш сюжет, елден ерек кейіпкер іздеп әуреленбейді. Әдеттегі өмірдің өзіндей, айналаңдағы күнде көріп жүрген құбылысты өзіндік шұрайлы да құнарлы тілімен, қарапайым тәсілдерімен тамаша етіп бейнелеп береді. Сол себепті де, оның шығармалары мен ондағы кейіпкерлер адам жанына неғұрлым жақын, күнделікті өмірде өзімізбен араласып бірге жүргендей шынайы, табиғи қасиетке ие болып келеді.

Қайсыбір көркем дүниелері мен әңгімелеріндегі кейіпкерлер суреткерлік шеберлікпен екшеліп, ұлттық бояумен зерделенген бейнелер. Жазушының әрбір шығармасы мен кейіпкерінің жүріс-тұрысы, қимыл-қозғалысы, сөйлеген сөзі мен істеген ісі шыншыл да нанымды бейнеленетіні соншалық, үлкен сүйіспеншілікпен жазылғанына шүбә келтіре алмаймыз. Оның сомдаған кейіпкерлерінің барлығы да – ауыл тұрғындары, сол ауылдан нәр алған жандар. Қаһармандарының мінез-құлқы, сана болмысы ауыл өмірімен ажырамас бірлікте, соған сай қалыптасып дамиды. Көркем туындыларындағы өзіндік қолтаңбасы, лирикалық сыршылдығы мен психологиялық көріністері астарлы юмормен дараланып, өзгешеленіп тұрады.

Көлемі екі-үш беттен аспайтын шағын әңгімелерінің өзінде-ақ, күнделікті тіршілікті көркем түйіндеп, философиялық ой айтуға ұмтылады. Жазушы әңгімелерінің ұлттық болмысын сөз еткенде, кең ауқымды ұлттық менталитеті жағынан жіне ол бейнелеген кейіпкерлер турасында да ауыз толтырып айтуға тұрады. Қаламгер үнемі ізденіс үстінде болды. Өмірдегі әрбір оқиғаларды жіті бақылай отырып, аңқылдаған ақкөңілді де, өз дегенінен қайтпайтын қырсық-қыңырды да, басқа жанға бұрылмайтын өзімшіл тәкаппарды да, түсінігі таяз ақымақты, ашуын сабырға шақыра алмайтын долымен қатар, нағыз адамдық сипаттағы адамды да, т.б бәрін суреттей алды. Әрине, оның шығармаларындағы ортақ тұлға – жайсаң да жазира қасиеттерді бойына жинаған жақсы адам екендігіне дау жоқ. Жазушы кейіпкердің жан-дүние байлығымен қатар, сезім шынайылығына, көңіл тазалығына, мақсат биіктігіне баса назар аударады. Өмірден өз бақытын өздері іздеген, өз бойындағы қайрат-жігерін мұратына жету жолына бағыштаған әр түрлі кәсіп иелері, қой баққан шопан, қорашы, күзетші, ата-қонысымен біте қайнасып кеткен шал-кемпір, т.б. суреттей келе қаламгер олардың бойындағы осы бір саналы қасиеттерді дәл танып қана қоймай, табиғи, шынайы қалпында терең сезімдер арқылы өрнектеп, тәрбие құралына айналдырды. Осы себептен де, оның кез-келген көркем туындысы ұлттық калоритке бай, кез-келген кейіпкері нағыз ұлтжанды болып келеді.

ответил от Surak_zhauap
0 голосов

Жазушы әңгімелерінің ұлттық сипатын зерттеуде көркемөнердің ұлттық сипатының негізгі категориясы – ұлттық мінезге айрықша тоқталдық. Ұлттық мінездің әлемдік, бұрынғы одақтық, қазіргі ұлттық әдебиеттанулардағы ғана емес, өнертану, философия, психология ғылымдарындағы зерттелу тәжірибесіне иек арттық, ұлттық мінез – өйткені, әрбір ұлттың дүниетаным көзқарасымен, философиялық ой-тұжырымдармен, сондай-ақ ұлттық психологияның ұлттық сезім, ұлттық тіл, ұлттық салт-дәстүр, наным-сенім, ұлттық болмыс, тәрбие сынды түрлерімен тығыз байланыстағы ұғым. Сондықтан да Б.Майлин әңгімелеріндегі ұлттық мінезден бөлек ұлттық болмыс, ұлттық салт-дәстүр, ұлттық тәрбие мәселесі талданды. Сонымен бірге жазушының ұлттық сипатты танытудағы көркемдік тәсілдері, стильдік тіл айшығы, тағылымдық, мазмұндық мәндері арнайы сөз етілді.

Қысқасы, Бейімбет Майлин әңгімелеріндегі ұлттық сипат көріністері әр алуан тақырыптағы әңгімелері негізінде қарастырылды.

Алайда, Бейімбет Майлин әңгімелеріндегі ұлттық сипат бұрын-соңды арнайы қарастырылып, зерттеу объектісіне айналмады.

Сондықтан Бейімбет Майлин әңгімелеріндегі ұлттық сипат мәселесін кеңінен қарастыру – зерттеу жұмысының басты нысаны болып табылады.

Зерттеу жұмысының өзектілігі: Б.Майлин әңгімелері бүгінгі таңға дейін біраз зерттеу көзіне айналып келді. Әдебиетте Бейімбет Майлиннің шығармаларын жоғары бағалап, , ақындық, жазушылық, журналистік қырларына зерттеу жүргізген мақалалар мен жарық көрген еңбектер баршылық. Т.Бейісқұловтың құрастыруымен жарық көрген «Би аға» (Б.Майлин туралы естеліктер) еңбегі мен «Дарын даралығы», Т. Нұртазиннің «Бейімбет Майлин творчествосы», Б. Сарбалаевтың «Бейімбет Майлин», Б. Наурызбаевтың «Қазақ прозасындағы Б.Майлиннің прозасы», І. Омаровтың «Бейімбет хақында бірер сөз»аттыеңбектерімен қоса, Т.Ә.Бейісқұловтың «Бейімбет Майлин – сыншыл публицист», С.Байменшенің «Б.Майлиннің белгісіз туындыларының шығармашылық тарихы» атты диссертациялары жарық көрген. Алайда, Бейімбет Майлин әңгімелеріндегі ұлттық сипат мәселесіне тоқталып, ондағы ұлттық мінез бітістері, ұлттық болмыс, салт-cана, дәстүр, ұлттық тәрбие мәселесіне қатысты еңбектердің әдебиеттану ғылымында бола қоймауы – зерттеудің қажеттілігін, яғни, тақырыптың өзекті мәселеге айналғанын көрсетеді. Ең негізгісі, жұмыс тақырыбы – жазушы әңгімелеріндегі ұлттық сипатты танытуымен өзекті, мәнді болып табылады.

Ғылыми жұмысымның мақсаты мен міндеттері: Б.Майлин әңгімелеріндегі ұлттық сипат, кейіпкерлер жүйесіндегі ұлттық мінездің ерекшеліктерін, ұлттық салт-сана мен дәстүр, болмыс, ұлттық тәрбие мәселесін суреттеу, ұлттық сипатты танытудағы тілдік ерекшеліктерді, стиль айшығын айқындап, саралау және қазіргі қазақ прозасынан алатын орны мен жаңашыл сипатын ашу – жұмыстың негізгі ғылыми мақсаты болып табылады. Осындай мақсатқа сай төмендегідей міндеттер белгіленді:

· Б.Майлин әңгімелеріндегі ұлттық сипатты қоғамдық-әлеуметтік жағдайға қатысты қарастыру;

· Б.Майлин әңгімелеріндегі болмыс-бітімін, ұлттық ерекшеліктерін саралау;

· Жазушы әңгімелерінің стилін, ұлттық болмысты танытатын тілідік ерекшеліктерді талдау.

Зерттеу жұмысының нысаны : Зерттеу жұмысының зерттеу нысаны ретінде қаламгердің таңдамалы шығармалар томдығы мен әңгімелер жинағы алынды.

Зерттеу жұмысының дереккөздері: Т.Бейісқұловтың құрастыруымен жарық көрген «Би аға» (Б.Майлин туралы естеліктер) еңбегі мен «Дарын даралығы», Т. Нұртазиннің «Бейімбет Майлин творчествосы», Б. Сарбалаевтың «Бейімбет Майлин», Б. Наурызбаевтың «Қазақ прозасындағы Б.Майлиннің прозасы», І. Омаровтың «Бейімбет хақында бірер сөз»аттыеңбектері, бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген материалдар, сондай-ақ Бейімбет Майлин шығармашылығы жайында жазылған әдебиеттанушы ғалымдардың ой-пікірлері пайдаланылды.

Жұмыстың теориялық және әдіснамалық негіздері.Жазушының көркем дүниелерінің табиғатын ашып, ұлттық сипат көріністерін көрсетуде қазақ әдебиеттануының көрнекті өкілдерінің негізгі ғылыми еңбектері басшылыққа алынды. Атап айтсақ, Ш.Сәтбаеваның «Әдеби байланыстар», И.Х.Ғабдіровтың «О национальном и интернациональном в советском литературе», М.Дүйсеновтың «Әдебиеттегі мазмұн мен форманың бірлігі» еңбектері. Сондай-ақ алыс-жақын шетел ғалымдары, атап айтқанда, М.С.Каган, Д.М.Урнов, Г.В.Гегель, Е.Зингер, В.Г.Белинский, Гоголь, Н.Г.Чернышевскийлердің еңбектеріндегі теориялық пікірлердің де өз мақсатымызға қол жеткізуде үлкен септігін тигізгенін атап өту қажет.

Зерттеу тәсілдері: Зерттеу жұмысы барысында салыстырмалы-типологоялық талдау, сипаттау әдіс-тәсілдері қолданылды.

Зерттеу жұмысының жаңалығы: Б.Майлин әңгімелері осыған дейін біраз зерттеу нысанына айналған тақырып екені белгілі. Біздің бұл еңбегіміздің басқа жұмыстардан айырмашылығы Б.Майлин әңгімелерінің ұлттық сипатын сараптау. Бейімбет Майлин әңгімелеріндегі ұлттық сипат көріністері, яғни, кейіпкерлер жүйесіндегі ұлттық мінез бітістерінің ерекшеліктері, ұлттық болмыс, салт-сана, дәстүр, ұлттық тәрбие мәселесі талданып, ұлттық сипатты танытудағы тілдік ерекшелігі мен стиль айшығы анықталды. Бейімбет Майлин әңгімелеріндегі ұлттық сипатты көрсету зерттеу жұмысының жаңалығы боп саналады.

Жұмыстың құрылымы: Зерттеу жұмысының мазмұны кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Кіріспеде тақырыптың өзектілігі, нысаны, мақсаты мен міндеті сөз болады. Негізгі бөлімде зерттеу жұмысының көтерген мәселелері жан-жақты ашылып, өзекті ойлар қорытынды бөлімдегі соңғы тұжырымдармен жалғасады.

