Жауап.кз вопросы и ответы
0 голосов
Жоспар

 І. Мақсатым тіл ұстартып, өнер шашпақ...

ІІ. Шығармашылық тапсырмаларды оқушыларға ұсынудың
     әдіс-тәсілдемесі.

ІІІ. Редакциялау процесі –оқушы шығармашылығына бағыт –бағдар беру.
спросил от Surak_zhauap в категории Образование

Ваш ответ

Отображаемое имя (по желанию):
Конфиденциальность: Ваш электронный адрес будет использоваться только для отправки уведомлений.
Анти-спам проверка:
Чтобы избежать проверки в будущем, пожалуйста войдите или зарегистрируйтесь.

4 Ответы

0 голосов
І. Мақсатым тіл ұстартып, өнер шашпақ...
Біздің заманымыз – іскер, белсенді, өздігінен жол таба білуге бейім адамдар заманы. Белсенділік, қиыннан жол таба білетін іскерлік – адамды көздеген мақсатына  жеткізеді. Білімсіз, тәрбиесіз қалыптасқан тұлға іші қуыс құмыра секілді. “Сөзіне қарай кісіні ал, кісіге қарап сөз алма”,- деп ұлы Абай  атамыз айтқандай, адам көркемсөз арқылы өзін танытады. Ой-пікірін де мәнді сөзімен қорғай алады. Ал  бұл қасиет  әлемдегі озық отыз мемлекеттің қатарына қосылам  деген Қазақстан жастарының әрбірінің бойынан табылуы тиіс деп ойлаймын.
Қоғам қашан да дарынды, қабілетті адамдарға мұқтаж. Қазіргі қоғам күн өткен сайын күрделеніп, түр-сипаты мүлдем бөлек жаңа дәуір туып келеді. Заңдылығы сол, дәуіріне сай өзгеше қабілет-қасиетке ие жаңа буын пайда болады. Қазіргі кезде мамандық атаулының барлығы бейімділікті, ептілікті, шапшаңдықты, ерекше ой қызметін, мол шығармашылық мүмкіндікті, өзін қоршаған түрлі жағдайларға  тез икемделіп қана қоймай, оларды керекті бағытына шығармашылықпен бұра білу қабілеттілігін қажет  етеді. Оқыту  мен тәрбиелеу процесінде оқушы шығармашылығын дамытудың қажеттілігі осындай қоғам талабынан туындайды.
Жалпы, балаларды мектеп жасында дарынды, дарынсыз деп бөліп оқыту (әсіресе, сөз өнеріне қатысты) педагогикалық адамгершіліктің негізіне қайшы келеді. Оның үстіне психология мен педагогика ғылымында әрбір баланың дарындылығы қандай дәрежеде екенін анықтайтын дәл өлшем әлі табылған жоқ. Мектепті үздік бітірген мыңдаған оқушының өмірмен бетпе-бет келгенде, икемсіз, дәрменсіз болып шығатын кездері де аз емес. Сондықтан көркемдік қабілеттің барлық  адамға тән екендігін мойындасақ, «әрбір бала -болашақ данышпан» деген қағидаға сүйенсек, оқушыны дарынды, дарынсыз деп жіктеу (өнердің ең болмаса бір түріне қабілеті оянуға тиіс) – адам табиғатына қарсы шығумен бірдей.
Шығармашылық жұмыстың  түрлері көп. Алайда біздің нысанамыз болған сөз өнері – солардың барлығының ішіндегі ерекше саласы. Сөз өнері жеке адамның шексіз мүмкіндігін ашу қасиетімен құдіретті.
Бұл жөнінде бірқатар оқымыстылардың пікірлерімен дәлелдеп кетсек:
«Сөз өнерін  меңгеру барлық адамға суреткер болу үшін емес, ешкімге, еш нәрсеге тәуелді болмау үшін керек» (Д. Родари).
«Өз ойын жаза білу –зиялылықтың ең бірінші белгісі. Жазушылық адамдардың бақылағыштық қабілетін, қиялын, фантазиясын дамытады, адамзатты өркениеттендіреді» (А. Рыбаков).
Бұдан 2,5мың жыл бұрын өмір сүрген қытай философы Конфуций, грек философы Платон (б.з.д. 427-347 жж.) дарынды балаларды патша сарайында арнайы тәрбиелегенде, ең алдымен, оларды көркемөнер түрлеріне үйреткен. Олар, әрине, осылардан сарай ақындары, суретшілері шықсын дегенді мақсат тұтпаған. Өз ұлтын, мемлекетін өркендететін білімді, алғыр,болашақ данышпан шәкірттер тәрбиелеу үшін, бірінші кезекте балалардың сезімталдығын, ойын, тілін дамытуды қолға алған.
