Сен сұлусың! 2
Сен сұлусың мүсінің қандай әсем ,
Сен биіксің бейнебір күндей көсем .
Сен мөлдірсің бұлақтай таудан аққан ,
Желкенім бол самал боп желпіп есем.
Сен көркемсің жанарың от шарпыған ,
Сен ыстықсың ынтық боп мен талпынам .
Сен еркемсің еліктің лағындай ,
«Сен!»деп жүрек тулаумен мың шалқыған .
Ғашықтықтың белгілі шарты маған ,
Түн болсам сен жұлдызсың жарқыраған .
Алыс кетсең мен саған жақындаймын,
Жақын келсең мен сені тартып алам.
Сен нұрсың өміріме өң беретін ,
Сен жырсың көңіліме сән беретін .
Сен күйсің жанды тербеп жадыратар,
Әлемде саған жан жоқ тең келетін.
Сен тұнықсың дидарың қандай ашық ,
Бір көрген жан өзіңе болар ғашық.
Бақ сынасса сенімен мың сұлу қыз,
Ақыл көркі кете алмас сенен асып.
Сен аққусың көлдегі сылаң қаққан ,
Әдепті боп әдемім болдың мақтан .
Жүрегіңнің дүрсілін сезінемін ,
Сағынышта сарғайып осы жақтан.