Қуандық Шаңғытбаев атамыз «Сабалақ» атты өлеңінде бұл жағдайды былайша суреттейді:
Төбеде жан көп ескеріп Құдайды,
Қуанғаннан көзін жасқа бұлайды.
-Тосқауылдан тосын тиген қайсың?- деп,
Жан-жағына қарап жұрттан сұрайды.
-Кім? – дейді жан, тағы айнала қарап ап,
Ақ сақалын саусағымен салалап.
-Мен,-дейді бір жігіт сонда жақындап,
-Атыңды айтшы. – Атым, тақсыр,- Сабалақ.
Талай рет жекпе-жекке тіленіп түсіп, Қалдан-Шеріннің сүйікті жиені Шарышты өз қолымен өлтірді.
Ықпалы жүрген ер еді,
Алтыннан қылыш будырған.
Абылайлап ат қойып,
Жауды көрсе құтырған,- деп
жырлады оның ерлігіне сүйсінген жырау.
Он бес жасынан бастап қан майданды көзімен көрген, қырғын шайқастарда ерлік-тапқырлықтарымен көзге түскен бабамыз ең алдымен елдің тұтастығы мен дербестігі қажет екендігін терең түсінді. Осы мүддесін іске асыру үшін ерлік ісімен де, шешендігімен де, тапқырлығымен де, ақылдылығымен де, шебер ұйымдастырушылығымен де өз замандастарынан бір бас жоғары тұрды.
Қазақ елінің тағдыры сынға түсер сәттерде Абылай хан ештеңеден тартынбаған екен.Тіпті Ресей мен Қытайға тосқауыл болу үшін кепілдікке балаларын да берген екен. Ал ардақты батырлары соғыс даласында қаза тапқанда көзінің жасын сығып тастайтын сәттері де болған.
Абылай қытай, қалмақ тілдерінде еркін сөйлеп, олардың ықпалды адамдарын ұтқыр сөздерімен тосылтып отырған. Қазақ мәдениетін жетік білген бабамыз өз жанынан «Ақ толқын», «Ала байрақ», «Сары бура», «Шаңды жорық», «Қайран елім» т.б. күйлерді шығарған. Шоқан Уәлиханов айтқандай, сол заманның эпикалық қарымдағы ерлік істерін күй тілінде бейнелей білді.
Абылай атамыздың ордасы Көкшетауда болғанымен, оның ықпалы бүкіл қазақ жеріне жүріп тұрды.
Өзінің сабырлы мінезімен, адамгершілік қасиеттерімен сыйлы хан атанды. Абылай бабамыз елді дала демократиясы бойынша әділ басқарған. Халық жер шаруашылығымен айналысып, малға шөп дайындаған.Тұрғын үйлер салумен айналысқан.