Біздің де бүгінгі алға қойған мақсатымыз, шығармашылық тапсырмалар беру арқылы  оқушылардың көркем ойлау және іскерлік қабілетін дамыту болып табылады. Шығармашылық тақырып таңдаудағы алдыма қойған негізгі мақсаттарым:
1.    Оқушыларды  көркем ойлап, жүйелі сөйлей білуге үйрету;
2.    Оқушылардың іскерлік қабілетін шыңдау, кез келген ортада өзін-өзі ұстай білуге  баулу;
3.    Өз ісіне жауапкершілікпен қарауға,  өздігінен жол таба білуге, нақты шешім қабылдай білуге, әдептілік және адамгершілік секілді асыл қасиеттерге тәрбиелеу;
ответил от Surak_zhauap
0 голосов
ІІ. Шығармашылық тапсырмаларды оқушыларға ұсынудың
     әдіс-тәсілдемесі.
Оқушыға сөз өнерін меңгерту –қазақ педагогикасының алға қойған мақсаттарының бір бағыты десек, оқытудың мазмұны мен әдістемесін оқушылардың жас ерекшелігін, қызығушылығын, бейімділігін ескере отырып түбірлі өзгерту, оқытудың шығармашылық сипатын күшейту, сөйтіп, баланың жеке қабілеті мен әлеуметтік белсенділігінің дамуына жол ашу, шығармашылық тұлға қалыптастыру міндеті туындайды. Шығармашылық тұлғаны қалыптастыру – мұғалім-оқушы болып екі жақты еңбектенгенде күтілетін нәтиже.
    Алдымен, шығармашылыққа бағыттау мақсатымен баланы психологиялық дайындықтан өткізу үшін көңіл күйге түрткі болар жағдай-ситуация туғызу керек. Ондай психологиялық әсер шығармашылық процестің өн бойында баланы шығармашылыққа құлшындырып, еліктіріп отырмақ.
    Психологиялық әсерге шартты түрде  мынадай жағдайларды енгізуге болады:
- мұғалім –оқушы үшін қарапайым ғана жан. Ал егер ол ол оқиға , сюжет құру, образ жасау   барысында жазушылық шеберлік танытса, оқушылар ерекше елтиді, өздерінің күшіне деген сенім қалыптасады;
- «сенің қолыңнан бәрі де келеді. Сен қабілеттісің. Тек жазуды қолға алсаң болды,» -деп, баланың еркін билеп, сенім ұялату;
- Оқушының кішкентай жетістігін (шығармашылыққа ұмтылысының өзін) мадақтау,көтермелеу; үздік шығармаларды сыныпта оқытып, оған құрбыларының жағымды көзқарасын ояту, басылымдарға шығару, тіпті, әдебиет пәнінен тоқсандық қорытындыда ең жоғары бағаға дейін қою (әсіресе, «үшке» оқитындарды), т.б.
- шығармашылық процесті басқару үстіндегі мұғалімнің құптаушылық көзқарасы, сезім күйлері, ым-мимикасы, т.б.
    Сыныпта өзара шығармашылық қарым-қатынас, шығармашылық ахуал орнату енжар, салғырт оқушыларды белсендіреді, шығармашылыққа араластырады. Әлі күнге дейін біздің қазақ мектептерінде өлең, әңгіме жазатын қатарларын мазақ, күлкі қылатындар кездесіп қалады. Осындай келеңсіздікке  ешқашан жол беруге болмайды. «Мына жазғаның не?» «Өлең сенің не теңің?» деген жөнсіз қыжыртулар жасөспірімнің психикасын бұзады, күйгелектендіріп, шығармашылықтан безіндіреді. Сондықтан тапсырманы сыныптағы оқушыларға жалпылама беріп, қорытындысын әділ бағалап, сөз сырын ұғындырып отыру қажет.
     Бірде шығармашылық тапсырма оқушылар арасында мынандай тәсілмен жүргізілді. Оқушыларға аяқталмаған мәтін ұсынылды. Әрбір оқушы мәтінде өз бетінше аяқтау ұсынылды.
     
