Қылмыстық істерді сотта қарау қағидалары
Қылмыстық істерді сотта қарау қағидалары қылмыстық іс жүргізу құқығының қағидаларымен сәйкес келеді. Бұлар — заңдылық, жариялылығы, судьялардың тәуелсіз болуы және олардың тек заңға бағынуы, азаматтардың заң және сот алдында тең дәрежеде болуы. Сонымен бірге қылмыстық іс жүргізу құқығының төмендегідей негізгі қағидалары бар:
— Қылмыстық процестегі жариялылық — мемлекеттіліктің негізін белгілейді, оның мәні азаматтардың ісі имес, құқық қорғау органдарының маңызды және жауапты міндеті қоғам мен азаматтарды қылмыстық қолсұғушылықтардан қорғау болып табылатындығында. Мемлекет өзіне азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, қылмыс жасаған адамға зиян шегушінің (жәбірленушінің) өз еркімен немесе еркінен тыс жағдайда қылмыстық қудалауды қозғау міндетін жүктейді.
— Іс мән-жайларының жан-жақтылығы, толықтығы объективтілік қағидасы. Сот, прокурор, тергеуші және жауап алуды жүргізуші адам істің мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін жауапкершілікті жеңілдететін және қылмысты әшкерелейтін мән- жайларын да анықтауға міндетті. Олардың дәлелдеу міндетін айыпталушыға жүктеуге құқықтары жоқ. Айыптаушылардан, іске қатысушы басқа адамдардан күш көрсету, қорқыту және өзге де заңсыз тәсілдер арқылы жауап алуға тыйым салынады.
Істің мән-жайын жан-жақты зерттеу, іс бойынша шығарылған барлық болжамдарды тексеруді, айыпталушыны (күдіктіні) әшкерелейтін немесе ақтайтын мән-жайды зерттеуді білдіреді. Зерттеудің толықтығы, дөлелденуі тиіс барлық мән-жайлар Зіррттеліп болғанда ғана істің толық қаралғандығын білдіреді. Дәлелдеудің объективтілігі іс жүргізуде тек бір тергеушінің (анықтау жүргізетін адам) ғана емес, сонымен бірге кез келген бақылаушы немесе қадағалаушы органның көзқарасына ғана сүйенбейтіндігін көздейді.
— Айыпталушының қорғалу құқығын, қамтамасыз ету қағидасы. Ұсталған, тұтқындалған, қылмыс жасады деп айып тағылған әрбір адам сол ұсталған, тұтқындалған немесе айып тағылған кезден бастап адвокаттың (қорғаушының) көмегін пайдалануға құқылы. Мемлекеттік органдар күдіктінің, айыптаушының жеке және мүліктік құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етуге міндетті.
— Кінәсіздік презумпциясы қағидасы. Презумпция дәлелдеуді талап етпейтін топшылама. Кінәсіздік презумпциясы адамның кінәсіздігі туралы топшылама. Қарапайым сөзбен айтқанда: «Ұсталмаса ұры емес».
Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу заңнамасы
Қылмыстық процестiң мiндеттерi
1. Қылмыстық процестiң мiндеттерi қылмыстарды тез және толық ашу, оларды жасаған адамдарды әшкерелеу және қылмыстық жауапқа тарту, әдiл сот талқылауы және қылмыстық заңды дұрыс қолдану болып табылады.
2. Қылмыстық iстер бойынша iс жүргiзудiң заңда белгiленген тәртiбi адамды және азаматты негiзсiз айыптау мен соттаудан, олардың құқықтары мен бостандықтарын заңсыз шектеуден қорғауды, кiнәсiз адам заңсыз айыпталған немесе сотталған жағдайда - оны дереу және толық ақтауды қамтамасыз етуi, сондай-ақ заңдылық пен құқық тәртiбiн нығайтуға, қылмыстың алдын алуға, құқықты құрметтеу көзқарасын қалыптастыруға жәрдемдесуi тиiс.
