Дене тазалығы – алдымен тері күтімі. Терінің дұрыс күтімі ағзаның қалыпты қызмет атқаруына әсер етеді. Тері алуан түрлі физиологиялық-биологиялық функцияны орындайды. Терінің құрылысы өте күрделі. Жұмыс жасап, күнделікті тұрмысты шаруамен айналысқан шақта адам терісін кір шалады. Адам терлесе, кір теріге жабысып қалып, терінің тыныс алуын қиындатады. Өйткені тері бездері бітеліп қалады. Осыдан барып теріде өтетін физиологиялық-биохимиялық үрдістердің қызметі мүлдем бұзылады. Бітелген май бездеріне жұқпалы ауру тарататын микробтардың енуі фолликулитті туындатады. Микробтар әсерінен терінің бетіндегі органикалық заттар ыдырап, жағымсыз иісті май қышқылы бөлінеді және тері қабынуы – дерматит дерті дамиды. Басқадай іріңді тері аурулары пайда болады. Тәуліктік тері гигиенасы үшін неше түрлі тәсілдер қолданады. Олардың ішінде теріні тазалықта ұстау үшін денені иісі жақсы сабынмен сабындап жуу керек. Оны дағдыға айналдырған жөн. Аптасына бір рет моншаға барып жуыну, душқа шайыну керек. Ал, жиірек кір шалатын бет, қол, мойын қосымша күтім жасауды қажет етеді. Қол кірлегенде оның терісінде неше түрлі жұқпалы ауру тарататын микробтар көбейеді. Ішек-қарын инфекциясы күрт инвазиясы, гепатит вирустары жиналады. Жұқпалы дерттердің таралуына қол кірінің қаншалықты рөл атқаратыны белгілі.
Қолдағы барлық бактериялардың 90%-ы тырнақ астында жиналады, оларды тек арнаулы щеткамен ғана тазартуға болады. Қол жуатын жерде кішкентай щетка тұру қажет. Бет пен мойынды таңертең, ұйықтар алдында тазартып жуып отырған үлкен нәтиже беретінін айтпай кетуге болмайды. Адамның терісі құрғақ немесе майлы, ылғалды болып келеді. Ал, егер тері құрғақ болса, онда балалар сабыны деп аталатын сабынды, ланолині бар сабындарды да пайдаланса тері онша құрғамай қалыпты жағдайда тұрады. Аяқты аптасына кемінде бір рет, әсіресе жаз айларында күнде жуып тұруды дәрігерлер ұсынады. Аяқ терлейтін болса, түнге қарай терден құтылу үшін суық сумен аяқты жуып, табанды, саусақ арасын аптасына екі рет 5% формалин ерітіндісі сіңген мақтамен сүрту керек. Қол, қолтық асты және дененің басқа бір бөліктері терлесе, дезодарант қолдану керек. Моншаға түскеннен кейін адам өте жақсы дем алып сергіп қалады, жақсы ұйықтайды. Жұмысқа деген ынта жігері арта түседі.
Шаш ерекше күтуді қажет етеді. Шаш қорғаныс рөлін атқарады. Адам шашы бірнеше жыл бойы өсуін тоқтатпайды. Әйел адамдардың күніне 50 тал шашы түсіп, 50 тал шашы өсіп шығып отырады. Адам басындағы шаштың саны әр адамда әр қилы болады. Шаштың жақсы өсуі үшін оны үнемі жақсы күтіп, май жағып отыру қажет. Крем жағып қойған да дұрыс. Шашты жылы суға жуып, белгілі бір сусабынды пайдалану керек. Шашты сабынмен жуудың қажеті жоқ. Шаштың түсі өзгеріп, жарқырап жайнамайды. Ұзын шашты өте ұқыптылықпен жуып, шашты тарап отыру керек. Майлы шашты сабынды спиртпен немесе калийі көп көк сабынды спиртпен жуған дұрыс. Ол көк сабын шашты дезинфекциялап, шаштың майын бірден кетіріп жібереді. Сусабынмен жуғаннан кейін шашты бірнеше рет сумен мұқият шаяды. Шаштарыңыз жарқырап тұру үшін1 литр суға асханалық қасықпен 2 қасық 8%-ды сірке қышқылын қосып, шашты шаяды. Шашты тарағанда тарақтың жүзі өткір болмағаны дұрыс. Әдетте ең жақсы тарақ капроннан жасалынады. Тарақты ыстық сумен сабындап жуып, оны таза ұстаған жөн. Әрбір адамның өзінің тарағы болуы тиіс.
Тырнақ күтімі. Аяқ және қол саусақтардың тырнақтарын өсірмей үнемі алып тастаған жөн. Тырнақ қандай жағдайда болмасын күтімді қажет етеді. Тырнақты күту – гигиенаның ең бір басты міндеті. Бір аптада тырнақ0,5 мм өседі. Жаз айларында тырнақ қыс айларына қарағанда тез өседі. Сондықтан да апта сайын тырнақты алып отыру керек. Ұзын болып өскен тырнақтың астына ауру тарататын микробтар көп шоғырланады. Ондай тырнақ денсаулықты нығайтпайды. Тіпті микроскопиялық саңырауқұлақтар өсуі сөзсіз. Үлкен тырнақ өте сынғыш келеді.