Табиғат- өмір...
Ну орманда барлық ағаш сырласты,
Қайғы толып күрсінумен мұң басты.
Сөйлеп кетті көпті көрген қарт емен:
«Қайран өмір, мәңгі бақ та тұрмас-ты...
«Мыңдаған жыл өмір сүріп келемін,
Майыспайтын қайсар қатты өр едім.
Балта деген сұмдық шықты естідім,
Жас өркенге тым алаңдай беремін...
Балталауды ойланбастан бастапты,
Табиғатты үрейлентіп, жасқапты.
Қорғанатын бұдан қандай амал бар»
Ағаштарда күндіз-түні бас қатты...
Тал басында сауысқан да саңқылдап,
Шыға келді бәрі оны мақұлдап.
«Біліп келдім темір екен түбірі,
Қолдаушысы нағашысы, аңқылдақ»
Барлық ағаш сұрау салды: «Кім екен?»
Біріне аға, ал біріне іні екен...
Тым алыстап кеткен екен елінен,
«Көзден кетсе көңіл суыр» шын екен...
Ағаш екен ортасынан суынған,
Кеше ғана керексіз боп қуылған.
Тез өзгеріп шыға келді ағаштар,
«Өзіміз»-деп, «өзімізден туылған...»
Ортасынан табар адам Меккесін,
Кімді аясын жаны запа шеккесін?
Ұрпағыңды көзден таса етпегін,
Алыс жақта жат бауыр боп кетпесін!!!
10.10.2012жыл.