ответил от Surak_zhauap
0 голосов

І тарау. Көркем әдебиеттегі ұлттық сипат мәселесі және Б.Майлин

1. Көркемөнердегі ұлттық сипат мәселесі

Көркем әдебиеттің қастерлі қос қасиетін оның ұлттық және жалпы адамзаттық сипаттары белгілейтіні ақиқат. Көркемөнердің айрықша түрі – әдебиеттің ұлттық және жалпы адамзаттық сипаттарының әдебиет теориясы мен эстетиканың жеке мәселесі, ерекше категориясы тұрғысында қарастырылуының, зерттелу тарихының басқаларға қарағанда кенжелеу болуы – ұлттық сананың қалыптасуына қажетті қоғамдық тарихи жағдайлардың пісіп жетілмеуінен, ұлттың шын мағынасындағы жан-жақты дамыған адамдар қауымдастығы болып тарихи аренаға шығуының адамзат қоғамы басынан өткерген қоғамдық формациялардың кейінгі сатыларында ғана мүмкін болғандығымен, іске асқандығымен байланысты еді. Мәселен құлиеленушілік қоғамда ұлттық сананы былай қойғанда, ұлт сөзінің өзі қазіргі мағынасын толығынан бере алған жоқ.

Көркемөнердің ұлттық сипаты, оның кез-келген түрі мен туындысының ұлт өмірінің тікелей жемісі екендігі, ұлт өмірінің тарихи, табиғи, жағрапиялық басқа да жағдайларымен байланыстылығы ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысынан бергі уақытта ғана айтыла бастады. Қоғамдық-экономикалық формациялардың тарихында феодализмнің іргесінің шайқала бастауы, оған қарсы демократиялық күштердің өршуі, буржуазиялық қатынастардың күшеюі адамзат тарихында Еуропада ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысынан басталса, қоғамдағы белсенді тап буржуазияның көркемөнерде, әдебиетте өз үнін айтуға, өз бейнесін жасауға, өз идеологиясын насихаттауға тырысатындығы, күресетіндігі сөзсіз. Міне, дәл осы тұстан әдебиет теориясы мен эстетиканың тарихында тұңғыш рет әдебиеттің ұлттық сипатына эстетикалық фактор ретінде көңіл бөлу, мән беру басталды.

Әдебиеттің ұлттық сипатын тану мен танытуда Г.В.Гегельдің эстетикалық ой-пікірлерінің маңызы орасан зор болды. Романтиктер өз еңбектерінде көркем шығармашылықтың субъективтік сипатына көбірек мән берсе, Гегель керісінше объективтік сипатты алға тартып отырды. Гегель суреткер шығармашылығын өз уақытының, белгілі бір тарихи жағдайлардың жемісі деп, әділ бағалады, әрбір әдеби туындыны нақты тарихи жағдаймен байланыстырып тануды, танытуды дұрыс деп санады. Ұлы философ: «Әрбір көркем шығарма халқынағ өз уақыты мен ортасына тән және ерекше тарихи, басқа да мақсат-мүдделерге бағынышты»,- деп жазды [1.15-16].

Көркемөнер мен әдебиеттің ұлттық сипатының зерттелу тарихын ХІХ-ХХ ғасырлар көлемінде түгел қамтып қарастырсақ, оның негізінен екі бағытта болғандығы аңғарылады. Оның біріншісі – романитзм бағыты болса, екіншісі – орыстың реалистік әдебиетінің тәжірибесінде қалыптасқан реалистік бағыт болды. Көркемөнер туындыларындағы ұлттық сипаттың шығармашылық пен меңгерілуінің өзі орыстың ХҮІІІ ғасырдың аяғы, ХІХ ғасырдың басын қамтитын реалистік әдебиетінің тәжірибесінде ғана мүмкін болды. Ұлы Пушкин бастаған реализм өкілдері өздерінің көркем шығармаларында ұлттық сипат ерекшеліктеріне, оларды қалың бұқара, көпшілікке арнап жазуға үлкен мән беріп отырды. Реалистік әдебиет өкілдерінің көркем шығармаларындағы ұлттық сипат, халықтық белгі-бедерлерінің өз кезінде әдебиеттану мен эстетикада үлкен резонанс тудырғаны белгілі. Зерттеуші И.А.Рагимова реализм өкілдерінің басты бағыт-бағдары ұлттық болмыс пен шындыққа бет бұруы, тілдің ұлттық бейнелілігін арттыру арқылы оның қалың бұқараға, көпшілікке түсінікті болуын көздеді дей келе: «Пушкин жарқырата көрсеткен, шығармаларында іске асырған орыстың әдеби тілі қарапайым сөздерге, вульгаризмдерге толы болғандықтан да шын мағынасындағы тірі сөйлеу тіліне айналып үлгерді, осының өзі Пушкиннің замандас сыншыларын біраз әлекке түсірген» – деп жазады [5.43].

Реализм өкілдері әдебиеттің сипаты мен мінезі, ерекшеліктері туралы да айтып отырған. Мәселен Гоголь: «Шынайы ұлттық сипат сарафанды суреттеуде емес, халық рухында, ақын тіпті мүлде басқа әлемді өзінің отандастарының ойлауы мен сезінетініндей етіп, солардың көзімен, ұлттық сезімімен қарап жазғанның өзінде ұлт ақыны бола алады», – деп жазады [3.129]. Әрине, әдебиеттің ұлттық сипаты, ерекшелігі жөніндегі бұндай бағалы ой пікірлерді басқа да үлкен суреткерлер, реалист-жазушылар: И.С.Тургенев, И.А.Гончарев, Ф.М.Достаевский, Л.Н.Толстой, Стендаль, Бальзак, Флоберлер айтты.

Ұлы сыншы В.Г.Белинский әдебиет теориясы мен эстетиканың тарихында бірінші рет ұлттық сипаттың әдебиет өміріндегі орнын, мән-маңызын дұрыс тани алды. Өз еңбектерінде әдебиеттің ұлттық сипатына бірнеше қайтара айналып соғып отырған ол: «Ұлттан тыс адам – шын мәніндегі тіршілік иесі емес, дерексіз ұғым ғана» немесе «ұлттық желіден айырылған талант қашанда, көп болсын, аз болсын, бәрібір уақытша өтпелі құбылыс, ол – әуелде жапырақтағанымен, кейіннен топыраққа терең түбірлене алмай қураған ағаш сияқты», сондай-ақ «арнайы айтқанда, адамзаттың ұлттықпен күресі деген бос сөз, шындығында ондай күрес жоқ. Халық өміріндегі прогресс басқа халықпен араласу, алмасулар арқылы болады дегеннің өзінде, ол да ұлттық арнада жасалады. Басқа пргресс жоқ», – деп жазса, бұл айтылғандар – ұлы сыншының әдебиеттің ұлттық сипатына айрықша мән бергеніне дәлел. Одан әрі сыншы: «Кез келген халықтың өмірі өзіне тән түрмен көрінуі үшін, оның өмірі дұрыс әрі халықтық тұрғыдан бейнеленуі тиіс» немесе «Біздің халықтығымыз орыс өмірін бейнелеуден тұрады» – деп, әдебиеттің ұлттығы, халықтығы, шынайылығы деген мәселелерді бірлікте қарастырған [8.317].

В.Г.Белинский сияқты басқа да революционер-демократтар: Чернышевский, Герцен, Добролюбовтар да көркемөнердің ұлттық және жалпы адамзаттық сипаттарының өзара қатынасы және бұлардың көркем туындының мазмұны мен фоормасына қарым-қатынасы деген мәселелерде құнды-құнды ойларын айтты. Н.Г.Чернышевский: «Нағыз роман, повестер жергілікті ерекшелігі бар жағдайды, ұлттық бедерлі кейіпкерлерді айналып өте алмайды. Жергілікті бояусыз және ұлттық әдет-ғұрыпсыз, ойсыз, сондай-ақ кейіпкерлер мінезіндегі ұлттық сипатсыз реализм жоқ, кейіпкерлердің іс-әрекетінен шындық ұғынылмайды. Ал, бұндай шарттарсыз нағыз роман, повестердің дүниеге келуі мүмкін емес,» – деп жазады [2.268].

Қазақ әдебиетіндегі ұлттық сипат мәселесі көбіне басқа халықтар әдебиеттерімен байланыстырыла зерттелді. Ұлттық әдебиеттің басқа ұлттар әдебиетімен байланысы мен қарым-қатынасын салыстыру арқылы ұлттық сипат мәселесі біршама ашылып қалып отыратындығы белгілі. Мәселен Ш.Сәтбаеваның қазақ әдебиетін Еуропа әдебиетімен байланыстыра отырып, нақты көркем шығарма мен мысалдардың негізінде жасалған қорытындылары мен тұжырымдары әдебиеттің ұлттық сипаты мәселесіне қатыстылығымен, осы мәселенің ашылуына көмектесетін құндылығымен ерекшеленеді. Оның: «Ақындар мен жазушылар өз ұлтының өмірін, оның дамуы мен тарихын неғұрлым терең, көркем суреттесе, соғұрлым шығармаларының бүкіл адамзаттық маңызы да арта түседі, туған әдебиетін игі идеалдар, жоғары мақсат-мұраттар, ізгі армандар биігіне көтеру мүмкіндігі молаяды», – дегендері осының дәлелі [10.186]. Зерттеуші С.Тойшыбаева болса, қазақ-қарақалпақ әдебиеттерінің байланыстарын зерттеу барысында: «Әлі де алда тұрған, әлі зерттелмеген талай тың проблемалар бар екендігі даусыз. Ол қазақ пен қарақалпақ ауыз әдебиетінің арасындағы ертеден келе жатқан ежелгі байланысты тереңнен тексеріп зерттеу: қазақ пен қарақалпақ поэзиясы, прозасы, драматургиясының арасындағы туыстық байланыс пен өзіндік ұлттық ерекшеліктерін ашып көрсету: екі ұлт әдебиетінің бір-біріне игілікті әсерін тексеру, қазақ пен қарақалпақ әдебиетіне дүниежүзілік әдебиет пен ұлы орыс әдебиетіінің тигізген игілікті әсері мен екі ел әдебиетін таныстырып, табыстырудағы аударманың ролі және оның сапасын зерттеу проблемалары болып табылады», – деп дұрыс пікірлер түйіндейді[10.102].