Түн. Үш күннен бері жауған жаңбыр аспан тесіліп кеткендей сүмектеп тоқтар емес. Бәтес бесіктегі баласын ыңылдап тербетіп, сыртқа құлақ түріп,елегізіп отыр. Әлгінде ит шабаланып үре берген соң, қос ауыз мылтығын асынып, тысқа шыққан отағасы әлі жоқ. Май шамның шытынаған шынысынан шашырап түскен көмескі жарық  айқұш-ұйқыш көлеңке түсіріп, көңіліңе қорқыныш ұялатқандай.
Кенет тыстан тарс еткен мылтық үні естілді. Адам баласы айырғысыз жанұшыра  шыққан  дауыстан шошынған Бәтес не тысқа жүгірерін, не бесікті қорғаштарын білмей шарқ ұрды...
Оқушы жауабы:
1.    -Бәтес бесікті тас қылып құшақтап, біраз отырды.Сыртқа алаңдап, жаны жай таппаған соң, босағадағы қос өрім қамшыны қолына қыса ұстап, тысқа шықты. Алғашында тастүнек  қараңғыдан еш нәрсе айыра алған жоқ. Анықтап қараса, әудем жерде, біреулер алысып, жатқандай көрінді. Күйеуі дауыстап белгі берген соң ғана қорқынышы басылып, жақындап барып қараса, дәу бір көкжалмен алысып жатыр екен. Оқ тисе де беріспей, айқасып жатқан арланды көріп,отағасының аман қалғанына қуанды.
2.    Бәтес далаға жүгіріп шықса, қойды ұрлауға келген ұрылар екен. Олардың да қолдарында мылтықтары барболса керек. Бір-бірімен атысқанда, оның күйеуі жараланыпты. Ұрылардың да бір-екеуі құлап жатыр...
Бұл  жауаптарға қарап, оқушылардың білім-тәрбие деңгейінің әр түрлі екенін байқауға болады. Мысалы, бірінші жауап, сабаққа ынталы, қоғамдық жұмысқа белсен араласатын оқушының жауабы болса, екінші жауап, сабаққа зейіні жоқ, үйде ата-анасының қадағалауы аз, компьютерлік ойынханаларға  жиі баратын оқушының жауабы. Бұдан қандай қорытынды шығаруға болады.
Бала мінезі айна секілді. Ол өзінің іс-әрекетімен, сөйлеген сөзімен, ойлаған ойымен өзінің кім екенін дәлелдеп тұрады (мысалы, бала кейіпкерлердің бәріне бір-бір мылтық беріп, оларды бірден атыстырып, жаралай салды). Ол өзі сондай ғой деп, бұл іске жәйбарақат қарауға  болмайды. Баланың ата-анасымен, сынып жетекшісімен байланысып, оқушының бағытын жақсы жаққа өзгертумен қатар, сабақ барысында оның шығармасын оң жаққа бұру. Ол әрекет қалай жасалады. Бұл шығармашылық тапсырманың екінші тәсілі.
Оқушыларға оқиғаны күрт өзгертетін тағы бір оқиға кірістіру ұсынылады. Ары қарай ооқушыда ой-идея тудыру мақсатымен «болашақ әңгіме» сюжетіне кілт боларлық мәлімет беріледі.
2-оқушының мәтіні былай түзетілді.
