Жауап.кз вопросы и ответы
0 голосов
спросил от Batyirxanov в категории Ұстаз

Ваш ответ

Отображаемое имя (по желанию):
Конфиденциальность: Ваш электронный адрес будет использоваться только для отправки уведомлений.
Анти-спам проверка:
Чтобы избежать проверки в будущем, пожалуйста войдите или зарегистрируйтесь.

3 Ответы

0 голосов
ҚАНЖАР,ЕЛЕС,ҚҰДІРЕТ...
Алғаш естігенде ол мүлде өз құлағына өзі сенбеді. «Бұл қалай? Мүмкін емес, неліктен мен?» ,- деген үздіксіз сұрақтар көкейіне жаспен бірге кептеліп қалғандай болды. Бірақ енді кері шегінер жол жоқ.Бірге оқитын топтағы балалардың барлығының үрей мен аяныш аралас қарағаны Назгүлдіңжүрегіне инедей қадалды.Сол мезет қоңырауда шыр ете қалды. Енді Назгүл ақырын басып оқу орнының арнайы мейірбике кабинетіне құлықсыз бара жатты.
-«Назгүл, сен уайымдама, қазір бұл дерттен тез жазылады. Оқуыңды кейін жалғастырып аласың, Ең бастысы денсаулық екенін ұмытпа! Өкпе дертінің алғашқы белгілері екен. Толық емдеуден өтсең оқуың ешқайда қашпас..»,- деп мейірбикенің сөздерінің ол кейбірін естіді,кейбірін естімей қалып жатты. Көздерінен домалай сырғыған ыстық жас, еркінен тыс аға берді, аға берді...
    Назгүл кішкене кезінен ерке-тотай болып өскен еді. Ата-анасы басынан құс ұшырмай мәпелеп отыратын. 11 сыныпты бітіріп, қалаға келгенде мұғалімдік мамандығына  бар-тапқан таянғандарын жинап оқуға түсірген.  Басында барлығы өз кезегімен өтіп жатты. Бірінші, екінші курстарда ешқандай бөгет болған жоқ.Тек соңғы курсы қалғанда келеңсіз жайттар бірінен-соң бірі басталған еді.
 Ең бірінші әкесіАнарбек инсульт алып, екі көзінен су қараңғы болып қалды.  Сонымен қатар  еске сақтау қабілетін  қоса жоғалтып, беймаза күйге түскен-ді.  Назгүл анасы екеуі түн баласы ұйқы көрмей әкесіне қарап шығатын.  Ол әрдайым әкесінің «Жарықты жағыңдаршы, неге көзім түк көрмейді? Далаға шығарып келіңдерші» деп ауық-ауық қайталап, қолымен қабырғаларды дүрс-дүрс соғып,  жалынғандағы сөздерін естігенде жүрегі қарс айырыла жаздайтын. Ұзақ уақыт әкесінің жанынан бір сәтке де шықпайтын анасын демалуға жіберіп, әкесінің жанында отырып, таң қылаң бере жастыққа басы тигенде, сабаққа баратын уақыты да болып қоятын. Бірақ сабақтан әсте қалмайтын.  Өзі жасынан ерке болса да сезімтал болатын. Үйдегі жағдайды әркез еске алып уақытымен тамақтануды кейінге қалдыратын болды.Көбінесе анасы мен әкесінің жағдайын ойлап, сабаққа ден қоюы төмендеп кеткен-ді.
Студенттердің денсаулығының дұрыстығын тексеретін уақытта жетті. Назгүлдің  кейінгі кезде кеуде қуысы ауырсынып, аздап жөтеліп жүрген болатын. Бірақ ол тұмауратып жүрген шығармын деп аса мән бере қоймаған.Оның  қандай да бір дертпен ауырам деген ой, үш ұйықтаса түсіне де кірмейтін. Алайда сабақта отырған кезде кіріп келген мектеп  мейірбикесі «Назгүл Сағатова сабақта бар ма?» деп сұрады. Орнынан ұшып тұрған Назгүлге «Сағатова, сенің өкпеңде қарайған дақ бар екен. Өкпе құрты  ауруының белгілері байқалады. Саған студенттермен бірге отыруға болмайды. Ертеңнен бастап сабаққа келме, сараптама жасау үшін тубдиспансерге баруың керек» деп қойып қалды.