ответил от Surak_zhauap
0 голосов
Қазақ әдебиеттануындағы әдебиеттің ұлттық сипатына тікелей арналған іргелі зерттеу – І.Ғабдіровтің «О национальном и интернациональном в советской литературе» делінетін еңбегі. Ғалым бұл еңбегінде атынан-ақ көрініп тұрғанындай өзінің орыс, өзбек, қырғыз, украин т.б. әріптестері сияқты көркемөнердің, әдебиеттің ұлттық сипатын социалистік реализм эстетикасының жеке проблемасы күйінде яғни ұлттықты әдебиеттің көпұлттық (интернациональдық) сипатымен бірлікте алып қарастырады. Социалистік реализм эстетикасының талабына сәйкес көркемөнер мен әдебиеттің ұлттық сипатын зерттеуге арналған еңбектердің ортақ кемшілігі – ұлттық сипаттың көпшілік жағдайда көпұлттық сипатқа бағындырыла қарастырылуын қазір айтуға болатын болса, бұндай кемшілік И.Ғабдіровтің зерттеуіне де ортақ екендігін айтуымыз керек. Дегенмен, қазақ ғалымы көтерген мәселесіне басқа әріптестеріне – украин, орыс, қырғыз т.б. қарағанда әлдеқайда нақты келіп отырады. Себебі, И.Ғабдіров әдебиеттің ұлттық және көпұлттық сипаттарын М.Әуезовтің «Абай жолына» сүйене отырып қарастырған. Аталған еңбекте ғалымның өзіндік ізденісін танытатын ойлары, тың тұжырымдары көп ұшырасады. Ғалым, біріншіден, аталған мәселе төңірегінде өзінің әріптестерімен пікір таласқа түсіп отырады. Ю.Суворцев, Г.Ломидзелермен көркемөнердің ұлттық және көпұлттық сипаттарының арақатынасы, айырмашылығы мен ұқсастық жайттары жөнінде пікір таластыра келіп, ол екеуінің бір емес, бірақ өте жақын құбылыстар екендігін «Абай жолының» мысалдарымен дәлелдеп береді. Сондай-ақ ғалым ұлттық әдебиеттің шынайы туындыларында жалпы адамзаттық, көпұлттық сипаттардың көрінетіндігін, болмай қоймайтындығын «Абай жолының» негізінде өнер заңдылығы деп көрсетеді. Ол сонымен бірге әдебиеттің ұлттық сипатын танытатын негізгі категория ұлттық мінез екендігін де «Абай жолындағы» Абай, Құнанбай бейнелері арқылы тұжырымдай алған. Кейбір зерттеушілер сияқты И.Ғабдіров ұлттық мінез бен ұлттық психологиялық құрылымын бір-біріне қарсы қоймайды, бірақ екеуінің көркемөнер мен әдебиеттің ұлттық сипатын танытатын екі бөлек, бір-біріне өте жақын, бір ыңғайдағы категориялар екендігіне мысалдар келтіреді. Ғалым: «Әуезов шығармашылығының жалпы адамзаттық ерекшелігі әдебиеттің ұлттық, әлеуметтік сипаты арқылы көрінеді де, ұлттық негізге сүйеніліп отыырады, – дей келіп, жалпы адамзаттық сипат, сондай-ақ авторлық тұғырнамадан, ұлттық мінезден, көркем шығарманың идеялық-эстетикалық ерекшеліктерінен көрінеді», – деп жазады [5.37]. Ғалымның: «Әдебиеттің ұлттық сипаты туған табиғат көріністерін, қазақтардың тұрмыстық әдет-ғұрыптарын, әдеби кейіпкерлердің сөйлеу тілі мен стилінен көрінеді», – дегендері де нақты мысалдармен нақты дәлелді айтылған [5.45]. Қысқасы И.Ғабдіровтің еңбегі қазақ әдебиетінің ұлттық және көпұлттық сипаттарын кең көлемде алғаш зерттеген жетістігі мол зерттеу болды.

Қазақ әдебиеттануында әдебиеттің ұлттық сипатын ішінара сөз ететін еңбек – М.Дүйсеновтің «Әдебиеттегі мазмұн мен форманың бірлігі» атты зерттеуі. Ғалым бұл еңбегінде қазақ әдебиеттануында бірінші рет әдебиеттің ұлттық сипатының негізгі категориясы – ұлттық мінез жайын қарастырады, оны әдебиеттің жеке проблемасы ретінде типтік образ жасау мәселесімен бірлікте алып зерттейді. М.Дүйсенов пайымдауында, ой- пікірлерінде ұлттық мінез туралы: «сонымен әр халықтың немесе ұлттың рухани бейнесі мен ұлттық характерінің ерекшеліктерін іздегенде, біз ең алдымен сол халықтар мен ұлттардың ұзақ жылдар бойғы тіршілік өзгешеліктеріне, әлеуметтік-экономикалық жағдайларына т.б. жоғарыда айтылған құбылыстармен байланыстырамыз» немесе «олай болса әрбір ұлт әдебиетіндегі типтік образдар екінші бір ұлт әдебиетіндегі сондай белгілі бір дәуірде өмір сүрген адамдардың типтік образынан айырмасы, өзгешелігі неде жатыр?» дегенде біз ең алдымен, басты шарттардың бірі – тілінде десек, сонымен бірге оның характерінің өзгешелігінде дейміз», – дегендері сияқты айтқандарынан ғалымның бағыт-бағдары дұрыс жолда болғандығы аңғарылады [12.43].
ответил от Surak_zhauap
0 голосов
ІІ тарау. Б.Майлин әңгімелеріндегі ұлттық сипат

2.1. Ұлттық сипат көріністері Б.Майлин әңгімелерінде

Әдеби шығарма – ұлттық тіл мәдениетінінің жемісі, ұлттық дүниетанымның, тарихи-поэтикалық зерденің аясында қалыптасқан, өз ұлтының шығармашыл өкілі болып табылатын қаламгердің туындысы. Сондықтан да ол ең әуелі өзі өкілі саналатын ұлттың рухани бітімін, тіршілік-тынысын бейнелейді. Оған басқалардан гөрі өз ұлтының өмірі, арман-мұңы етене жақын болады. Бұл оның сол табиғи жаратылысындағы өмірді сезіну, түйсіну ерекшеліктеріне байланысты. Қай халықтың әдебиеті болмасын, қоғамдық өмірмен, халықтың тарихымен тығыз байланысты қалыптасады. Сондықтан әдебиетте қоғамдық тәжірибеден туған нақтылы тарихи-әлеуметтік жағдайларға орай сараланған ерекшеліктер, көркемдік дәстүрлер болады. Ондай өзгешеліктерді осы әдебиетте айрықша дамыған жанрлық түрлерден, көркем образдардың ұлттық сипатынан, әдеби, ақындық тілдің бояу-нақыштарынан, тағы сондай ерекшеліктерінен айқын көруге болады.

Әдебиет алдымен ұлттық негізде пайда болып, дәстүрлі түрде одан әрі жалғасады. Кезінде А. С. Пушкин әр халықтың өзіне тән ойлау, сезіну машығы, дәстүр-салты, әдет-ғұрпы болатынын айтқан. Ал В. Г. Белинский болса «Евгений Онегин» алғаш рет өлеңмен жазылған орыстың табиғаты ұлттық поэмасы еді және солай болып қалады» дейді. «Евгений Онегин» поэмасынан ұлы орыс халқының нақты сипатын байқау қиын емес. Әдебиеттегі көркемдік ой-сезім әр халықтың өз көзқарасы тұрғысынан қалыптасады. Бұл жөнінде философ Н.Сәрсенбаев: «Әр ұлттың психикалық түзілісі ұлттық сезім, ұлттық салт, дәстүр және ұлттық мінез-құлық сияқты бір-біріне байланысты, бір-біріне сүйенген компоненттерді қамтиды. Және ұлттық сезімдер мен ұлттық мінез-құлық түрлері ішкі факторлар ретінде, осы ұлт таптарының рухани ерекшеліктері мен қасиеттері ретінде көрінеді, ал ұлттық салт пен дәстүрлер сыртқы факторлар ретінде, қоғамдық пікірлер күші ретінде, осы ұлт өкілдерінің қоғамдық тәртібін бір қалыпқа келтіретін материалданған идеялар ретінде байқалады» - деп пікірін білдірген.

Бейімбет Майлин өз шығармаларында әдеби тілдің әсем үлгісін берген,көркем сөзді төгілте қолданған нұсқалы жазушы. Эстетикалық туынды ретінде көркем сөз қорын байытты.Оның лабораториясы – бүкіл халық, зерттегені – ел өмірі, адамдардың ой-санасы мен мінез-құлқы, психологиясы. Ұлттық психология- белгілі бір ұлт өкілдеріне тән, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратын мінез-құлық пен психологиялық қарекет ерекшеліктері. Ұлттық психология рухани мәдениетте, сезімдерде, әдет-ғұрыпта, тілде, адамгершілік әдептік салада ұлттық мінездің көптеген психологиялық көріністері мен этностық белгілерін қамтиды. Ұлттық мінез- әдеби шығармадағы кейіпкердің ұлттық сипатымен ерекшеленген мінез-бітімі, оның белгілі бір халықтың өкілі екендігін танытатын психологиялық және ойлау, сөйлеу өзгешелігі [16.143].

Ұлттық мінезді әдебиеттану категориясы тұрғысынан арнайы зерттеп жүрген ғалымдарға жүгінсек, Ю.Суворцев: «Ұлттық ерекшелік бәрінен бұрын ұлттық мінезге тәуелді. Өйткені ұлттық мінез – көркемөнердің ұлттық сипатының айқындаушысы», - десе [16.225], Г.В.Брегадзе: «Психологиялық құрылым немесе ұлттық мінез ұлттың әлеуметтік-экономикалық, тарихи өмірінің өнердегі бейнеленуі», - дейді [3.308]. Көптеген ғалымдар көркемөнердің ұлттық сипатын ұлттық сезім, ұлттық психологиясы мен дәстүрі, тілі де таныта алатындығымен санаспай, ұлттық мінез төңірегінде ғана пікірталасқа түсіп келеді. Ұлттық мінез болмысын, қыр-сырын толық тану үшін, әдебиет тарихын түгел қамтуымыз керек. Бұл орайда әдебиет тарихындағы ұлы тұлғалар шығармашылығына түсетін салмақ ауыр. «Ұлттық мінез ұлттың сан ғасырлық, күрделі даму тарихының нәтижесінде біртіндеп, ақырындап қалыптасады», - дейді Г.Ломидзе [20.186]. Оның қалыптасу процесі мінез сапаларының өзара үздіксіз соқтығысуы мен қарама-қарсы күштердің күресі, кейбір мінез қалыптарының жойылып, кейбірінің жаңадан пайда болуы арқылы жүзеге асады. Бұл айтылғандардан шығатын қорытынды: біріншіден, көркемөнердің ұлттық сипатын танытатын негізгі категориясы – ұлттық мінездің өзіндік табиғатын, бітім-болмысын дұрыс түсінуіміз керек, екіншіден, ұлттық мінез сияқты күрделі ұғымның әдебиетте бейнеленуінің қыр-сырына терең бойлауымыз керек. Ұлт мінезінің күнгей жақтары мен көлеңкелі тұстарының болатыны табиғи қасиет және бұндай ерекшелік әдебиет өмірімен дәлелденіп келе жатыр.

