Хатты оқып отырып, мүмкін «осы хат ағамыздың соңғы жазған хаты ма екен ?»- деп ойлаймын да, жүрегімді «он екіде бір гүлі ашылмаған» жанға деген қимастық сезімі баурайды.
Елі үшін опат болған ағамыздың ұлы тұлғасы жерлес ақынымыз Бижанов Мәтеннің «Қасқатау» дастанында мынадай жыр шумағымен өрнектелген:
Иман аға кісі еді дуалы ауыз,
Ал онымен төңірек санасатын.
Ұяң мінез өзіне жарасатын ,
Маңайына игі жақсы жиналатын.
Сұм соғыстың гүрзісі со бір қартты
Қатты соқты. Қайғысы жанға батты.
«Пірман опат »,- дегенді ұғындырып,
Қара қағаз жыландай арбап жетті.
Пірман шіркін, асылдың тұяғы еді.
Жаны-жайсаң , жігіттің қияғы еді.
Қасқатауды әуелде жырға қосқан,
Хақ сүйегі ақын-ды, зиялы еді.
Ел ішінде жақсының аты қалды,
Ел аузында өлеңі-хаты қалды.
Пірмандай асыл азаматтың бейнесіне сүйсіне отырып, жалғыз ұлдарынан айырылған қос қарияның қасіретіне жүрегің езіле ауырып, сұм соғысқа лағынет айтасың!
Майданнан хат алу , елдегі әр отбасының Алладан тілеген зор арманы ғой!Ағаларымыз өздері өлім мен өмірдің ортасында жүрсе де хат жазып, елдегі туысқандарына сүйеніш болған. Мына бір хатқа назар аударайықшы.
Қарындаш , қағазбенен қолға алайын,
Еске алып туғандарға хат жазайын .
Жүрсіз бе есен-аман, деніңіз сау,
Алыстан сағындырған , қарт атайым .
Болмайды жүрек шертіп, еске алмасқа ,
Көзіме елестейсің жер алыста.
Ойлаумен күндіз-түні біздің халді ,
Қараумен жүресіз бе күнбатысқа?
Ойласаң біздің халді көңіліңе ал ,
Күш қайтып, буын босап, болдыңыз шал.
Өсірген бетке қақпай , жан атайым,
Өтеуге ата хақын біз борыштар.
Сапарғали ағамыздың хатының әр жолынан еліне, ата-анасына деген сағыныш сезіледі. Өзі алапат соғыстың ортасында жүрсе де, қартайған әкесін ойлап, баланың ата-ана алдындағы борышын да ұмытпайды. Хаттың әр жолы көңіліңе ой түсіріп, жүрегіңді осыдан жетпіс жылға жуық уақыт бұрын өмірден өткен адамға деген сағыныш сезімі, аяушылық сезімі, құрмет сезімі баурайды.
Зинелғабиден ағамыз соғысқа 1942 жылы кеткен . Майдан даласында отырып еліне жазған өлеңмен жазған хаты :
10 октябрь. Қараңғы түн.
Отырмын телефонды күзетіп мен.
Туған ел, өскен жерім еске түсіп,
Қолыма қағаз алдым қарындашпен.
Ассалаумағалейкум, қадірлі елім,
Кішілер, үлкен аға- асқар белім.
Хат алсам, амандыққа қуанамын,
Екі көз төртеу болып жүрген менің .
Қол созып, тізе бүгіп сәлем берген,
Кешегі Зинелғаби балаң сенің .
Айтқожа, Шәмшіолла, Мансұрлар да,
Қадірлі бауырларым аман менің .
Жеңістің күні жақын, ата-анам,
Күлімдеп шығысқа да қайтар балаң.
Жыр етіп батырлардың хикаясын,
Еркелеп екеуіңе айтар балаң.
Бірақ ағамыздың бұл арманы орындалмады.Қан майданда байланысшы-барлаушы болған ол елге оралғанында, асқар таудай болған әке-шешесінің қайтыс болғанын естіді. Бейбіт күнде де ел тыныштығын қорғау жолында еңбек еткен.