Менің Қазақстаным – менің мақтанышым!
Қазақ жері қасиет дарыған жер
Ұлы Абай мен Шәкәрім, Мұхтар дүниеге келген жер
Абылай, Керей, Жәнібектер ел құрған жер
Төле, Қазыбек пен Әйтекелер сынды даналар билеген жер, - деп елім, жерім деп толғана отырып, тәуелсіздік алғаннан бері елімнің жеткен жетістіктерін бір параққа сыйғызып жазып көруге тырыстым.
Қазақстан егемен ел болып, тәуелсіздік алған күннен Елбасымыз тәй-тәй басқан халқының тәуелсіздік көшін бастап, асқар асулардан асып, келешекке нық қадам басып келе жатыр. «Алдыңда не күтіп тұр, соны ойла, игі мақсатқа тура жүрген жетеді» деп Фирдоуси айтпақшы ел үмітін мен сенімін арқалап, ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсаған, арман болған тәуелсіздікті ту етіп, жақсылықтың жалауындай жарқ етіп, бұлт артынан нұрын шашқан күндей елін жарқын болашаққа жетелей білді. Діні мен тілі, тарихы мен әдет-ғұрпы жылдар бойы бұғауда болған ұлтының мәртебесін көтеріп ұлт ұлы атанды, еркіндік пен елдікті сезінген елінің еңсесін көтерді.
Теңдігіміздің, егемендігіміздің куәсі Қазақстан Республикасының Ата Заңы, ұлттық рәміздері, төл теңгесі, мемлекеттік тілі – ұлт мақтанышы.
«Байлық – байлыққа ие болуда емес, оны ұқсата білуде» демекші ұлт байлығы ана тіліміздің тұғыры биікке көтеріліп, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз жаңғырып, дініміздің мәртебесі айшықталып, елдіктің, егемендіктің жолында зиялы өмірлерін құрбан еткен талай саңлақтардың аты ақталып қазақ халқы басынан өткен бар қиындықты сырт киімдей сыпырып тастап, жаңа өмірге қадам басты. Жаңа елге жаңа астана сайланып, Астана қаласы бой көтерді. Астана – мемлекетіміздің символы. Астана- еліміздің бас қаласы. Елбасымыздың бастамасымен астанаға айналған қала аз уақыттың ішінде әсем, көркем, сәулетті, басқа елдер қызығып қарайтын бәсекеге қабілетті қала болды. Онда «Қазақ елі» монументі, «Бәйтерек» мұнарасы, «Нұр Астана» мешіті, «Думан» ойын сауық орталығы, «Хан шатыр» сауда орталығы ерекше орын алады. Биік ғимараттар, гүлденген көшелер, сәулетті ескерткіштер барлығы Астаның мәртебесін білдіреді.
Жаңадан салынған «Астана Опера» театры қазақ мәдениетінің қарыштап дамығанын, биік деңгейде екенін көрсетеді.
«Бүгінгі бір күн ертеңгі екі күнге татиды» демекші егемендіктің алғашқы жылдарында-ақ Президенттің бастамасымен eліміз орасан жетістіктерге қoл жeткізуі үшін мынадай ұзақ мeрзімді жeті басымдықты іскe асыру жоспарлады: ұлттық қауіпсіздік; ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның топтасуы; экономикалық өсу; Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқаты; энергетика ресурстары; инфрақұрылым; кәсіби мемлекет. Қазақстан - бұл ең күрделі жылдары ТМД бойынша өзінің жол нұсқайтын шамшырағы - 2030 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясын жасаған тұңғыш ел.
Тәуелсіздік жылдарында талай спортшыларымыз жүлделі орындар алып, Қазақстан қоржынын медальдарға толтырып, ұлт мақтанышына айнала білді. Қазақстан спорты үшін әсіресе биылғы жыл өте жеңісті де жемісті болды. Рио олимпиадасында Данияр Елеусінов, Дмитрий Валантин, Жазира Жаппарқұл,Ольга Рыпакова, Иван Дычко сынды спортшыларымыз Қазақстанның көк туын көөке көтеріп, бүкіл әлемге әнұранымызды паш еткенде кеудемізді зор мақтаныш кернеді.
Төле би елдің ауызбіршілігі жайында айтқан «Бірлік жоқ жерде – тірлік жоқ» деген сөзі осы тұста қазақстандықтар үшін ұран болғандай. Қазіргі таңда бейбіт өмір әр елдің баға жетпес қазынасы болып табылады. Қазақстан мемлекеті жер жүзінде ең бейбіт ел атанғанын мақтанышпен айта аламын. Қазақстан тәуелсіз ел атанып, дербес мемлекет құрғанына ширек ғасыр болды. Тарих қойнауына өткен бұл кезеңде Қазақстан әлем аренасында үлкен беделге ие болып, іргетасы берік орнықты. Төрткүл дүние қазақтың кім екенін танып білді.
Тәуелсіздік жылдарында да Қазақстанды дағдарыс шарпып өткен шақта халықты тығырықтан шығару мақсатында «Жол картасы», «Жүз мектеп, жүз аурухана» сынды бағдарламалар жүргізіліп, халықтың әлеуметтік ахуалын жоғарылатты. Қазақстанның түкпір-түкпірінде қирап қалған мыңдаған мәдени нысандар қалпына келтіріліп, жаңадан тұрғызылып, «Жасыл Ел» бағдарламасы бойынша абаттандырылып, елді мекендердің көркі келді, жұрт қуанышқа бөленді. Ауыл шарушылығы мен шағын кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, ел тынысы кеңіді. Мұнай өндіру, кен өндіру, машина жасау тағы басқа ірі кәсіпорындар іске қосылып, Қазақстан экономикасы жылдам дамып, шетелдерге өз тауарын тәуелсіздік тұсында жалғанған су, темір, әуе, тас жолдары арқылы тасымалдауда.
Біз – Ұлы даланың перзенттеріміз. Біздің бабаларымыз осы далада өмір сүріп, көкке табынған. Тәңірі дегеніміздің өзі – көк аспан. Біздің туымыздың көк түсті болуының астарында да осындай сыр бар. Бірегей көк түс – еліміздің бірлігінің белгісі. Ен¬деше, бізге неге өзімізді Ұлы дала еліміз деп атамасқа. Меніңше өте орынды ұсыныс, себебі, қазақ жері арқылы басқа елдермен қарым –қатынас ежелден басталған. Мысалы, Ұлы жібек жолы дүниежүзілік сауданың дамуының бастамасы болған, солай болып қала береді. Қазақ елі небір соғысты, ашаршылықты көрсе де, ешқашан мойымаған, қайсарлығы, батырлығы, өрлігі мұқалмаған ел. Қазір де бірлігі мен тірлігі жарасқан Ұлы Дала елі. Үстіміздегі жылы қазақ хандығының 550 жылдығы аталып өтілді, тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойы атап өтілуде. Бұл айтулы күндер біздің түп-тамырымыз тереңде жатқан Мәңгілік ел, Ұлы Дала елі екеніміздің дәлелі.
Мен Қазақстанды өркениетті, мәдениеті және даму деңгейі жоғары мемлекет ретінде туған елімнің жетістіктерін мақтан тұтамын.