Әдеби шығармадағы кейіпкердің ұлттық сипатымен ерекшеленген мінез-бітімі, оның белгілі бір халықтың өкілі екендігін танытатын психологиялық және ойлау, сөйлеу өзгешелігі. Ұлттық мінез саңлақ суреткер тұлғасында, олардың шығармаларындағы әдеби бейнелер табиғатында, әдеби бейнелердің жасалу жолдары мен тәсілдерінде, сондай-ақ сөз бейнелілігінде, сюжет құрамында, жанрлық түрлердің түзілуінде жатады да, халық тарихының әр түрлі кезеңдерінің қоғамдық сипатына байланысты, уақыттың озуы мен заман ағымына сәйкес үнемі өзгеріп отырады. Ұлттық мінез, демек, ұлттық категория болуымен бірге, тарихи категория. Ол қоғамдық, рухани, экономикалық және саяси жағдайларға сәйкес қалыптасады. Дүниені ұлттық түсінікпен қабылдау жолы қай адамға болсын тән қасиет. Өнерде, әдебиетте адам бейнесінде бұл қасиет толық көрініп отырады. Әр халықтың өз эпикалық туындыларын олардың талай замандар ұлт болып қалыптасуынан бөліп қарауға болмайды. Сондықтан шығармада ұлттық сипат болу үшін сол халықтың дүние танымын, психологиясын, әдет-ғұрыптарын білу керек. Бұл жөнінде Н.В.Гоголь: Әр ақын өмірге өз халқының көзқарасымен қарап, әр нәрсені ұлттық психологияға сәйкес құбылыстай сезініп, толғанғанда ғана ұлттық сипатты бейнелеп беруі мүмкін», - деген ой айтады [2.145] Әр кейіпкердің образын ашуда жазушы ұлттық сипат көріністерін меңгерген. Әңгімелерді оқи отыра ұлтқа тән мінез-құлық, ұлттық сана, ұлттық болмыс пен ділді айқын аңғаруға болады, шығармаларының өн бойында қазақ қауымына тән ерекшеліктер тұнып тұр. Майталман суреткер ұлттық кейіпкерлердің тіршілік сыңайын әдет- дағдысын, мінез-психологиясын да қағазға айнытпай, иін қандыра түсіреді. Олармен кездескенде таныстарыңды көргендей боласың. Соларға ұқсас, солардан айнымайтын адамдарды айтып, атап отырасың. «Сексен сом» әңгімесінен мынаны оқып көрсек: «Егеубай ертеңгі шайын ішіп, қора-қопсысын оңдайын деп тысқа шықты. Ноябрь іші болса да қар жаумаған, жер қара. Күзгі қара дауылға қыстың ызғары қосылып, аспандағы сұр бұлтты құйқылжытып, ызғырықтау болып тұрған. Үйден шыққан ыңғайда тесік-тесік болып тұрған лапастан соққан жел Егеубайдың маңдайындағы шайдың шығарған терін жойып жіберді. Қабағын жиырыңқырап лапастың алдында тұрып, ақ сырмақтың үзік бауын байлады. Тысқа шығып бір-екі аттап жүре берем дегенде жапырайған қорасының құлап жатқан бұрышы көзіне шалынды: «Мынаны оңдап тастамасам болмас» деп темір күрегін алып, құлаған шомды үйе бастады. Албарда тұрған көк шолақ ат, күректің тықыры мен Егеубайды танып жем ізденіп оқыранып қойды. «Е, жем керек екен, сен түгіл балаларға да нан жоқ!» деді күбірлеп. Осындағы дала мен үй-жай көрінісі ауыл бейнесін танытса, Егеубайдың әрекеті мен сөздері шынайы қазақ ауылының тұрғынын танытады.[17.28]
ответил от Surak_zhauap
0 голосов
Қаламгер әңгімелерінде ауылдың қарапайым тірлігі, ел тұрмысы, ауыл келбеті, адамдардың жан қиярлық еңбектері, олардың түрлі құбылыстары тартымды суреттеледі. Жалпы, қазақ халқының негізі: түп-тамыры, нәр алар бастауы ауылда жатыр десек, ұлттық құндылықтарға бай ауыл бейнесін жазушы шынайы суреттеген: «Күндізгі күннің салқын кеші еді. Күн ұзаққа соққан өткір жел кешке қарай баяулап, аздап қана салқын лебі бетті сүйіп өткен секілденді. Ауыл ың-жың дыбырлаған адам, кісінеген жылқы, мөңіреген сиыр, маңыраған қой – бәрі қосылып түбектегі жиырма шақты үйді басына көтеріп барады... Әйелдері сиыр сауып, ересектері өрістен келген қойларын бөліп алысып, қыз-келіншектері су тасып сан-сапалақ жүріп жатыр... «Әлдекімдердің «өркенің өспесін, жұлының үзілсін!» деп біреуді қарғағаны, жеті атадан қозғап біреуді боқтағаны, «әже, нан!» деп бір баланың жылағаны- бәрі де осы ауылда... Бәрі де тынық кеште қайнаған ауылдың ішіне сіңіп жатыр...(«Бір адым») [17.215].

«Желдібай Жындыбаев» әңгімесінде: «Ала шабыр бұлты бар. Күнбатыстан ескен қоңыр жел күздің салқынын бетке әкеліп соғады... Арбаға байлаған бұзаулар бүрсиіп төрт аяғын бауырына алып тұрған секілді. Бірен-саран әйелдер, басын доғалдай оратып, тезек теріп жүр. Жаман тұмағы жарбиып, күпісіне оранып, қорбиып кейбір шалдар күншуақта тықылдатып ағаш шауып отыр... [14.241]

Жазушының «Құла ат»әңгімесіндегі жолаушылар келіп түскен үйдің бәйбішесі үйіне қонақ келгенін жақтырмайтын, келсе де бар мінезін көрсетіп шай тамағын беретін кез келген қоғамда бар шаруа әйелі. Бұл әңгімедегі бәйбіше мен ерінің әрекеті, бір-біріне көзқарасы шынайы суреттелген. Әңгімеде жолаушылар шеткі үйге бұрын танымайтын жер болғандықтан сұраусыз кіріп баруға ұялып, атқосшысын рұқсат сұрауға жібереді. Атқосшы байы түссін, қатыны түспесін деген хабар әкеледі. Алайда, қазақ ғұрпында ер адам сөйлегенде әйел заты бір саты төмен тұратындықтан жолаушылар үйге қарай енеді, әңгіме былайша өрбиді: «Төбесі майысып құлауға тұрған лапастан еңкейіп жүріп отырып, шала жабылып саңылауынан жарық көрініп тұрған ескі есікті сықырлатып аштық. Үйдің ішін қаптаған түтін аралас бу бетке жылы дымқыл болып тиді. Кетік қара шөмішпен құлаштап қазан сапырып жатқан үй қожасының қатыны есіктен кірген ыңғайыымызда көзге түсті. Бізге қабағын түйіп, түнеріп бір қарады да, жүресінен отыра кетіп шыпшамен пештің отын көсеп-көсеп қалды. Сұршалау келген, қабағы тікірейген, танауы делдектеу адам екен, қалпында, пішінінде ашу ызғары бар.

-Тентіреп.. келетін болса күндіз келсе қайтеді екен.- деп күңк ете қалды». Одан кейін кішкене қызын сарт еткізіп, бар ашуын содан алды. Жолаушылар үй иесімен әңгіме айтып болған кезде, бәйбіше бөлме жақтан самаурын әкеліп бағанның қасына орнатты. Құманшаны самаурын төбесіндегі кәмперкеге орната бергенде құманша аунап кетіп, ішіндегі шәйі самаурынның оттығына төгілді. Жайнап тұрған шоқ «быж»... етіп, буы, түтіні төбеге шапшыды...

- Адыра қалғыр!.. Қаран қалғыр!..- деп қатын құманшаны ұстап алды.

-Ә, атаңа нәлет...- деді байы:- сен-ақ күйдіріп болдың-ау... кісі де кетер. Үйде оңаша қалармыз...
ответил от Surak_zhauap
0 голосов

Көзін алартып қатынына байы қарады. «Сандалмашы» деген тәрізденіп қабағын түйіп байына қатыны қарады. Екеуінің де көз қарастары ұзамай бір төбелес, жанжалдың барлығын еріксіз сездірді». [20.59-62] Осы әңгімеде сөз болатын «Құла ат» хикаясы қазақ халқының ұлттық болмысын танытады. Ұлттық болмыс – белгілі бір ұлттық қоғамның тұрақты ерекшеліктерін, санасын, қызығушылықтарын, рухани құндылықтарын, ынтасын, әлеуметтік-психологиялық қорғаныс тетіктерін сипаттайтын күрделі түсінік [14.76]. Ұлтымыз әрқашан жылқы малын қадір тұтып, қасиетіне балаған. Келген қонақтарға үй иесі құла ат жөнінде әңгімені былайша өрбітеді: «Құла мал қасиетті келмек дейді. Пайғамбар ғалайсалам кәпірлермен соғысқанда ылғи құла ат мініп шығады екен. Бұрынғының сөзі де онша теріске кетпейді-ау, әкем марқұм құла аттың қасиеті туралы көп сөз айтушы еді, бәрін де ұмытып қалыппын... Баяғыда бір бай болыпты дейді. Жылқысы өте көп болса керек. Бір үйір қасқыр, ішінде бір басшысы бар, күн сайын жеп жылқысын бітіретін болыпты. Бай ашуланып елінің адамын жиып, жүйріктігі ұшқан құспен таласатын аттарын мініп қуыпты дейді. Топ қасқырдың ортасындағы басшысы қашып бара жатқан күйі жанындағыларға: «Қандай ат келеді екен қараңдар!» депті. «Көк ат келеді» - депті жанындағы қасқырлар. Сонда басшы қасқыр тұрып «Көк ат келе жатса, тау мен тасқа қашыңдар, табаны тез тілініп мамырлап қалар» - депті. Тау мен тастың арасымен біраз қашып барған соң, тағы қаратса шұбар ат келе жатқанын айтады. «Шұбар ат болса күннің астына қарай қашыңдар, көзі талып шаба алмас» - депті. Бірсыпыра шапқан соң тағы сұрапты. «Құла ат келе жатыр десіпті». Сонда қасқырдың бастығы тұра қалып: «...болмады. Құла ат келсе құлатар, бәрімізді де сұлатар; енді топтарыңды жазып, не көрсеңдер де бет-бетіңмен көріңдер...» деген екен, - дейді[17.61-62].

Қазақ халқының ғасырлар бойы туындаған, қалыптасып дамыған, қанат жайып қарыштаған өзіндік ерекшелігімен баурап алатын өнері бар. Мәдениеті, сазды ән-күйі, музыкалық әуені, сахналық ойыны сонау ертеден, алыстан бастау алады. Халықтың өзіне тән дәстүр, салт, табиғат берген жаратылысына үндес, сарындас өнердің қанымызға тарап, бойымызға сіңіп, ұлттық болмысымызды паш ететін дүние екендігі белгілі. Бейімбет те заман келбетін, замандас бейнесін жасауда, шабыт пен тебіреніс күйін кешкенде ән әуені мен күй құдіретін шығармасына арқау ете білді.

