ІІ. Шығармашылық тапсырмаларды оқушыларға ұсынудың
әдіс-тәсілдемесі.
Оқушыға сөз өнерін меңгерту –қазақ педагогикасының алға қойған мақсаттарының бір бағыты десек, оқытудың мазмұны мен әдістемесін оқушылардың жас ерекшелігін, қызығушылығын, бейімділігін ескере отырып түбірлі өзгерту, оқытудың шығармашылық сипатын күшейту, сөйтіп, баланың жеке қабілеті мен әлеуметтік белсенділігінің дамуына жол ашу, шығармашылық тұлға қалыптастыру міндеті туындайды. Шығармашылық тұлғаны қалыптастыру – мұғалім-оқушы болып екі жақты еңбектенгенде күтілетін нәтиже.
Алдымен, шығармашылыққа бағыттау мақсатымен баланы психологиялық дайындықтан өткізу үшін көңіл күйге түрткі болар жағдай-ситуация туғызу керек. Ондай психологиялық әсер шығармашылық процестің өн бойында баланы шығармашылыққа құлшындырып, еліктіріп отырмақ.
Психологиялық әсерге шартты түрде мынадай жағдайларды енгізуге болады:
- мұғалім –оқушы үшін қарапайым ғана жан. Ал егер ол ол оқиға , сюжет құру, образ жасау барысында жазушылық шеберлік танытса, оқушылар ерекше елтиді, өздерінің күшіне деген сенім қалыптасады;
- «сенің қолыңнан бәрі де келеді. Сен қабілеттісің. Тек жазуды қолға алсаң болды,» -деп, баланың еркін билеп, сенім ұялату;
- Оқушының кішкентай жетістігін (шығармашылыққа ұмтылысының өзін) мадақтау,көтермелеу; үздік шығармаларды сыныпта оқытып, оған құрбыларының жағымды көзқарасын ояту, басылымдарға шығару, тіпті, әдебиет пәнінен тоқсандық қорытындыда ең жоғары бағаға дейін қою (әсіресе, «үшке» оқитындарды), т.б.
- шығармашылық процесті басқару үстіндегі мұғалімнің құптаушылық көзқарасы, сезім күйлері, ым-мимикасы, т.б.
Сыныпта өзара шығармашылық қарым-қатынас, шығармашылық ахуал орнату енжар, салғырт оқушыларды белсендіреді, шығармашылыққа араластырады. Әлі күнге дейін біздің қазақ мектептерінде өлең, әңгіме жазатын қатарларын мазақ, күлкі қылатындар кездесіп қалады. Осындай келеңсіздікке ешқашан жол беруге болмайды. «Мына жазғаның не?» «Өлең сенің не теңің?» деген жөнсіз қыжыртулар жасөспірімнің психикасын бұзады, күйгелектендіріп, шығармашылықтан безіндіреді. Сондықтан тапсырманы сыныптағы оқушыларға жалпылама беріп, қорытындысын әділ бағалап, сөз сырын ұғындырып отыру қажет.
Бірде шығармашылық тапсырма оқушылар арасында мынандай тәсілмен жүргізілді. Оқушыларға аяқталмаған мәтін ұсынылды. Әрбір оқушы мәтінде өз бетінше аяқтау ұсынылды.
Түн. Үш күннен бері жауған жаңбыр аспан тесіліп кеткендей сүмектеп тоқтар емес. Бәтес бесіктегі баласын ыңылдап тербетіп, сыртқа құлақ түріп,елегізіп отыр. Әлгінде ит шабаланып үре берген соң, қос ауыз мылтығын асынып, тысқа шыққан отағасы әлі жоқ. Май шамның шытынаған шынысынан шашырап түскен көмескі жарық айқұш-ұйқыш көлеңке түсіріп, көңіліңе қорқыныш ұялатқандай.