Бәтес далаға жүгіріп шықса, қойды ұрлауға келген ұрылар екен. Олардың да қолдарында мылтықтары бар болса керек. Бір-бірімен атысқанда, оның күйеуі жараланыпты. Ұрылардың да бір-екеуі құлап жатыр... Әп-сәтте осындай суық ойларды ойлап үлгерген Бәтес, күйеуін аман-есен көргенде өзінің «жаман»  ойынан өзі ұялды. Әр жерде қарайып жатқан, қасқыр тартқан қойлар екен. Оқ тиіп жараланған қасқырда ұзаққа бармай, жығылыпты.
    Оқушылар бұл тапсырмаларды қарапайым әрі оңай жалғастырды. Балаларға ұсынылатын арнайы тапсырма-міндеттердің, жаттығулардың шығармашылық ситуация тудырудағы рөлі өте жоғары. Осындай қарапайым тапсырма беру арқылы әрбір оқушының өзі әңгіме құрастыра алатынына сенімін арттыруға болады. Сондай-ақ,әңгіменің, ертегінің сюжетін бастап беру, ал аяқтауды оқушыларға тапсыру –оқушыларды шығармашылық процеске үзбей, сатылап бағыттап отырудың бір әдісі.
ответил от Surak_zhauap
0 голосов
Оқушының бойындағы шығармашылық қабілетін жетілдіре түсу үшін, , теңеу, метафора, портрет т.б  сөзді көркемдеу тәсілдерін теориялық тұрғыдан түсіндіріп, талдап, қолдануды үйрете білсек, көркем ойлы шығармалардың тууына себепші боламыз.
    Бұл тапсырмалардың бірқатарын ойын түрінде беруге болады. Мысалы, балаларға қызғылықты сөз тізбесін құру ұсынылады. Шарты: біріншіден, сөз тізбегінің әрбір сөзі бірдей дыбыстан басталады. Екіншіден, сөз тізбесі ақыл, нақыл,мақал сөз болып келуі тиіс.
    «Қапияда құлан құдыққа құласа, құтырған құрбақа құлағында қодыраңдайды» деген мақал халық аузындағы «Құлан құдыққа құласа,құрбақа құлағында ойнар » деген мақалды өзгеріске ұшыратып пайдаланып отыр. «Қыран қияға қонып, қиянға қарағасын, қанатын қомдайды» деген тіркесті ойдан құрастырды.
     Бұл тапсырманы орындау үстінде, біріншіден, балалар әйтеуір бір нәрсеге қызықты, екіншіден, олардыңтілін байытып, ой-қисынын (логикасын) қалыптастырудың мүмкіндігі туды (тиісті сөздерді ойлап табу, бір сөзді мағыналас екінші сөзбен алмастыру- оқушы үшін қаншама ой еңбегін қажет етеді). Оның үстіне әдеби шығарым жұмысына баулу –балаларды көркем әдебиет стилініе жаттықтырумен, тіл құралдарын сұрыптап ала білуге үйретумен ұштасуға тиіс. Сондықтан, әдеби ойын-тапсырмалармен қатар түрлі лингвистикалық жаттығулардың да маңызы зор.
    Оқушыларға мынадай тілдік-логикалық жаттығу беруге болады. оқушыға мәтін беріледі. Мәтіннің мазмұны төмендегідей:
    Қасына жақындаған біреуге қараса, манағы қағазына қол қойып берген бас бухгалтер екен.
-    Оу, шал, мұнда не қылып отырсың? Ақшаңды әлі алған жоқсың ба?- деді бұған.
«Шал» дегенге шамданып қалған ол жауап беруге асықпады. Шалқаңнан түскірдің «шал-шал деп шақылдауын!»

