.»МӘҢГІЛІК ЕЛ – ИДЕЯСЫНЫҢ ТАРИХИ
ТАМЫРЫ»
Өтеп Назымгүл
Мейрамқызы - 10 «Ә» сынып оқушысы
«Мәңгілік Ел – ата-бабаларымыздың сан
мың жылдан бергі асыл арманы»
Н.Ә.Назарбаев
Қазақстан Республикасының
Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы -2050 бір мақсат, бір
мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Мен қоғамда: «Қазақ елінің ұлттық идеясы
қандай болуы керек?» деген сауал жиі талқыға түсетінін көріп жүрмін. Біз үшін
баршамызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар.
Ол «Мәңгілік Ел» идеясы», - деген еді.
Ешкімге тәуелсіз, еркін өмір
сүрген, елін жаудан азат еткен күллі көне түркі елінің арманы да Мәңгілік Ел
идеясы болған. Елін тәуелсіз еткен Күлтегін батыр халықты байлыққа кенелткен:
«Жалаңаш халықты тоңды, кедей халықты бай қылдым. Аз халықты көп қылдым. Тату
елге жақсылық қылдым», - деп мақтаныш сезіммен баяндаған.
Жоңғар шапқыншылығы және Ақтабан
шұбырынды алмағайып заманда қазақ ұлттық идеясының бағыт-бағдары айқындалып,
отаншылдық, патриоттық сарыны өзекті ойларға арқау болады. Қожаберген жыраудың
«Елім-ай» дастаны ұлттық идеяның негізіне айналды. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл
сұлама» заманы алты алашқа сын болды. Көрші екі ел, Қытай мен Ресей, қалмаққа
қару беріп, қазаққа айдап салды. Алты алаштың ұлдары қызылтаяң кезеңде сырт
дұшпанға алданып, Ресей мен Қытайдың айтқанына еріп, бір-біріне жәрдем бере
алмады. Қазаққа күнгей беттен түрікпендер соқты, башқұрттар татарларды шапты. Ноғайдан
басқалары қазаққа болыспады. Сөйтіп, қандастар жат болды. Екінші мәселе –
қазақтың ішкі бірлігі. Н.Ә.Назарбаев «Ру мен тайпаға бөліну – ұлттық
тұтастықтан айырылудың өте қауіпті түрі» деп орынды айтқан. Сонымен, елім-ай
елдік психологиясы – елді тұтастыратын, үш жүздің басын қосатын, көсем, шешен
би сайлайтын, көршімен жауласу үшін емес, татуласу, тіл табыстыратын идея.
Қазақ ұйымдасып, тізе қосып, топтасып, әскер құрып, есін жиып, жауды қазақ
ұлттық идеясы жеңді. «Әр пенде өз халқына сенеді екен. Тіршілікте ер ел-жұрын
көреді екен» дей келе, Қожаберген жырау «қазаққа ұйымшылдық жарасып тұр» деп айтады.
Қазақ хандығының құрылуын
Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ханға өкпелеп кетуіне ғана байланыстырып
қарайтындар табылады. Алайда, жүз мыңдаған халқы бар іргелес мемлекеттің
құрылуына мұндай «өкпе» негізгі себеп бола алмайды. Оның көптеген тарихи,
әлеуметтік, экономикалық және саяси астары болса керек. Қазақ хандығы
құрылуының түпкі астарын Ибн Халдун айтқандай, мүдде бірлігі жатты. Оны «Алаш
аңсары», «Мәңгі Ел мұраты» деп атауға болатын шығар. Қазақ хандығының қасиетті
Қозыбасы тауында ту көтеріп, жеке мемлекет болып шыққаны ХV ғасырда әлемдік
өзгерістерге жалғасатын дәуір алмасуына тұспа-тұс келген еді. Алғаш рет
«Мәңгілік Ел» идеясы Шығыс Түрік қағанаты әскерінің бас қолбасшысы Күлтегінге
арнап қойылған белгітаста түркі еліне жария етілген.
Тарихымызды білу парыз.
Тарихын білмеген халық тастанды бала сияқты: талай халықтар мақұрым болып
тарихынан, дәстүрінен, тілінен айырылды. Басқа тілге ауысқан, басқа дінге
өткен, әртүрлі партияға, руға, жүзге бөлінген, бірақ тегі бір, қаны бір
қазақтардың басын, қазақ тілі, мәдениеті, мұсылман діні негізінде бірігу
қажеттігі туып отыр. Қазақтың бірлігі біздің мақсатымыз, сонымен бірге ол
Мәңгілік Ел мақсатына жетудің жолы. Сонымен, көне тарихтан бастау алған ұлттық
идеямыз қазірде тарихи сабақтастықты бастан кешіріп, тәуелсіз мемлекетіміздің
рухани тұрғыдан тұрақты даму ресурсына айналып отыр. Оны Елбасының жари еткен
2015 жылға арналған жолдауында айқын көрсетіп берді: «Біз жалпыұлттық идеямыз –
Мәңгілік Ел басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму заңдылығын Нұрлы Жолға
айналдырдық. Мәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі.