Халқымыз басына қандай ауыртпалық түссе де, қолына домбыра алып, ел қайғысын өлеңмен жеткізген. Қаламгердің «Естай ауылы» атты әңгімесінде ауыл адамдарының жаппай дертке ұшырап, аз қалуы, жоқшылық халі суреттеледі. Ауылға келген қонақтар аурудан құрып бара жатқан ауылды көріп іштей қиналады. Соны сезген Естай қонақтардың көңілін аулау үшін інісіне өлең айтқызады. Сонда Қасымжан домбырасын әкеліп, зарландырып тартады:

«Көк атым күнде мінсем арымайды,

Көңілім қалайынша налымайды.

Меңдеген дерт бойды алып, еңсе түсіп,

Қанша дару қылсам да дарымайды...»

Қараша үйдің қайғысын, ауылының ауыр күйін домбыра күй қылып сарнап отырған секілді болады. Халық ұғымындағы күй құдіреті, домбыра қасиеті сынды ұлттық болмыс осы әңгімеде көрініс табады [17.204].

«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деген халық даналығына арқау боларлық жазушы әңгімелерінің бірі «Таубай» әңгімесі. Таубай қартайған шағында да домбырасымен, ән айтумен ажыраспаған жан. Бейімбет оны «жасында сауыққой, әнпаз болған сал жігіт» деп таныстырады. Бірақ, кедейшілік қамыты мойнына түспеген, мүгедектікке душар болған Таубай келе-келе ел аралап, ән салуға мұршасы келмей қалған. Бірақ, өнер қуған жас кезінде көп мұраны құлағына құйып алғанға ұқсайды. «Кешкі салқында жадырап отырып қара домбыраны Таубай безілдете бастады. Тартқыш екен, безілдетіп күй салды. «Ақсақ қоян шошыған», «Нар иген», «Қоңырқаз» күйлеріне салғанда адамның бойын шымырлатып жібереді. Отырған орнында қозғалып теңселіп, қолын ілгері-кейінді сілтеп, күйдің ырғағына өзі де түсіп отырады...» - деп Бейімбет оқырманның Таубайға, оның өнеріне ынтықтығын арттырады. Таубай күйші ғана емес, әнші де. Ол ән бастарда әннің қалай шыққанын, оны кім шығарғанын түсіндіріп әңгімелейді. Сондай-ақ жазушы Таубай бейнесі арқылы халқымыздың кеңпейіл, қонақжай қасиетін танытады. Таубай кедей болса да жомарт. Жол жүріп келе жатқан жолаушылардың қонуға ыңғай білдіргенінде ол: - «Байларымыз жайлауда. Мұнда кілең жатақтар отырмыз. Қымыз жоқ, ет жоқ.. бүгін қатын үйде ұн да жоқ деп еді. Әйтсе де үйге жүріңдер, айран-пайран ішерсіңдер, - дейді [20.195].

«Әдет құшағында» атты әңгімеcіндегі мына бір үзіндіде ұлттық болмысқа негіз болатын ұлттық құндылықтар суреттеледі: «Үлкен үй гу-гу әңгіме: киіз қарпып жатқан қыз, келіншек, епті бозбалалар, жан-жағын бүргіштеп тіккен ере киізді он бес, жиырма адам ортаға алып, төселген шидің үстіне тізерлеп отырып қолдан-қолға жүгіртіп жатыр. Біресе киізді шыркөбелек айналдырады; біресе жоғары көтеріп шиге әкеліп ұрады. Ыстық сумен пісіріп тастаған жас киізден бу бұрқырап шығып жатыр» [20.122]. Сондай-ақ ұлттық болмысымызға тән жаңа іске бата беріп, ақ жол тілеу ежелден халқымызда сақталған ғұрып. Жазушының «Бір адым»әңгімесіндегі Нұрғали мұғалімнің оқу-білімге өзінің артынан жастарды ерткеніне Қыстаубай молда былайша бата береді: «Заман бұзылған жоқ, түзелген заман мұғалімді де түзетеді. Мұғалім түзелген соң елдің жасын түзеді. Жастарды өзіне ертті. Картаны қойдырды. Ішімдікті тыйды. Жастарды іске үйретті, адамшылыққа баулыды... Мына мектебіміз бүгін салынып бітіп отыр. Салушы жастар ғой, бірақ сол жастарды баулып, игі жұмысты бітіріп отырған – осы мұғалім. Мен бұған шын көңілімнен алғыс айтамын! Өркенің өссін, ісің жемісті болсын! – деп батамды берем! – деді [20.231].

ответил от Surak_zhauap
0 голосов

1923 жылы жазылған жазылған «Талақ» атты әңгімесінде автор ерлі-зайыпты Айдарбек пен Зейнептің тату-тәтті отбасын болмашы нәрседен бұзыла жаздағанын, алайда екеуінің өз арасындағы сыйластық, сүйіспеншілік сезімдері ескі наныммен, діни ұғыммен іштей арпалысып күресу нәтижесінде ақыры қайта табысқанын суреттейді. Болмашы нәрсеге ренжіген айдарбек ашу үстінде Зейнепке: «- Мен сенен талақ» - дейді. Зейнепке таяқтан да қатты батқан осы «талақ» деген жаман сөз. Оның бала кезден білетіні, естігені: «неке – ерлі-зайыпты адамның тұрмысы, бірін-бірі сүймеген екі адамды неке сүйдіреді. Неке – махаббат жібі, ерлі-зайыпты адам қаншама бірін-бірі көрместік болып араздасса да, неке тұрған жерде махаббат үзілмейді. Ал, ерлі-зайыпты адамның жиренішті тұрмысына дәнекер болып тұрғанжіпті үзетін бір нәрсе бар, - ол – талақ...» Міне, Зейнепті осы ойлар қатты қинайды, Айдарбектен шынымен-ақ айырылып қаламын ба деп өкінеді, бір жетіден бері одан жеген таяқ та, есіткен сөздері де ұмытылды, бойын тітіркендіріп, тікенектей қадалып тұрған жалғыз сөз – талақ. Ашу үстінде мән бермей айтып қалған Айдарбек те кейінірек есін жиып, өз сөзінен өзі шошиды. Оның ойынша, бұл – кешірілмес қате. Шариғаттың бұйрығын істеймін десе, айдарбек қатынын екінші біреуге қосып, ол адам талақ қылғанның артынан үш айдан кейін барып неке қиып алу керек. Олай қылмаса некесіз қатын ұстаған болады. «Некесіз қатынның үйінің асы арам» деп шолақ молда екі күннің бірінде қақсайды». Бірақ жастай сүйіп қосылған Зейнебін Айдарбек қалай қисын біреуге? Осы ойлар оны да қатты қинайды. Ондай ой ұшынан шыға алмаған Айдарбек Зейнепсіз маған шариғаттың қажеті не? деген ойға келеді де: – Шариғаты құрысын, қатынымнан айырылмаймын..»[19.56] деп түйеді ойын. Сырт қарағанда осы бір шағын ғана әңгімеде алып-жұлып бара жатқан тартыс желісі жоқ тәрізді, мынау ұнамды, мынау ұнамсыз деп тізбектеп жататын кейіпкерлер саны да көп емес. Әңгімеге Айдарбек пен Зейнеп екеуінен басқа олардың қызы Күләмза ғана қатысады. Әке-шешесі болар-болмас нәрсеге ренжіп қалса, ол да ренжиді, бүк түсіп ұйықтап қалады да, ал егер олар татуласып жайдары отырса, Күләмза да қуанады, шексіз бақытты адамдай көңілі тасиды. Мұның бәрі өмірде болатын, жиі ұшырайтын екінің бірінде кездесетін ақиқат жайлар. Алайда әңгімедегі оқиғаның идеялық мазмұнына тереңірек үңіле қараған адамға оның үлкен философиялық, тәрбиелік мәні бар екендігін түсіну қиынға соқпайды. Біріншіден, әңгімеде автор «талақ» деген ұғым жайындағы шариғат «сырын» әшкерелейді, ескі наным, діни ұғымды ирония арқылы шенейді, ескілік шырмауынан арылыңдар дегендей үгіт айтады. Екіншіден, ұлттық тәлім-тәрбие негізін дұрыс қалыптастыруға ой тастайды. Баланы тәрбиелеу үшін отбасындағы ата-ананың атқаратын рөлі, олардың өз бастарының үлгі-өнегесі бала жүрегіне қаншалықты әсер ететіндігі аңғарылып отырады.

Б.Майлин әңгімелерінде қазақи болмысты көрсетудің басты құралдарының бірі – жеңіл юмор мен сатиралық мінездеулерінде жатыр. Юморға негізінен тазалық пен туралықтың, игілік пен ізгіліктің қадірін білетін, адамгершілігі, қайырымы мол адамдар бейіи болады. Жалпы ел-жұрт, қоғам атаулының қамын олйаған қамқорлар ғана ненің дұрыс, ненің теріс екенін тап басып тануға ақыл-парасаты жететіндер ғана барады. Сондай-ақ, өз қадір-қасиетін бағалай отырып, өз бойындағы әлсіздіктерді, күлкілі мінез-міндерді көре білетін, соларға сын көзбен қарап, өзін-өзі сынай алатын, соған өресі жететіндер, кемшілік атаулыны, тіпті, ұсақ, түкке тұрғысыз ұнамсыз нәрселерді байқағыш, ондайға төзбес адамдар ғана бара алады.

Бұл ұғымдардың жалпы табиғаты мен көркемдік қызметі жайында бірнеше еңбек жазған, профессор Т.Қожакеев бұларға мынадай сипаттама береді: «Сатирада ащы кекесін, күлкі ету, мазақ қылу, жоққа шығару, үкім айту, адам қиналысын аңлау, адам жүрегінің түкпіріне үңілу, көңілділік пен күрсініс, т.б. тоғысып жатады. Ал, юмор – өмірдегі күлкілі болмыс, құбылыс, факті, оқиғаларға эстетикалық қатыстың бір түрі. Өмірдегі жағымды нәрселер мен құбылыстардың «әттеген-ай» дегізетін әлсіз, жөнсіз жағын жеңіл күлкі, әзіл-оспақпен көңілді, іш тарта тәлкек етудің, бағалаудың түрін юмор дейді. Ол құр күлу үшін ғана емес, белгілі бір құбылысты жақсырақ көру, бағалау үшін пайдаланылады» [13.45 ].

Осы юмор арқылы автор күнделікті өмірдегі адамдар арасындағы қарым-қатынастар арқылы көрінетін кейбір мінездерді, арамызда көлбең етіп көрініп қалатын жаман қасиеттерді, бейпіл сөзге әдеттеніп кеткен рабайсыз қылықтарды сөз қылады. «Юмор – туралықты айтудан тайынбайтын, қорқақтыққа, жасқаншақтыққа бой алдырмайтын, дертті түйреп тастайтын адамдардың құралы. Жалтақтық – юмор атаулының жауы. Юмор – үлкен рухани, идеялық күштіліктің белгісі. Ол – келеңсіз көріністерді көре отырып, тепсінбей қалмайтын, онымен ымыраға келмейтін принципшіл, әділ адамдардың үлесі [11. 68], - дейді юмор поэтикасы жайлы еңбегінде А.Мұсаев.