Тапсырма: Мәтінінң ішіне екі-ақ сөйлеммен бухгалтер мен шалдың портретін орналастыр.

Қасына келіп қақырынған біреуге қараса, манағы қағазына қол қойып берген бас бухгалтер екен. Қампиған қарнын сипалап, маңғазданған күйі:
-    Оу, шал, мұнда не қылып отырсың? Ақшаңды әлі алған жоқсың ба?- деді бұған.
«Шал» дегенге шамданып қалған ол жауап беруге асықпады. Қоңқақ мұрынды, қара сұр жүзі де жаратпағанын білдіргендей сұстана түсті. Шалқаңнан түскірдің «шал-шал деп шақылдауын!»

Әрине, бұл бірден жеткен жетістік емес, портреттің басқа сөйлемдермен ой жүйесі жағынан кірігіп кете алмай, оқшау тұратын кездері жиірек болды. Үнемі жаттығудың арқасында біршама жетістіктерге қол жеткізуге болатынын байқадық.
    Ой шапшаңдығына еліктіріп отыру да шығармашылық процесті жандандырады, ұтқыр шешім табуға жетелейді. Соның бір формасы ретінде дайын ұйқас ұсыну арқылы өлең жолдарын жаздыруға болады.
    Бұл әдеби ойын сөз өнері сайысында, әдебиет сабағындағы демалыс минутында, тіл, ой дамыту сағаттарында жүргізіледі.
    Сурет бойынша әңгіме құрастыру  ойынын ойнату. Үстел үстіне карта тәрізді қатталып, бірнеше суреттер теріс қаратылып қойылады. Суреттерде не бейнеленгені балаларға жұмбақ. Ойынның шарты бойынша, бала суреттерді шетінен алып, сол бойда әңгіме бастау керек.
Келесі оқушылар әңгіменің желісін үзіп алмау үшін, мұқият көңіл қойып, өз кезегі келгенде әңгімені ары қарай жалғастырып әкетуге дайын отырады. Осылайша ой жалғасып кете береді. Ең соңғы оқушы оқиғаны қорытындылайды.
    Осы бағытта ізденіп, тың жол салған Қ. Әбдібекқызы  баланың бойында шығармашылық қасиеттерді жүйелі түрде қалыптастыру үшін шығармашылық процесті тереңдете түсіп, басым міндетті оқушының өз қолына беру керек деп тұжырымдайды.
Мысалы, оқушыларды сабақ үстінде бірнеше топтарға бөліп, әр топқа бірнеше сөздер тізбегін ұсынамыз.
Оқушыларға бұл сөздермен не істеу керек екендігі айтылмады. Сөздер мен сөз тізбектері ойға қалай келсе, солай ұсыныла салады. Балалар не істеу керек екенін өздері тауып және ол міндетті мұғалімнің ешқандай «нұсқауынсыз» өздері шешті. Сөйтіп, берілген сөздерге қарай әр топ әңгіме, ертегі құрастырып шығарды.
     Оқушының өзіндік шешім қабылдауына, өз бетінше ойлау білуге жетелейтін мына бір тапсырмаға қарайық. Оқушылардың алдына ыдысқа салынған алма алып келінді. Оқушылардың өздері алма жөнінде түрлі тапсырмалар ойлап тапты:
-    Алманы кейіпкер етіп, әңгіме құрау;
-    Алманың шығу тарихын ойлап табу;
-    Алмаға қатысты жұмбақ шығару;
-    Алманың портретін кейіптеу әдісімен суреттеу.
ответил от Surak_zhauap
0 голосов
ІІІ. Редакциялау процесі –оқушы шығармашылығына
              бағыт –бағдар беру.
Жалпы, көркемдік ойлау адам баласына не үшін қажет? Көркем сөздің, көркем құдіреті де сол: сезім тазалығын, шынайылығын қалыптастыратын, шындықты заңдылық етіп қабылдайтын, адамның психикасын дамытатын сиқыр күш, жан бар онда. Әрі жазуды үнемі дағды еткен адам (мұның өзі ақ қағазды  құр шимайлау емес) әрбір сөздің (орнымен қолданғанда ғана) ішкі қабатындағы қозғалысты, дамуды, философиялық негізді түйсінбек. Сол себептен де көркемдік ойлау –адам баласының дүниетаным өлшемі боп негізделеді.
    Шығармаға қойылатын негізгі талаптардың бірі –әр баланың өзіндік стилін, қолтаңбасын, үнін қалыптастыру. Сыныптағы отыз оқушының шығармасы ешқашан да егіздің сыңарындай болмайды.
Және оларды редакциялау  оқушы шығармашылығына бағыт-бағдар береді. Оқушы шығармасын бастапқы  қалпында қалдыра салуға болмайды. Оның қажет емес созалаңқы тұстарын алып тастап, логикалық жағынан, стилистика жағынан да қалыпқа салып, өңдеу, сондай-ақ, оны оқушымен бірге талдау отырып жасау қажет. Себебі, редакциялау процесін тәптіштеп көрсете білудің өзі –оқушы шығармашылығына бағыт-бағдар берудің мазмұн-формасын толықтырады. Оқушыларға тиянақтылық, жауаптылық керек екенін ұғындырады. Бұл саты –шығармашылық процестің соңғы кезеңі.
    Мысалы:

