Реніштен қалай құтылуға болады?
Алдымен, реніш кезінде жан-дүниеңізде не болатынын сипаттап шығу керек. Нені ойладыңыз, өзіңізді қалай ұстадыңыз? Сізді ренжіткен адамға қандай сезімде болдыңыз? Қорықтыңыз ба? Қорғансыздықты сезіндіңіз бе, әлде жеккөрнішті ме? Ештеңені қалдырмастан, барлығын ақ параққа тізіп шығыңыз. Сосын оны жағып, қалдығын қоқыс жәшігіне тастаңыз.
Барлығын ой елегінен өткізіңіз. Сізді ренжіткен адам кінәсінен құтылу үшін қандай әрекетке баруы керек деп ойлайсыз? Мәселен, «ол менімен жанын ақтара сөйлесіп, мәселенің басын ашуы керек», т.б. Төмендегі сұрақтарға жауап беруге тырысыңыз: ол адам неге дәл осындай әрекетке барды? Мен нені дұрыс істемедім? Не әсер етті? Ешкімді ақтап алуға тырысудың қажеті жоқ, өз-өзіңізге әділ болыңыз. Менің не күтетінімді ол білді ме? Мен одан не күттім? Маған қатысты іс-әрекетіне мен лайықтымын ба? Бұл оқиғаға не әсер етуі мүмкін еді?
Ең соңында, өкпе-ренішті, жіберуіңіз керек. Өзіңізге «мен алаңсыз әрі бақытты өмір сүремін. Өкпе-ренішімді жібердім» деп шын көңіліңізбен айтыңыз. Оны жібергеннен соң, әлдеқайда жеңілдеп қаласыз, ары қарай өмір сүруіңіз оңайырақ болады.