Сұлу-өнер.
Қарай бергім келеді көзімді алмай,
Жаның сұлу, ерітер сөзің балдай.
Жан дүниемнің сезіндім рахатын,
Өн бойымда өзгеріс есім қалмай.
Жанарыңнан сезіндім жылылықты,
Өнеріңмен көрсеттің ұлылықты.
Келбетіңнен келісті кер маралдай,
Жүрек еріп, елжіреп, тынығыпты.
Сұлулығың тартады жетегіне,
Қаншама жыр тыңдалмай кетеді ме?
Табиғаттың тартымды тұлғасысың,
Бұл күніме мың күнім жетеді ме?!
Жанарлар түйіскенде от шарпыды,
Сезіндік саф өнерді сен арқылы.
Қия алмай қоштасарда қарай бердім,
Жүректің беймәлімдеу бұл тартымы.
Қарай бергім келеді көзімді алмай,
Жылап тұрып күлесің өзіңді алдай...
Аз күндерде тартылыс күшін сездім,
Әнің қалды жүректе, өзің шалғай...
01.11.2008жыл.