Бұрын өкпе дертімен тек түрмеден шыққандар және таза жүрмейтіндер ғана ауырады деп санасына түйіп алған Назгүлге бұл жайт ауыр соққы болды. Көздерінен ыстық жас төгіле берді.
Үйіне жеткенше асықты. Жеткенде әкесінің « Мені далаға шығарып келші, жалынамын» деген дауысы естілді. Ал анасы болса, « Оу, жаңа ғана даладан келдік қой, кіргеніміз жаңа, шыдашы енді, қазір Назгүл келеді, сені тағы шығарады» , деп түсіндіріп жатқан шаршаңқы дауысын естігенде қалайша жыламасқа?
-Мама, қалдарың қалай?
-Ә келдің бе? Сол, әкең қайта-қайта далаға шыққанын ұмыта береді, екеуіміз алысып жүрміз.( жымиған түр көрсетті)- Сенің сабағың ерте бітті ме? Әлде сұранып келдің бе? Көзің ісіп тұр ма? Жылағаннан саумысың? Не болды?» ,деп қатарынан көп сұрақтың жауабын бірден алғысы келгендей.
- Мама, мен енді сабаққа бармаймын. Менің өкпемде қарайған бар екен. Түбіркүлез ауруына шалдықтым, дәрігер сабаққа келмеуімді айтты. Мама енді не істеймін?...
-«Құлыным-ау сол, боташым-ау сол, неге басымыздан қиын күндер арылмай қойды? Не жаздық саған? Енді жетпегені осы еді»,- деп ол  орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Назгүлге анасының әл-дәрмені бітіп кеткендей көрініп кетті. Жан-ұшыра анасын құшақтап алды.
-Жарайды маматай, уайымдамашы, бәрі жақсы болады, жақсы болуға тиіс!,- дей берді сыбырлап.
Үйде өлі тыныштық орнады. Отырған екеу өз ойларымен әуре, тек әкесінің ғана «Мені далаға шығарыңдаршы, жарықты жақсаңдаршы, Неге үндемей қалдыңдар? Ешкім жоқ па? Бәрі қайда кеткен?» деген дауысы ғана естіледі.
         Назгүл ертесінде қалалық тубдиспасерге барып,  сараптама тапсырды. Оң жақ өкпесінде аздаған қарайғаны үшін 3 ай мерзімде емханада жатып емделуге тура келді. « Басыңа түссе баспақшыл» деген сөз бар ғой. Әкесіне қараған анасының жағдайы қанша алаңдатса да, Назгүл емханада жатып, емделіп шығуға тиіс еді.
ответил от Batyirxanov
0 голосов
Күз айының орта шеңі. Ауа-райының әлденеге көңілі толмағандай түсі суық. Денені дір еткізер суық леп сезіледі. Сарғайып әлдеқашан жерге түсіп, топыраққа бұлғанып қара-қошқыл түске боялған жапырақтар ақ көңілге түскен қаяу іспеттес көңілсіз күй сыйлайды.
 Оянып мейірбикелердің беретін үлкенді-кішілі домалақты дәрілерін ішіп алған соң Назгүл әдеттегідей қабырғаға қарап қалың ойға шомды.
«Тубиктер» « Жұқпалы дертті аурулар». Бұрын қаланың шетіне орналасқан емхананың жанымен өткенде құрбы қыздарымен бірге ондағы науқастарға біртүрлі жиіркенішпен, тыжырына қарайтын.  Дертіне дауа іздеп емделіп жатқан, кейде таза ауаға серуенге шығатын, тірі аруақтай арық, жел соқса құлап қалардай құр сүлдері қалған жандарды көрген де, ешқашанда  ұзақ ойланып көрген емес. Тек дерттеріне олардың өздерін кінәлап, ұнатпайтын. Жандарынан өткенде танауларын басып, жүгіре басып өтетін.  Енді қазір өз басынан түскен дертті, Алла тағала сол күпіршілдігіне қарай жібергендей...