Б.Майлиннің өлтіре сынға алған кейіпкерлерінің бірі Желдібай Жындыбаев. Автор күле отырып, оқушысын да күлдіре отырып нанымды бейне жасаған. Құрғақ баяндау емес, оқиғалы сюжеттермен, шрихтармен кейіпкерінің жағымсыз қылығын аша түсу үшін бірнеше рет онымен кездесіреді. Басқа адамдардың аузымен оны мысқылдап, өткір тілін түйреп-түйреп алады.

Желдібай Жындыбаев бай да, би де емес, кәдімгі кедейлердің бірі. Бірақ, ол мақтануды жақсы көретін белсендісымақтың бірі. Әңгімені оқығанда кейіпкердің атын ойдан алғанмен сол кезде мақтаншақ, есерсоқ пысықсымақтар аз болмаған шығар деп ойлайсың. Ал Жындыбаев солардың жиынтық бейнесі, типтік образы.

Көзі күлім-күлім қаққан желдібай Жындыбаевтың «екпіні тау құлатқандай», «атқа қоқилана отырып» екпінімен тебініп қалғанда, торы аты ыршып түседі. Ол губерниялық «өкілдің қолын ұстап, қысып-қысып қойғанда... сындырып жібере жаздайды, оған: «талай тығыз науқандарды да дүрілдетіп орындап шыққан көкеңмін» деп мақтанады. Жолда кездескен бір ақсақалдың:

- Апырым-ай, шырағым, тым қатты жүреді екенсің-ау, - дегеніне қара құлақшынын желкесіне итеріп қойып, жымың-жымың етіп, ожырая қарайды.

- Ай, отағасы, надандық-ау, жұмыстың жайын білмейсің ғой. Мен қызу науқанмен келем. Мен Жындыбаевпын. «Товарыш Жындыбаев», - десең осы елдің баласына шейін біледі», - деп көпіреді.

Ол ауылдағы ауылнайды «бала екенсің ғой» деп кекетеді, ат бермеген, айтқанын орындамаған адамдардың губерния өкілі берген мандатты желеу етіп, протокол жасап, отыртам деп зәре-құтын кетіреді. Тамақ пен арақ қуып, ақыры ешқандай іс тындырмайды. Қорқып-үркіп қалған қараңғы ел ауыз ашып сөз айта алмайды. Бірақ, әркім әр қалай оны жынды екендігін түсінеді. Губерния өкілі ішінен «апырым-ай, мына шіркін, елге барғанда қайтеді? – десе, жолда кездескен шал «толып жатқан жындының бірі екен деп» ойлап кете береді. Оның мәжілісте сөйлеген сөзіне түсінбеген жұрт – «Жындыбаев» десе, Жындыбаев екен!...» деп бір біріне қарап күңкілдеседі[17.239].

ответил от Surak_zhauap
0 голосов

Қолына берілген мандат желігін онан сайын қоздырған Желдібай жындыбаев менмендігі көп, масаттануға құмар, қолына билік тисе жұртқа осқырына, қоқилана қарайтын, ешкімге рахым ете білмейтін, не қолынан іс келмейтін бос кеуде, сылдыр сөзді кейіпте суреттеледі.

Жазушы әңгімелеріндегі байлардың өзіне лайық Кемелбай, Қарынбай, Қауқынбай, Тәңірберген, Жайлыбай, Сырлыбай, Байқасқа, Қарықбол деген аттар қоюда сықақтық сипат бар. Ал кедей кейіпкерлеріне Айранбай, Талқанбай, Бұқабай, Түйебай, Бұзаубақ, Құрымбай, Тұтқыш, Ұлтарақ сияқты есімдерді беруі, біріншіден, жеңіл күлкі үйіреді, екіншіден, сіңірі шыққан малшы, жалшыдардың кедейлігін көрсететін тәрізді. Бірақ, олардың бәрі бір-біріне ұқсамайтын дара сипаттармен беріледі.

2.2. Жазушы әңгімелеріндегі ұлттық сипатты танытатын тілдік ерекшеліктер

«Көркем әдебиет не? Ол жазушының көркем фантазиясы арқылы еленіп шыққан тұрмыс шындығы. Жазушылық електен өтпеген тұрмыс шындығы әдебиет шындығы емес. Тұрмыс шындығын елей білмеген кісі жинаған материалдарын меңгеріп, көркем бояу бере білмеген кісі жазушы емес.

Жазушылық әрі талант, әрі профессия, талантсыз кісі жазушы бола алмайды, бірақ жазушылықты профессияға айналдырмаған талант өркендемейді. Жұмыскерлік, оқытушылық, ғылым иесі болушылық профессиясы сол жүйені көп зерттеуді тілесе, жұмыскер де, мұғалім де көп еңбек сіңіру арқылы профессионал болса, жазушылық профессиясы да сондай» [13.105] – дейді үлкен жазушы Сәбит Мұқанов «Жазушылық лабораториясы туралы» атты мақаласында.

Осы тұрғыда, замана келбеті мен адамды өз елегінен өткізіп, философиялық толғам жасайтын мұндай шығармаларда негізгі екпін кейіпкердің ішкі халі мен рухани тебіренісіне түседі де, осы себепті, бұндай сипат иеленген көркем туындыларды талдауды реалистік проза үлгілеріне қолданатын қалыптасқан әдіс-тәсілдердің барлығын бірдей қажетіңе жарата алмайсың. С.Мұқанов былай деп еді: «Майлыұлы Бейімбеттің өз алдына өзгеше стилі бар. Оның стилінде ашық түсінік, ойлаулы сөз, дәлдік ұғым бар. Ол сөздің жаңа жазба түрде сұлулығын көп қумайды. Оның тілі түсінуге жеңіл, қара шаруаның тілі, кедейдің, батырақтың тілі. Бейімбеттегі шеберлік кедейдің тілін біледі» [9.35]

Ғалым З.Қабдолов: «Жер бетінде қаншама жазушы болса, сонша машық, әрқайсысының өзіне тән жазу мәнері, сөз өрнегі болуға тиіс, болмаса, соған талпыну керек. Өйткені, өзінің шығармашылық бетін белгілей алмаған, суреткерлік қолтаңбасын айқындай алмаған қаламгерді нұсқалы жазушы деу қиын», - дейді [6.92]. Олай болатын болса, Бейімбет Майлин өз шығармаларында әдеби тілдің әсем үлгісін берген, көркем сөзді төгіле қолданған нұсқалы жазушы. Эстетикалық туынды ретінде көркем сөз қорын байытты. Жазушының әңгімелері мол: «Ұлбосын», «Сары ала тон», «Сот алдында», «Әліштің пырағы», «Қызыл әскердің үйі», «Арыстанбайдың Мұқышы», « Сары май» т.б. Жазушы бұл туындыларында тақырыпты дараламай көп қырлы өмірдің басқа салаларына да ықпал жасарлық жаңа қадам түрінде суреттейді. Оқушы қат-қабат күрделі өмірді көреді. Жетіліп туған шығармаларында өзіндік кескін-кейпімен, қимыл-әрекетімен, мінезімен, жаңа құбылысымен дараланған характерлерді бейнелеу барысында ұлттық сипатпен астарласып жатады:

1. Кейіпкерлер сөзі қарапайым, табиғи іс-әрекеттеріне сай келеді. «Мені бүлдірген ашу ғой, – деді Әміржан күрсініп. – Мінезім де шатақтау, жоқ нәрсеге кіділенем. Бірақ, ұстаған жолымнан тайған емеспін. Мақтанып-ақ айтайын: «Сен осындай босаңдық істедің», – деп ешкім кіналап көрген емес... «Партияның шын ұлы болсам!» – деген тілектен басқаңды білмедім». – Бұл Әміржанның сөзі.[20.435]

«Қақпалама, жолдас, неге қақпалайсың? Мен айтсам – мұңымды айтам. Мұңымды айтуға еріктімін.. Мына газет не деп отыр? Оқышы!» – деген Дайрабайдың сөзінде өзіне тән өктемшілік үнмен қатар қарапайымдылық та жатыр. [20.405]

Кейіпкерлер тілінде қарапайым күнделікті ауызекі сөйлеу тіліндегі сөздерді қолдана отырып, әрі кейіпкер бейнесін ашады, әрі тек ұлт тілінде қолданатын сөздерді пайдаланады: «Боқ жеген күшіктің айтып отырған сөзін!» [218], «Шық, иттің баласы, шық деген соң! – деп таяғына жармасты [212], «Ит-ау, кеше ұрысқанда сақалың сапсиып не бетіңмен барасың, - деген жоқ па едің? Енді бүгін екінші түрлі ғып үлгртіпсің ғой...» [17.261].

«Алжыған қақбас! Пайғамбардың жасына келіп отырып не деп ұрлық қылдың? Баяғыдан бері дәм-тұзымды татып келіп, құдайдан, аруақтан қорықсаң қайтетін еді? – деп бәйбіше шаптығып сала берді [17.257]. Бәйбіше сөзіндегі пайғамбар жасы, құдайдан, аруақтан қорқу сынды сөздер жазушы тілінің ұлттық сипатын танытады.

2. Ой тереңдігін, сезім сұлулығын білдіретін ұтымды, қанатты сөздер де Бейімбет туындыларының көркі әрі ұлттық сипат белгілері болып табылады. Олар – нақыл, астарлы боп келеді. Астарында асыл маржандай ақыл-ой жатады. «Әміржанның әңгімесіндегі» – «Пысыққа, ақсақалға арқа сүйемей, ұры өріс ала алар ма?» деген сөздерінде қанаттылық ой жатыр.[8.435]

«...Бұл еңбек заманы. Үлде мен бүлдеге оранып отыратын байдың қызы емеспін. Жаман күйеуге тиіп уайым шеккенше, жалғыз жүріп, ойнап-күліп өмір өткізгенім артық емес пе?, – деді Ұлбосын[14.377]. Ойлы сөз, ойда қалатын сөз. Болыс болған Күлтайдың тоқалы кетіп, арыз айтып келген байға былай дейтіні бар: « – Жақсы, үйіңізге барыңыз. Тоқалың кетсе, әйелге бостандық. Малайың алса бірін-бірі ұнатқан шығар. Бұйым әкетсе, атыңды мініп кетсе, саған сіңген еңбегі бар. Бірақ, қате істеген екен, сот арқылы еншілерін түгел алу керек еді»[14.147]. Мұнда да мақалдап, батыра сөйлеудің қисындары жатыр. Осындай ұтқыр тіркестер, жатық сөздер, ой тереңдігі көркем бейне жасап, тартымды мазмұнымен астарласып жатады.