9-бап. Қылмыстық процесс принциптерiнiң мәнi
Қылмыстық процесс принциптерiнiң мәнi мынада: оларды бұзу, оның сипаты мен мәнiне қарай, iс бойынша болған iс жүргiзудi жарамсыз деп тануға, мұндай iс жүргiзудiң барысында шығарылған шешiмдердi бұзуға не осы тұрғыда жиналған материалдарды дәлелдеу күшi жоқ деп тануға әкелiп соқтырады.
10-бап. Заңдылық
1. Сот, прокурор, тергеушi, анықтау органы және анықтаушы қылмыстық iстер бойынша iс жүргiзу кезiнде Қазақстан Республикасы Конституциясының, осы Кодекстiң, осы Кодекстiң 1-бабында көрсетiлген өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң талаптарын дәл сақтауға мiндеттi.
2. Соттардың Конституциямен баянды етілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтiретiн заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi қолдануға құқығы жоқ. Егер сот қолданылуға тиісті заң немесе өзге де нормативтiк құқықтық акт Конституциямен баянды етілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтiредi деп тапса, ол iс бойынша iс жүргiзудi тоқтата тұруға және осы актiнi конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне жүгiнуге мiндеттi.
3. Соттың, қылмыстық iзге түсу органдарының қылмыстық iстер бойынша iс жүргiзу кезiнде заңды бұзуына жол берiлмейдi және ол заңмен белгiленген жауаптылыққа, актiлердi заңсыз деп тануға және олардың күшiн жоюға әкеп соғады.
11-бап. Сот әдiлдiгiн тек соттың ғана жүзеге асыруы
1. Қазақстан Республикасында қылмыстық iстер бойынша сот әдiлдiгiн тек соттар ғана жүзеге асырады. Сот өкiлеттiгiн кiмнiң болса да иемденуi заңда көзделген жауаптылыққа әкеп соқтырады.
2. Соттың үкiмi бойынша және заңға сәйкес болмаса, ешкiм де қылмыс жасағаны үшiн кiнәлi деп таныла алмайды, сондай-ақ қылмыстық жазаға тартыла алмайды.
3. Соттың құзыретi, оның заңды құқығының шегi, оның қылмыстық сот iсiн жүргiзудi жүзеге асыру тәртiбi заңмен айқындалады және оны өз бетiнше өзгертуге болмайды. Қылмыстық iстердi қарау үшiн қандай атаумен болса да төтенше немесе арнаулы соттар құруға жол берiлмейдi. Төтенше соттардың, сондай-ақ өзге де заңсыз құрылған соттардың үкiмдерi мен басқа да шешiмдерiнiң заңды күшi болмайды және атқарылуға жатпайды.
4. Өзi қарауына жатпайтын iс бойынша қылмыстық сот iсiн жүргiзудi жүзеге асырушы, өзiнiң өкiлеттiгiн асыра қолданған немесе осы Кодексте көзделген қылмыстық сот iсiн жүргiзу принциптерiн өзгедей бұзған соттың үкiмi мен басқа да шешiмдерi заңсыз болады және олардың күшi жойылуға тиiс.
5. Соттың қылмыстық iс бойынша үкiмi мен басқа да шешiмдерiн осы Кодексте көзделген тәртiппен тек тиiстi соттар ғана тексерiп, қайта қарай алады.
12-бап. Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау
1. Әркiмнiң өз құқықтары мен бостандықтарын сотпен қорғауға құқығы бар.
2. Ешкiмге өзiнiң келiсiмiнсiз ол үшiн заңмен көзделген соттылығы өзгертiле алмайды.
3. Мемлекет заңда белгiленген жағдайлар мен тәртiп бойынша жәбірленушiге сот әдiлдiгiне қол жеткiзуiн және келтiрiлген залалдың өтелуiн қамтамасыз етедi