 Оның ойын палатаға кірген санитар әйелдің дауысы бұзды.
–Шығыңдар палатадан!  20 минут кварц қосамын. Иленіп жата бермей, біруақ былай-былай жүрсеңдерші.
-Апай, мен жата берейінші, тонып тұрмын.
-Сөзді қойыңдар, кеше де кварц қосылмады. Шығыңдар,шығыңдар!,- деп қоярда қоймай, палатадағы 4 адамды қуғандай шығарып жіберді.
   Түскеннен бері дұрыс таныса қоймаған 4 тағдырлас жандар түстен кейін  бір-бірімен танысып, сөйлесе бастады. Назгүлдің оң жақ қатарында жататын орта бойлы домалақ келіншектің аты Сая екен.  Сол жақта төсегі орналасқан 25-26 жастағы қыз Салтанат деп таныстырды өзін. Ол қаладағы жоғары оқу орнындарының бірінде оқиды екен.  Ал шыға беріске жақын орналасқан төсектің иесі алпыстар шамасындағы үлкен кісі. Барлығының бастарын осы дерт біріктірген. Іштеріндегі ең кішкентай және кешке дейін жылай беретін Назгүлге өздерінше ақыл айтып, қамқорлық білдіріп жатты.
« Үш күннен соң көрге де үйренесің» Назгүл де күнделікті дәрі мен емхананың татымсыз тамағына ақырындап үйреніп келе жатты. Туған- туысқандары күн аралатып келіп тұратын. Ал Назгүл «достарым» деп жылы ұшырайтын құрбылары келмек тұрмақ  хабарласпады да. Жанын жегідей жеген осы жайт еді. Тек кішкентайынан бір нанды бөліп жеген Гүлжан құрбысы ғана келіп, хабарласып тұрды. Достың достығын басыңа іс түскен де ғана білесің деген осы ғой.
 Палатадағы төртеуінің жағдайы төмендеуі Салтанат еді. Күннен күнге салмақ тастап, тұншыға жөтелуі көбейіп кеткен.  Өзі өте арманшыл қыз еді. Әрдайым өзінің мақсаттары мен жоспарлары туралы айтып отыратын. Бірде « Осы дерттен құлан- таза айығып кетсем, оқуымды ары жалғастырып, магистрант боламын. Шетелге саяхатқа шығамын» деп алысқа көз тастайтын.  Ал Салтанаттың кейінгі тапсырған сараптамасы қуантарлық болмады. Содан бері оның көзінен жас тыйылмай, бүк түсіп жата беретін. Оны Назгүлдер  тамаққа шақырып көңілін қаншама рет ауламақ болса да , түк шықпады. Салтанаттың бір сәт дәлізге шыққанын пайдаланып, Назгүл оның төсегін жинап қоймаққа жастығын көтерген еді, бір құтыдағы күнделікті ішуге тиіс дәрілердің жиналып қалғанын көрді. Оның күнделікті дәріні ішпей жүргенін көргенде жағдайының күн санап  төмендеп бара жатқанының себебін білгендей болды. Құтыны қолына ұстап жанындағы екі апайға көрсетті. Олар да шошып, дабырлап кетті. Олар енді Салтанаттың келуін күткен еді. Есікті ақырын ашып, құрғақ жөтеле басып кіріп келген Салтанатты үшеуі қылмыскер ұстағандай ортаға алып қаумалап тергей жөнелді.
-« Сен неге дәрілерді ішпей жүрсің?
- «Бәсе жағдайың төмендеп кеткені содан екен ғой!»
-«Дәрілерді ішпесең жағдайың не болады?
Қабаттаса шыққан сұрақтарға Салтанат ызалана жауап берді.