Бәтес далаға жүгіріп шықса, қойды ұрлауға келген ұрылар екен. Олардың да қолдарында мылтықтары бар болса керек. Бір-бірімен атысқанда, оның күйеуі жараланыпты. Ұрылардың да бір-екеуі құлап жатыр... деген оқушы шығармасы былай редакцияланған болатын:
 Әп-сәтте осындай суық ойларды ойлап үлгерген Бәтес, күйеуін аман-есен көргенде өзінің «жаман»  ойынан өзі ұялды. Әр жерде қарайып жатқан, қасқыр тартқан қойлар екен. Оқ тиіп жараланған қасқырда ұзаққа бармай, жығылыпты.
Егер шығарма бастапқы күйінде қалдырылған болса, онда адам жүрегін қарайтатын тұстары бар. Бұл жағдай оқушы психикасын бұзады.  
    Оқыту процесінде оқушылардың әдеби-көркем  қабілетін дамыту мәселесі тыңнан қойылып отырған жоқ. Ана тілін оқыту жүйесінде бұл мәселенің алатын орнын, мақсатын, мазмұнын алғаш анықтаған –Мағжан Жұмабаев. Көркемдік қабілет –адам баласының бүкіл қабілеттерінің жиынтығын қалыптастырушы, жан-жақты дамудың алғашқы сатысы. Сондықтан М. Жұмабаев бастауыш мектепте әдеби қабілеттілікті қалыптастырудың жүйесін жасады. (Жұлдыз. 1993. №1).
М. Жұмабаевтан кейін көркем шығарма жаздыру секілді жұмыс формасы қазақ әдіскерлері Ш. Кәрібаевтың «Әдебиеттік оқу» (1941), Ә. Қоңыратбаев-тың «Әдебиетті оқыту методикасының очерктері » (1962,1987) еңбектерінде көрініс тапты. Сонымен қатар, М. Құдайқұловтың «Қабілеттілік, дағды, шеберлік» (А..,1986), Қ. Әбдібекқызының «Оқушылардың көркем шығармашылық қабілетін дамыту» (А.., 1994) атты еңбектерінде оқушыларды шығармашылыққа баулудың әдіс- тәсілдері  әдістемелік тұрғыдан кеңінен берілді.
    «Шығармашылық тапсырмалар беру арқылы  оқушылардың көркем ойлау және іскерлік қабілетін дамыту» деп аталатын шығармашылық  тақырыбында жұмыс жасау барысында  жоғарыда аталған еңбектерде ұсынылған әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, олардың тиімділігі мен  қажеттілігіне көз жеткіздім. Сабақтарымда  шығармашылық тапсырмаларды пайдалану   барысында, оқушылардың  көркем ойлау,  жүйелі сөйлей қабілеттері артты, өз ісіне жауапкершілікпен қарауға,  өздігінен жол таба білуге, нақты шешім қабылдай білуге үйренді. Жалпы, алдыма қойған мақсатым орындалды десем де болады. Бұл тапсырмаларды орындау үшін оқушының барлығының дарынды болуы шарт емес .Сыныпта әр түрлі деңгейдегі оқушылар бар, олардың әрқайсысы өз деңгейінде белгілі бір жетістікке жетеді. Оқушылардың сабаққа деген ынтасы артып, қызығушылығы оянады.  Бұл тек оқушы үшін ғана емес, мұғалім үшін де үлкен жетістік деп ойлаймын.

  





                            Пайдаланылған әдебиеттер:
1.    М. Жұмабаев. «Бастауыш мектепте әдеби қабілеттілікті қалыптастырудың жүйесі». (Жұлдыз. 1993. №1).
2.    Ш. Кәрібаев.  «Әдебиеттік оқу» (1941),
3.    Ә. Қоңыратбаев. «Әдебиетті оқыту методикасының очерктері» (1962,1987)
4.    М. Құдайқұлов.  «Қабілеттілік, дағды, шеберлік» (А..,1986),
5.    Қ. Әбдібекқызы.  «Оқушылардың көркем шығармашылық қабілетін дамыту» (А.., 1994) .
ответил от Surak_zhauap

Похожие вопросы

0 голосов
3 ответов