Бұл жөнiнде Ш. Уәлиханов өзінің мақаласында былай деген: "...От әулие (киелі) болып саналады... Қарғыс... Отқа түкіруге, ошақты басуға болмайды. Жаңа түскен келін (күйеуінің) әкесінің үйіне кіріп, сәлем жасап, «аруақ» разы болсын» деп тағзым етіп, отқа бір қасық май құю керек. Жас келін сәлем еткенде, аруақ разы болсын деп, тізе бүгіп, еңкейіп, маңдайын еденге тигізеді. Отқа тамызған май жанып жатқанда, жас келіннің енесі немесе әйелдердің бірі алақанын отқа қыздырып, келіннің бетін сипайды. Үлкен үйдің отының құрметіне деп, қалыңдық атасының иығына шапан жабады, отағасы жас келінді: «Иін қандырып илеген терідей, мінезің жұмсақ болсын, қарағым», - деп бата беріп, тулаққа, қой терісіне отырғызады. Жан беру (ант) беру үшін, екі жерден от жағып, адам сол екі оттың арасынан өтіп, кісі өлтірген мылтықтың ұңғысын сүюге тиіс.... Барлық шамандық салттың iшiнде отқа табыну қазақтарда әлi күшiнде. Қазақтар отты әулие деп санайды. Аса жоғары құрметтеудiң белгiсi ретiнде, қазақтар моңғолдар сияқты отты ана деп атайды. Отта тазартушы қасиет бар деп түсiнедi, екi оттың арасынан өткiзiп тазартады. Оны "аластау" дейдi. Қыстаудан көшкенде көштi екi оттың арасынан өткiзедi".
дереккөз massaget.kz