-« Дәрілердің еш пайдасы жоқ! Ішкеніме 6 ай болды. Неге жазылмаймын? Бұл дәрілер ағзаны улағаннан басқа пайдасы жоқ, естисіңдер ме? Өлеміз бәріміз, Түбіркүлезден көп адамдар толық жазыла алмайды! Мен өлем, ішпеймін... Менің армандарым... армандарым...»,- деп сөз аяғын айта алмай демігіп барып сылқ құлап түсті. Отырғандардың да көкейіндегі ойлары шым-шытырық болып,үнсіз жылап отырды, барлығының білсе де айтуға жасқанатын сөздерін Салтанат дөп басып жайып салғандай...
Бар тапқандары  кезекші дәрігерді шақыруға тұра жөнелді.  Назгүлдің көз алдынан Салтанаттың ашына айқайлағаны келіп түнде де дұрыс ұйықтай алмай дөнбекшіді. Ал, Салтанатты жағдайы ауыр науқастар жататын палатаға ауыстырған болатын. Түнде оның үңірейіп бос тұрған төсегі көңіліне көлеңкелі қорқыныш ұялатады.
Таңға жуық Назгүл тарс-тұрс еткен дауыстан шошып оянды. Әдетте  «Подъем» деген дауыстан кейін ғана ояна бастайтын көршілері ерте оянып күбір-күбір сөйлескен беймаза кейіпте отырғандарын көріп, бір жайттың болғанын анық сезді.  Олар оянған Назгүлді көріп әлденені жасырғандай тып-тыныш бола қалды. Алайда  олардың қып-қызыл болып домбыққан жүздерінен бір нәрсенің болғанын айтпай-ақ түсінуге болар еді.
 Ол: - Салтанатқа бірдене болды ма?  айтсаңыздаршы»,- деп екеуіне кезек қарады.
Салтанат түнімен  өмір үшін, ажалмен  арпалысып, таңға жуық үзіліп кетіпті.  
-«Өмірге құштар жан еді... Амал не, өз-өзіне істеді. Ұзақ уақыт дәрілерді ішпей, жинап дәретханаға ағызып жіберіпті... Сендерге айтарым дәріні ішпей қоюшы болмаңдар! Не болғанын көздерің көрді»,- деп палата дәрігері  Елена Ивановна ауыр күрсінді.Күнделікті сағат 10 да дәрігерлердің бақылау сағаты уақытында, Елена Ивановна үшеуін алма кезек тыңдап, тексеріп жағдайларын сұрап болғаннан соң, «Ал қыздар менің сендерге айтар жаңалығым бар.  Қазірде осы дерттің түп-тұғырын құртуға  бағытталған ДОТС+ деген препарат келді. Ол- қазірде ішіп жатқан дәрілеріңнен екі есеге артық әсер етеді. Бұл дегеніміз, дертті түбірімен жояды. Бұл препараттардан кейін науқастардың 60 пайызға дейін қайталап ауырмауына кепілдік бар. Бірақ бұл препаратқа шыдау үшін ағзаларыңыз дайын болуға тиіс. Кері әсері бастың психикалық уақытша ауытпаушылыққа шалдығуы бек мүмкін. Жаңа айтқанымдай мұндай жағдай уақытша құбылыс.Егер келісем десеңіздер өтініш білдіріңіздер. Басқа қабатқа ауыстырып емдеу курсын бастап кетеміз. Емдеу курсы  бір жыл» деді.Үшеуі мұндай ұзақ емдеу курсына келісім берер, бермесін ойлап, туыстарына қоңырау шала бастады.   3 айға әрең шыдап жүрген Назгүл үшін  мына 1 жыл көлеміндегі емдеу курсы, өмір бақи емханада жататындай қорқынышты көрінді. Ол «Жоқ, мен келіспеймін!»,-    деп шешкен еді.
Алайда анасымен осы жайындасөйлесіп көруге бел байлады. Анасы Назгүлді мұқият тыңдап алып:
- « Балам, денсаулық ең маңызды. Жас кезіңде денсаулығыңды түзеп алғаның дұрыс. Егер ойлап қарасаң  бір  жыл түкте көптік етпейді. Денсаулығын түзеу жолында кейбір жандар ондаған жылын сарп еткен. Маған алаңдама, туысқандардың арасындамын. Бұл саған беріліп тұрған мүмкіндік болар, ботақаным...»,- деп көз жасын бір сығып алды.