3. Қаламгердің халық қазынасындағы мақал-мәтелдерді мейлінше қолданғандығы. «Сары ала тон» әңгімесіндегі Сейпен байдың мыңғырып жатқан малын, шіріп жатқан байлығын мысқылдап, жиренішті етіп көрсету үшін қаламгер «Не деген батпан құйрық, тегіннен тегін жатқан құйрық» деген ел аузында айтылатын мәтел боп кеткен сөзді алады. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», «Топалаң кезінде той» деген мақал-мәтелдермен ол байдың күйреген күйін одан сайын түйреген. Дайрабайдың мінез-құлқын, бейнесін «Бүліктің басы бурылдан» деген мақалмен-ақ жеткізіп тұрғандай. Осындай өз жүйесімен, орнымен қолданылған «Жаман адамды асырасаң, аузы-мұрныңды қан қылар», «Ауыздан шыққан түкірік, қайтып жұтсаң мәкірүк», «Қатын бастаған ел қараң қалады», «У ішсең ұлтыңмен», «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді», «Жасты көргеніңде қартайғаның есіңе түседі», «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала», «Бағы ашылатын қыз күйеуіне жылап барады», «Өгізге туған күн – бұзауға да туады», «Заманың түлкі болса, тазы болып шал», «Жүйелі қарғыс жүйесін табар, жүйесіз қарғыс иесін табар» [255], «Еңбектенсең емерсің» [257], «Алтау ала болса, ауыздағы кетер», «Ит ашуын тырнадан», «Борыш көркі төлеуде» [259] сияқты мақал-мәтелдер шығармалардың тілін көріктендіре түскен.

ответил от Surak_zhauap
0 голосов

1. Қаламгер кейбір сөздің өзін әр туындысында жиі қолданғанымен, түрлі теңеулер мен метафоралармен ерекшелігін айқындап, ажырата алатындай етіп суреттейді. Мәселен автор адамның келбет-кейпін, түр-тұрпатын, мінезін, тіпті сыртқы-ішкі күй-жайын бергенде «қара» деген сөзді әңгімелерінде жиі қолданады. Ол көптеген кейіпкерлерін өң жүзіне қарай «қара» кісі деп көрсетеді. Бірақ, олар қара болғанмен, бір-біріне ұқсамайды. «Қара» деген сөзді кейіпкерлердің өз ерекшеліктеріне орай үстеме теңеулермен айшықтай түседі. Өңі қара болғанмен кейіпкерлердің бір-біріне тарпаған мінез-құлықтары, қасиеттері, әрекеттері, сырт пішінің басқа да өзгешеліктері белгілі боп көрінеді. Кейіпкерлерін бір-бірінен ажырату қиынға соқпайды. «Сары ала тон» әңгімесіндегі Сейпен байдың пысығы Қожан «қырықпа сақалды қара кісі» делінеді. «Қанды кек» әңгімесіндегі «сирек сақалды, жалақ қара кісі» Жарықбас қарт та, «Жуан қара кісі» Ыбыращ байдың досы Тасберген. Осы екі адамның алдыңғысынан кедей кейпін көреміз де, екіншісінде «жуан» деген сөзден байды айтып отырғанын аңғарамыз. Сонда «қара» сөзіне қосылған анықтауыштар екі түрлі мән беріп, екі бейнені көз алдыңа әкеліп тұр.

2. Кейіпкер портретін суреттеу Бейімбет әңгімелерінде жиі кездеседі. Ол адамның сырт келбеті мен мінез-құлқын юмормен суреттеуі жазушы тілінің ұлттық сипатын танытады. «Тіл байлығын теру, сөз қорын молайту бір бар да, сол бай тіл мен мол сөзді әдеби шығармада суреткерлік шеберлікпен қолдану бір бар», - деген З.Қабдолов. Дарынды қаламгер туындыларынан осындай суреткерлік шеберліктің озық үлгісін көреміз. Ол ана тілінің айдынында өзін судағы балықтай еркін сезінеді. Еңбексіз тапқан мал – дәулетке семірген жатып ішер бай, бәйбішені суреттегенде, Бейімбет олардың сыртқы тұлғасын жалпылай алып, екінші бір нәрсеге ұлғайта теңеп сықақ етеді. «Желі басында обадай боп Сержан бай тұр. Күртеше шапанды қусырып, түймесін салайын десе де, онысы тырсылдап жетпейді. Қарнының ересен жуандығы сонда ғана есіне түскендей боп, сипап-сипап қояды». («Берен»)[12.113].

3. Ол белгілі бір оқиғаны баяндау үстінде шегініс жасап, кейіпкерлерінің көрген түсін суреттеп кетеді. Ғажап түске сену ертеден келе жатқан фольклорлық мотив болғанымен жазушы оны кейіпкерлердің реалистік болмысымен, оның психологиялық күйінен, бір нәрседен қауіптеніп, қорқуынан, не бір жайды ойланып-толғануынан шығарады, сондай түс көрудің шындық өмірмен ұштастығын дәлелдейді. Түс көру эпизоды «Қырмызы», «Күлпаш», «Әже», «Қадір түнгі керемет», «Сары ала тон» әңгімелеріне шебер енгізілген. Оқиғаға жанасты суреттелетін түс кейіпкердің характерін ашуға септігін тигізеді. «Әжеде» Зылиха үйден кететін түні Қарымсақтың түсі қандай қорқынышты болса, оның өңінде кездестірген оқиғасы да сондай ренішті, ауыр. «Злиханы өзіне қарап таста берем дегенде, әлдекім арт жағынан келіп итеріп жіьергендей болады... Қарымсақ жардан омақата құлап, басын көтеріп алса, иреңдеген біреу Зылиханы қолынан ұстап, дедектетіп әкетіп барады!.. Әлдеқайдан Ұлпаның «Әже!» - деген ойбайы, Бақыттың мамалаған жылауы естілгендей болады... Қарымсақ күйіп кетіп, ойбайды салды: - «Зылиха, Зылиха!». Өз даусынан өзі шошып оянды. Бұл түсі екен». Қарымсақтың осы түсі бұлжымай келеді, айнымаған шындыққа айналады.

4. Кейіпкердің атын затына лайық қою Бейімбет шығармаларынан да ұшырасады. Ол мұндай атты сықақ етілетін кейіпкеріне қойғанда, қазақ тұрмысына келісті етіп алады. Белденбоқ молда, Итаяқ би, Тасболат сопылар ескі ауылдың рухани қанаушылары болса, Боқбасар, Қордабай, Ордабай, Шермек, Борсықбаев, Бұқабаевтар жуан, шонжар, атқамінер «ел жақсылары» болып атанғандар. Асыра сілтеуші, оспадар өкіл Талтаңбай, Желдірбай Жындыбаевтар бұл топты толықтыра түседі. Момын, қарапайым еңбек адамына әзіл лебі байқалатын ат қояды: Айранбай, Талқанбай, Тышқанбай, Тымақбай, Тұтқыш.

5. Бейнелі сөздер – жалпы алғанда әдебиетке бір суреткердің не әдебиеттің бүтін бір дәуірінің қосқан үлесі емес, халықтың сан ғасырлар бойындағы тұрмыс-тіршілігінің, әдет-ғұрыптарының негізінде туып, ұлттық санаға әбден сіңісті болған, ұлттық психологиясы мен ойлау жүйесіне сай келетін көркем мазмұн. Бейнелі сөздер көркем мазмұн ретінде әдебиетіміздің тарихын тұтас қамтитын барынша ұлттық категория болып саналатындықтан, әдебиеттің ең басты белгісі – ұлттық сипатын бәрінен бұрын танытады, көрсетеді. Өйткені белгілі бір халықтың көркем әдебиеті басқа халықтар әдебиетінен, ең алдымен, өзінің образдар жүйесімен, сөз бейнелеу тәсілдерімен ерекшеленеді. Әдебиеттегі образдар жүйесі мен сөз бейнелеу тәсілдері – ұлттық характердің ең басты көрсеткіштері. Бұларсыз ешбір ұлт әдебиеті өмір сүре алмайды. Көркем әдебиет үшін, әсіресе, ұлттық тәсілдің маңызы зор. Құрылыс материалы жоқ жерде әдебиет те жоқ. Демек, тіл – әдебиеттің құрылыс материалы: ол – әдебиет өсіп-өнетін топырақ, ол – тыныстайтын ауа. Әдебиетіміздегі бейнелі сөздер тіліміздегі тұрақты сөз тіркестері сияқты басқа ұлт тілдеріне аударылмайды, аударған жағдайда толық мағынасын сақтауы, беруі өте қиын. Жазушы әңгімелерінде мынадай тұрақты тіркестер кездеседі: «Аласа тар жерүйдің іші ит байласа тұрғысыз, есігінен, терезесінен жел азынап, үйдің ішіне қырауытып кеткен» [20.206], «Дәмештің жүрегі мұздай боп, тұла бойы қалтырап қоя берді», «»Қасен сені сүйеді»» дегенде жүрегім аттай тулады»[20.213], «Ақша сұрап дігірлеген «бәнкешіні» ит етінен жек көрді» [14.223], «Міне, бұл мәселелер мұғалімдердің бес саусағындай біліп отыратын мәселелер» [14.227], «Ауылдың қарасы үзілген кезде, Желдібай артына бұрылып қарап тепектеп шауып келе жатқан орта жасты кісіні көрді» [20.240], «Қасеннің қасы мен қабағына қара» [14.211]. Әдебиетші М.Базарбаев чукот жазушысы Юрий Ратхэудің ақ қағазды жастанып, қабырға газетін шығарып жатқан адамдарды сеңге шығып, теңкиіп-теңкиіп қалған тюлендерге теңегенін жазады. Құбылысты, бейнені тюлень арқылы көрсету, мәселен, қазақ әдебиетінде жоқ. М.Базарбаевта орыс поэзиясында емен алып күштің, қайың тазалықтың, махаббаттың белгісі ретінде, ал қазақтарда сексеуіл қаттылықтың, тал шыбық нәзіктіктің баламасы күйінде келетіні де айтылған.


ответил от Surak_zhauap
0 голосов
Көркем әдебиеттің ұлттық сипатын сөз бейнелілігі арқылы дәлелдегенде көне ауыз әдебиеті үлгілерін, жазба әдебиетіміздің классикалық туындыларын, сондай-ақ бүгінгі өмірін түгел қамтып отырғанда ғана көп сырдың басы ашылмақ. Академик З.Ахметов: «Халықтың көркем ойлау жүйесіндегі оның өмір тәжірибесі негізінде қалыптасқан сезім-әсер байлығы, өзіндік сипат өзгешеліктер әдебиетте, поэзияда көркемдік ассоциация жасалуына тірек болады», – деп жазса, поэзиядағы көркемдік ассоциация сөз бейнелілігі арқылы ғана іске асады. Көркем әдебиетке тән барша асыл қасиет сөзден, әдеби бейнеден көрінетін болса, бұлар да бейнелі сөздер өмір сүре алмас еді.