Кенет тыстан тарс еткен мылтық үні естілді. Адам баласы айырғысыз жанұшыра шыққан дауыстан шошынған Бәтес не тысқа жүгірерін, не бесікті қорғаштарын білмей шарқ ұрды...
Оқушы жауабы:
1. -Бәтес бесікті тас қылып құшақтап, біраз отырды.Сыртқа алаңдап, жаны жай таппаған соң, босағадағы қос өрім қамшыны қолына қыса ұстап, тысқа шықты. Алғашында тастүнек қараңғыдан еш нәрсе айыра алған жоқ. Анықтап қараса, әудем жерде, біреулер алысып, жатқандай көрінді. Күйеуі дауыстап белгі берген соң ғана қорқынышы басылып, жақындап барып қараса, дәу бір көкжалмен алысып жатыр екен. Оқ тисе де беріспей, айқасып жатқан арланды көріп,отағасының аман қалғанына қуанды.
2. Бәтес далаға жүгіріп шықса, қойды ұрлауға келген ұрылар екен. Олардың да қолдарында мылтықтары барболса керек. Бір-бірімен атысқанда, оның күйеуі жараланыпты. Ұрылардың да бір-екеуі құлап жатыр...
Бұл жауаптарға қарап, оқушылардың білім-тәрбие деңгейінің әр түрлі екенін байқауға болады. Мысалы, бірінші жауап, сабаққа ынталы, қоғамдық жұмысқа белсен араласатын оқушының жауабы болса, екінші жауап, сабаққа зейіні жоқ, үйде ата-анасының қадағалауы аз, компьютерлік ойынханаларға жиі баратын оқушының жауабы. Бұдан қандай қорытынды шығаруға болады.
Бала мінезі айна секілді. Ол өзінің іс-әрекетімен, сөйлеген сөзімен, ойлаған ойымен өзінің кім екенін дәлелдеп тұрады (мысалы, бала кейіпкерлердің бәріне бір-бір мылтық беріп, оларды бірден атыстырып, жаралай салды). Ол өзі сондай ғой деп, бұл іске жәйбарақат қарауға болмайды. Баланың ата-анасымен, сынып жетекшісімен байланысып, оқушының бағытын жақсы жаққа өзгертумен қатар, сабақ барысында оның шығармасын оң жаққа бұру. Ол әрекет қалай жасалады. Бұл шығармашылық тапсырманың екінші тәсілі.
Оқушыларға оқиғаны күрт өзгертетін тағы бір оқиға кірістіру ұсынылады. Ары қарай ооқушыда ой-идея тудыру мақсатымен «болашақ әңгіме» сюжетіне кілт боларлық мәлімет беріледі.
2-оқушының мәтіні былай түзетілді.
Бәтес далаға жүгіріп шықса, қойды ұрлауға келген ұрылар екен. Олардың да қолдарында мылтықтары бар болса керек. Бір-бірімен атысқанда, оның күйеуі жараланыпты. Ұрылардың да бір-екеуі құлап жатыр... Әп-сәтте осындай суық ойларды ойлап үлгерген Бәтес, күйеуін аман-есен көргенде өзінің «жаман» ойынан өзі ұялды. Әр жерде қарайып жатқан, қасқыр тартқан қойлар екен. Оқ тиіп жараланған қасқырда ұзаққа бармай, жығылыпты.
Оқушылар бұл тапсырмаларды қарапайым әрі оңай жалғастырды. Балаларға ұсынылатын арнайы тапсырма-міндеттердің, жаттығулардың шығармашылық ситуация тудырудағы рөлі өте жоғары. Осындай қарапайым тапсырма беру арқылы әрбір оқушының өзі әңгіме құрастыра алатынына сенімін арттыруға болады. Сондай-ақ,әңгіменің, ертегінің сюжетін бастап беру, ал аяқтауды оқушыларға тапсыру –оқушыларды шығармашылық процеске үзбей, сатылап бағыттап отырудың бір әдісі.