Назгүлде ол кезде ДОТС+пен емделіп, құлан-таза айығып емханадан бірақ шығуға  бел байлап тұрған еді. Ол келесі күні дарігерге келісетінін айтты. Сонымен қатар,өзінің басқа қалада емделгісі келетінін де жеткізді.
Дәрігер қыздың тас-түйін бекініп, айтқанынан қайтпайтынын сезді.
Ол: «Жарайды Назгүл, түсіндім, мен қарастырып көрейін, өзім айтамын,-деген еді.
ответил от Batyirxanov
0 голосов
Келесі аптада Назгүл басқа қалаға  қарай жол тартып кетті. Нақтырақ айтқанда тубдиспансеріне.
Оны 4 қабатты емхананың  ДОТС+пен емделетін қабаттағы екі кісілік палатаға апарып жатқызды. Палатаға кіріп келгенде бейне саябақпа деп қаласың. Терезенің алдына көп, үйде өсірілетін  гүлдер  қатарласып жайғасыпты. Оларды күтіп-баптап  30 дар шамасындағы қыз жүр екен.  Палата үйдің бір бөлмесі сияқты әдемі жиналыпты. Бір –түрлі жайлы көңіл-күй сыйлайды. Назгүлді алып келген мейірбике
-«Қарашаш көршіңді қабылдап ал»,-деп әзілдей күліп, кетіп қалды. Қарашаш жаңа келген Назгүлге жақтырмай қарады.
-«Жаңа ғана ауырып келген «свежий» науқасты менің жаныма алып келгені несі?», деп бұрқ ете қалғандай болды. Сосын Назгүлге бажайлай қарап, « Қай жақтан келдің?» деп сұрады.
Бірақ Назгүлдің сөйлеуге құлқы болмай тұрған. Өзіне дайындап қойған төсектің көрпесінің бір шетін ашып, қабырғаға қарап, бүк түсіп жатып қалды.
 Кеш қарая «Әй қыз, қашанғы жатасың? Тамақ іш» деген  көршісінің дауысынан оянып кетті.
 Палата іші ала-көлеңкеленіп қалыпты. Танауына дәмді тамақтың иісі келді. Назгүлге бұл иіс үйін есіне түсірді. Көмейіне өксік ұялап, қалай жылап жібергенін де білмей қалды. Оның мұрынын қорс еткізіп тартқанын естіген көршісі Қарашаш жақындап келіп бетіне үңілді.
-« Сен не, жылап жатырсыңба?  Жылама, бәрі жақсы болады. Әлі-ақ жазылып кетесің.»,- деп арқасынан сипап бетінен сүйді. Бейтаныс жанның арқасынан сипап бетінен сүйгені Назгүлді қатты толқытып жіберді. Енді ол  бұрылып бейтаныс қызды құшақтай алып, анасының бауырына тығылғандай өксіп-өксіп жылап алды. Басында қатал мінез таныта сөйлеген  қыздың, жаны нәзік өте мейірбан жан екен. Назгүлді жақын тартып, өз ақылын айтып, берік болуын, қиындыққа шыдай білу керектігін, әр күн сайын үйретумен болды. Ол  уақытын әркез іс тігумен, гүл өсірумен өткізіп тұрады екен. Күн өте келе олар әпкелі-сіңіліндей жақын болып кетті.Бүгін Қарашаш өте көңілді жүр, өйткені оның емдеу курсы аяқталып, туған жеріне кететін күні. Қарашаш кетерінде Назгүлді қайта-қайта құшақтап, «Тамағыңды ішіп, дәріңді қабылдап, уайымдамай көңілді жүр» деп шегелей,  әпкелік ақылын айтты.