Ол «Қазақстан - 2050» Стратегиясының ғана емес. ХХІ ғасырдағы Қазақстан
мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры». Әр ұлт өз бақытын өз қолымен жасайды.
Сондықтан қазақтың ертеңін ең алдымен, қазақ қана ойлауы керек. «Мәңгілік Ел»
идеясы бізді шындыққа тура қарауға, қайсарлыққа, табандылыққа, қазақты әрбір
іске көшбасшы болуға, ар-абырой сақтап, Ел намысын қорғауға жетелейді.
Мәңгі Ел жолында жеңіс әр
уақытта қолға тие бермес, күте білу, төзімділік таныту – біздің парызымыз.
Н.Ә.Назарбаев айтқандай, «ешбір секіріске, жөнсіз сынақ пен авантюризмге жол
беруге болмайды».
Мәңгілік Ел идеяның ұш негізден немесе үш тұғырдан тұрғаны анық. Біріншісі
– Түркі қағанаты билеушілерінің (Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк) саяси акт –
«манифест» ретінде әзірлеп, тарих сахнасына шығаруы; екіншісі – Әл-Фарабидің
философиялық тұрғыдан негізделуі және үшіншісі – Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дидактикалық дастанында құқықтық
мемлекеттің негізгі қағидаларының, яғни Ата Заң іргетасының қалануы. Жүсіп
Баласағұнның еңбегіндегі елдегі заңдардың бүкіл халыққа қызмет етуі және орта
топтың мемлекеттің әлеуметтік тірегіне айналуы туралы идеялары бүгінгі
Қазақстан қоғамы үшін өте маңызды. Бұл бағыт – қазіргі таңда «Мәңгілік Ел»
идеясын ұлттық идея ретінде жариялап отырған Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың да
ұстанып отырған стратегиялық саясаты.
Сол сияқты ЭКСПО -2017
Халықаралық көрмесін өткізу мен ЕҚЫҰ Саммитін ұйымдастыру да – ел алдындағы
жауапты үлкен іс, әрі Астанамыздың мол мүмкіндігінің нақты бір көрінісі. Елорда
күн санап көркеюде, өсуде, сәулеттенуде. Шынында, Астана асқақ еліміздің жүрегі
болмаса, дәл мұндай әлемдік маңызды міндеттер жүктелмеген еді. 1997 жылдың
аяғында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев 2030 жылға дейінгі
еліміздің даму бағдарламасын қабылдаса, араға 15 жыл салып, 2012 жылдың аяғында
қалыптасқан мемлекеттің «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасын жариялады.
ХХІ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлы «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» деп
айтпақшы Елбасы ұсынған ұзақ мерзімді стратегия болашақтың бағдаршамы екені
анық.
Тәуелсіздік таңы атысымен
ұлттық идея мәселесі қолға алынды. Жұлдызды сәт Президентіміздің «Қазақстан
жолы -2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында
жариялаумен туды. Енді не істеу керек?
Біріншіден, «Мәңгілік
Ел» идеясын зерттеуде, насихаттауда, оқу
үдерісіне енгізуде самарқаулыққа жол бермеу керек.
Екіншіден, заманауи ұлттық
идеямызды балабақшада, тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерден бастап оқушыларға,
студенттерге, жастарға жеткізу үшін бар күшті салған арттық етпейді. Осылардың
санасына, өмір салтына сіңген құндылық пен сенім «Мәңгілік Ел» орнатудың
қозғаушы күші болары күмәнсіз. Үшіншіден, «Мәңгілік Ел» идеясын қазақстандық
кәсіпкерлер, бизнесмендер қолдауының маңызы зор. Төртіншіден, болашағы жарқын
ұлттық идеямызды Қазақстандағы барлық этностар мен аймақтарға жеткізу атқарылар
іс-шараның бір парағы ғана. Қазақ елінің мәңгілігіне, гүлденуіне қызмет ететін
идея енді өмірге келді. Осынысымен-ақ «Қазақстан жолы -2050 бір мақсат, бір
мүдде, бір болашақ» Жолдауының мәңгілік ғұмыры басталды.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. «Егемен Қазақстан» газеті, 6 наурыз 2014 жыл, Астана
2. «Егемен Қазақстан» газеті, 26 ақпан 2014 жыл, Астана
3. «Егемен Қазақстан» газеті, 4 желтоқсан 2014 жыл, Астана