Әдеби бейне жасаудың бірден-бір ұлттық тәсілі теңеулер жүйесі әдебиетіміздің негізгі қасиетін – ұлттық сипатын тану мен танытуда үлкен қызмет атқарады. Әдебиет теориясының білікті мамандарының бірі Н.А.Гуляев: «Ұлттық сипаттың айқын белгісі – ақындық тіл. Оның қызметі сан қырлы, байлығына баға жетпейді. Ұлттық колорит ұлт өмірінен алынған теңеулер жүйесі арқылы жақсы беріледі» [2.52], – деп жазса, бұның өзі теңеудің қай халықтың әдебиеті болмасын бірдей қызмет атқаратынына көз жеткізумен қатар, әрбір ұлттық әдебиеттің өзіне ғана тән ерекшелігін жоққа шығармайтын дәстүрлі тәсіл екенін көрсетеді. Дәл осы тұстан теңеулер арқылы жасалатын бейнелердің ұлттық психологияға, ойлауға барынша сәйкес болып келетіні сияқты сырлар аңғарылады. Әдебиет теориясын толғайтын еңбектердің бірінде: «Мәселен, грузин әдебиетінде кейіпкерді тауға, ал беларустарда алып еменге теңестіру тән», – деп жазылатыны содан. Ұлттық сипатты танытатын Б.Майлин әңгімелеріндегі теңеулер: «Жалғыз Шырынкүл байының бас жағында, қазықтайбоп қақиып тізерлеп отыр» [21.207], «Қаныш бәйбіше жыландай ысқырып, «тұқымы жарымаған, қаңғырған!» деп сөккенде, адамның сай-сүйегін сырқырататын болды, «Ә дегенше болмай торы аттың үсті термен ақ сабындай болып көпірді» [21.240], «Шоққа қойылған құманша толған қозыдай бүйірленіп, сақылдап қайнап, шайдың иісін мұрынға кіргізіп барады» [20.242], «Көк кітаптың ішіндегі баданадай әріптер қазақ елінің қараңғы түкпірінен оқушы тапқанына мәз болып, жымыңдап күліп тұрған секілді... [14.264].
ответил от Surak_zhauap
0 голосов

Қорытынды

Құнарлы талант иесі Бейімбет Майлиннің әдеби мұрасының аса бағалы, ең көрнекті бөлігі оның прозалық шығармалары, соның ішінде әңгімелері екені мәлім.

Қазақ әдебиетінде кенжелеп дамыған көркем қара сөзге жазушы ерекше назар аударды және осы түрде өндіре жазуға ұмтылды. Проза саласында автордың аса жемісті еңбек етуі 1930 жылдан былай қарайғы кезең. Бейімбеттің өзі: «Жаман болсын, жақсы болсын сол 30-жылдан бері қара сөзбен едәуір нәрсе жазып тастаған сияқтымын. Бұдан былай да қолымнан келгенше күшті осы қара сөзге салсам ба деймін. Өлеңнен гөрі істелуі ауыр болғанмен икемім осыған ауды», - дейді[«Социалистік Қазақстан», июнь, 1934]. Бұл сөздер мақтануды білмейтін кішіпейіл, өзіне-өзі қанағаттану сезімінен аулақ өнерпазды көз алдымызға елестетеді. Біржола проза жазуға кіріскен Бейімбеттің өз жанрын қапысыз тапқандығын артына қалдырған мол мұрасы дәлелдейді.

Жазушы өзі жетік білетін қазақ даласының шындығына үңілді, ондағы терең революциялық өзгерістер туғызған адам характеріндегі, психологиясындағы түбірлі жаңалықтарды байқады, сол құбылысты көркем образбен өрнектеді.

Бейімбет шығармаларының өміршеңдігі – қазақ даласы табиғатының көркін, халықтың әдет-ғұрпын, ойлау, сөйлеу ерекшеліктерін, халық мінезін ұлттық сипатта шебер кестелеуінде, ұлттық рухпен суарылуында, халық өміріне сіңісіп кетуінде, қашанде соның озық өкілдерінің қатарында болып, ізгі сезімімен сезінуінде көрінеді.

Бейімбеттің қай шығармасын оқысақ та олардан халық тұрмысының сыр-сипатын, ұлттық мінез ерекшеліктерін, қазақ ұлтына тән болмыс пен бітім, салт-дәстүр, наным-сенім, сана-сезім ерекшеліктерін айқын көріп, танып отырамыз.

Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан және қорытынды бөлімнен тұрады.

Бірінші тарауда жалпы көркем әдебиеттегі ұлттық сипат мәселесі туралы сөз болды. Көркемөнер мен әдебиеттің ұлттық сипатын алғаш айту романтизм эстетиктері Дидро, Лессинг, Гердер, Кант, Шиллер, Гете, әсіресе И.Г.Гердер мен Г.В.Гегельдің үлесіне тиді. Одан кейін әдебиеттегі ұлттық сипат мәселесіне мән берген орыс зерттеушілері И.А.Рагимова, Гоголь, В.Г.Белинский, Е.Зингер, М.С.Каган, Н.Г.Чернышевский сынды ірі тұлғалардың ой-пікірін негізге алдық. Қазақ әдебиетіндегі ұлттық сипат мәселесіне С.Тойшыбаева пікіріне зер салып, І.Ғабдіровтің «О национальном и интернациональном в советской литературе» және М.Дүйсеновтің «Әдебиеттегі мазмұн мен форманың бірлігі» атты зерттеулеріндегі пікірлеріне сүйендік.

Әдеби шығарма – ұлттық тіл мәдениетінің жемісі, ұлттық дүниетанымның, өз ұлтының шығармашыл өкілі болып табылатынын ескеріп, екінші тарауда Б.Майлин әңгімелеріндегі ұлттық сипат мәселесін және ұлттық сипатты танытатын тілдік ерекшеліктерге терең бойладық. Қаламгер шығармашылығындағы ұлттық сипатқа тән ұлттық мінез, болмыс, ұлттық салт-дәстүр, салт-сана, тәрбие мәселесін ашуда «Сексен сом», «Құла ат», «Естай ауылы», «Таубай», «Әдет құшағында», «Бір адым», «Талақ», «Желдібай Жындыбаев» сынды әңгімелерін талдадық. Осы әңгімелерін талдау барысында ұлттық сипатты танытатын ауыл көрінісі, ұлттық құндылықтары, ұлт психологиясына тән мінез бітістері мен болмыс бітімі юмор арқылы сараланып, жазушының ұлттық тәрбиеге мән беруі, ұлттық сананы көтеру, алға жетелеу жолындағы идеялары танылды.

Қаламгер әңгімелерінде өзіндік кескін-кейпімен, қимыл-әрекетімен, мінезімен, жаңа құбылысымен дараланған характерлерді бейнелеу барысында ұлттық тіл өрнегімен астарласып жатты. Тек ұлт тіліне тән қарапайым, ауызекі сөйлеу тіліндегі сөздерді пайдаланып кейіпкерлер бейнесін ашуы, халық қазынасындағы мақал-мәтелдерді орынды пайдалануы, адам келбетін, мінез-құлқын юмормен суреттеуі, әңгімелерінде халық ауыз әдебиетінен бастау алатын түс көру мотивін пайдалануы, кейіпкерлеріне атына затын сай ғып ат қоюы, ұлт өмірінен көрініс беретін бейнелі сөздерді (эпитет, тұрақты сөз тіркестері, эпитет, метафора, метоноимия, кейіптеу) қолдануы жазушы әңгімелеріндегі ұлттық сипатты танытатын тілдік ерекшеліктерінің көрінісі.

Жалпы, Б.Майлиннің баяндау стиліндегі авторлық нысанасы – қазақ деген халықтың ұлттық менталитетін таныту және бұл қаламгер шығармашылығының басты арқауына айналған. Бұл жөнінде қарымды қалам иесі Т.Нұрмағамбетов былайша баға береді: «Дүниеде жақсы жазушылар көп. Бірақ, әрбір әдебиет, ұлт үшін қымбат жазушылар бар. Біздің ұлтымыз бен әдебиетіміз үшін бір қымбат қаламгер – Б.Майлин десек, асыра айтқандық болмас. Қайта жеткізе алмай отыр демесе. Бұл – Бейімбет шығармаларының ұлт қанына әбден суарылғанынан. Бейімбет шығармаларындағы кейіпкерлерге қарап отырып, олардың тек қазақ екенін жазбай тануымыздан. Тіпті, жер бетінен қазақ деген халық жойылып кеткен күнде Бейімбеттің шығармаларын оқып отырып қазақ деген халықтың ақ қағазға бейнесін салып қана қоймай, мінезін елестетуге, пиғыл-ниетін тануға болар еді. Бейімбет шығармаларының кейіпкерлерін дүниедегі бар әдебиет атаулының сан миллиондаған кейіпкерлеріне қосыпжібергенде де, олар белін таянып, «біз – қазақ едік» деп бөлектеніп тұратын секілді».

ответил от Surak_zhauap
0 голосов
Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Гегель Г.В. Пол.соб.соч. М., Госиздат, «Энциклопедия философских наук», Наука логики, 1949. т.12.с.129

2. Зингер Е. «Социалистический интернационализм и проблема национальной формы в современном искусстве», М., Искусство,1962,c.30

3. Белинский В.Г. Пол.соб.соч., Изд. АнСССР. М., Искусство,1962, c.317

4. Сәтбаева Ш. Әдеби байланыстар. А., Жазушы, 1974, 186б.

5. Ғабдіров И.Х. О национальном и интернациональном в советском литературе, А., Наука,1978, с.37

6. Дүйсенов М. Әдебиеттегі мазмұн мен форманың бірлігі, 43б.

7. Аңыз адам.- 2014.- №11.- 1б.

8. Жаңа әдебиет,1932№6-7

9. Сарбалаев Б. Бейімбет Майлин/ Сарбалаев Б.- Алматы: Мектеп, 1988.- 17б.

10. Би аға (Б.Майлин туралы естеліктер), Құраст.Бейісқұлов Т., А., 1991

11. Әдебиеттану. Терминдер сөздігі.- Алматы: «Ана тілі», 1998ж.

12. Нұртазин Т. Бейімбет Майлин творчествосы/ Нұртазин Т.- Алматы: Жазушы, 1966.- 47-48б.

13. Қаратаев М. Шеберлік шыңына: қазақ совет әдебиетінің келелі мәселелері жайлы зерттеулер мен мақалалар/ Қаратаев М.- Алматы: Көркем Әдебиет, 1963. 211б.

14. Б.Майлин. Шұғаның белгісі. Повестер мен әңгімелер.- Алматы: «Жазушы»,1974

15. Базарбаев М. Көрікті ойдан – көркем сөз: зерттеулер мен мақалалар/ Базарбаев М.- Алматы: Рауан, 1994.-288б.

16. Нысанбаев Ә. Есім Ғ. Изотов М. Психология/ Алматы: Мектеп, 2006. 143б.

17. Майлин Б. Көп томдық шығармалар жжинағы, Алматы:Жазушы, 2003

18. Қабдолов З. Сөз өнері А., Қазақ университеті, 1992

19. Наурызбаев Б. Қазақ прозасындағы Б.Майлиннің прозасы А., 1967

20. Майлин Б. Повестер мен әңгімелер, Алматы: Жазушы,1977
ответил от Surak_zhauap

Похожие вопросы

0 голосов
1 ответ
0 голосов
3 ответов
0 голосов
0 ответов