Уақыт өте келе дәрігер ескерткендей дәрілер әсер ете бастады. Кейін келе көз алдына ала киінген адамдар елестеп, шошына айғайлайтын.  Қыздың күн санап түрлі әдет шығарып келе жатқанын байқаған дәрігерлер Назгүлді көздерінен таса етпейтін.  Көрген көз сүйсінетін сүйкімді қыз, ұзын-ырғасы бір-екі аптаның ішінде аруақтай азып, түске кірердей қорқынышты сүлдерге айналып бара жатты. Дәрілерді мүлде тоқтатса да Назгүлдің оңалар түрі көрінбеді. Дәретханаға шығуға қорқып, бойына жібере салатыны үшін санитар келіншектерді де мезі етті.
Таң  қылаң беріп келе жатқан кезі еді. Барлық емхана қызметкерлерінің шырт ұйқыда жатқан уақыты. Үстіне қап-қара сұлбаның төніп келе жатқанынан Назгүл шошынып оянды.
Есі кіресілі-шығысылы болса да өзіне төнген қатерді, тірі жанның барлығы да сезеді емес пе? Назгүлдің үстіне төнген жын ба? Адам ба? Айырып болмайсың, бірақ астына кірген қанжарды анық сезді. Назгүлдің жан дауысы шықты. Жан ұшыра шыңғырған қыз, үстіндегі пәлені шыбындай көрмей сілкіп тастап,  жүгіріп бара жатқаны ғана соңғы минуттарда есінде қалды. Ары қарай тұнғыйық...
***
Хош, Назгүлді қаланың сыртындағы жүйке жүйсін емдейтін емханаға алып кетті. Алып кеткені жайында ешкімге хабарламапты да. Іздеп қоңырау шалған, келген жандар емханадан қашып кетті, өзімізде таппай отырмыз деген жауап алыпты.
Жүйке жүйесін емдейтін бұл емханада көбіне үй-күйі жоқ, сұраусыз жандар, өмірінің соңына дейін жатады екен. Ешкім іздеп келмейді, іздегісі де келмейтін көрінеді. Назгүлді алып барған уақытта ондағы мейірбикелердің өздері де таң қалды.
-« Сенің шынымен ешкімің жоқ па? Сүйкімді ғана қыздарын қалайша, осындай жерге тапсырған?»,- деп сұрай бастады.  Өмірге қайта бейімделе бастаса да, әзірге оңалып кете қоймаған Назгүл –« Менің туыстарым бар, тек олар менің осында екенімді білмейді» ,- деп шарасыз жауап қайтара  беретін.
 Жүйке жүйесін емдейтін емханадағы жандардың арасындағы үш қыздың  есі дұрысы Назгүл еді. Ал екеуі мүлде есін білмейтін, тек тамақ пен дәрет сындыруды инстинг  бойынша ғана білетін жандар. Назгүл мұндағы жандарды көріп, өмірді сау сүрудің өзі бір ғанибет екенін толық түсінді. Олардың есі дұрыс болмаса да, адамға деген қамқоршы сезімдері бар екен.  Басында Назгүл олардан үрейі ұша қорқатын, кейіннен оларға бойы үйренді. Өзі жататын палатаны жуатын кезде біреуі пол жуатын шелекті көтеріп, біреуі шүберек әкеліп көмектескісі келетін. Оларға дені сау адамды көру бейне қызық сияқты...
****
Назгүлді туыстары іздестіріп, ақырында осы жерден тапты. Қызды дұрыс бақылауға алмай, осындай жағдайға дейін жеткізген дәрігер орынынан алынған екен. Назгүлдің терезеден секіргені рас еді. Бірақ оған себеп болған жағдай,өзіне де түсініксіз... ҚАНЖАР, ЕЛЕС, ТҰҢҒЫЙЫҚ...
ЖаннұрӘнуарбекқызы
Р.S: Сол түні Назгүлге қадалған қанжар кезекті ине (укол) салмақшы болған мейірбике еді. Бірақ Назгүлдің оқыс қимыл жасауын күтпеген ол, қыз құлағанда қатты шошынып мойындаудан қорыққан екен. Алайда, Аллаһ тағаланың құдіретімен Назгүл өмірге басқа көзқараспен қайта келгені анық еді...
ответил от Batyirxanov

Похожие вопросы

0 голосов
1 ответ
спросил от Saiynbek_pro в категории Музыка
0 голосов
0 ответов