Дүниеге сәбидің келуі жаныңды жадыратар, жүрегіңді елжіретер ерекше қуаныш, ата әжесіне өмірін жалғастырар жұбаныш.
Адам перзент болып келіп, перзенттері үшін өмір сүріп, қартайғанда сәбилік бала көңілге еніп,ата-анасының жылы сөзі мен аялы алақанын аңсай өмірден өтер. Әттең-ай, әрбір жанның қаншама орындалмаған армандарымен, жетпеген мақсаттарымен, ашылмаған сырларымен, өзін аша алмаған қырларымен өмірден озары қандай өкінішті...
* * *
Кешкі алтылар шамасындағы үлкен қуаныш құрдастарды құлшындырып, бәрі ат таңдауға кіріскен. Туылғаннан еті тірі, қимылы жылдам, ойы ұшқыр Тортай құрдас жадырай күліп:
-«Асар күні туылды ғой, Асарбай болсын!» деген. Қып-қызыл помидордай қызарып жүретін Әуелбек құрдас:
-«Болса болсын»-деп ыңылдап, дауысы салған әндей созыла шыққан.
Қуанышты хабарды ести сала жеткен Төке бақсының сол кезде әулиелігімен елге аты жайылған абыройлы кезі, шапшаң қимыл қозғалыстағы күш қайратынан таймаған жетпіс бес жастағы шағы еді. Немере деген қандай тәтті!!!Көңілі көкте самғаған қария көзінен от шашып, үлкен ұлының құрдастарын өз баласындай көріп, үлкен шаңыраққа ас әзірлетіп, дастарханға арнайы өзі келіп шақырған. Бәріне де үлгеріп жүретін Сәрсенкүл әже немересінің кіндігін де кесіп, ас суын да әзірлеп, дастарханын жайнатып, ақ самауырынын қайнатып та қойған. Сол кездегі Төке әулиенің шаңырағы, қора қопсысы, бау дарағы, тазалығы, он саусағынан өнер тамған шеберлігі, күндіз түні тыным таппас еңбекқорлығы бүкіл елге үлгі еді. Ескі қазақы үйдің өзі төрт бұрышты қамал іспеттес соғылып, үлкен ағаш есіктен кіргенде қаз қатар орналасқан бөлмелер мұнтаздай тап-таза боп көрінетін. Не деген ұқыптылық! Бәрі рет ретімен орналасып, көз жауын алып, келген қонақ көрмеде жүргендей сезінер еді. Әсіресе ұстаханадағы заттар, аспаптар, құрал-саймандар беймәлім тылсым дүниеге бастап, бір керемет әсерде қалдыратын. Ерінбей баулап жиналған жоңыршқа, оны турап беретін аспап күн сәулесімен жылтылдап өткір жүзімен сәуле шашса, келесі бөлмедегі отынханада ерінбей дайындалған ағаш отындар самауыр қазанға шақталып десте-десте боп, жеке-жеке қаланып, таңдай қақтырар. Ал бұлбұлы сайраған бауда бүкіл жеміс сән түзеп, жердегі жұмақ дерсіз. Үлкен әуіттің түбінде су жиналып алып қызыл алма жапырағымен жайнап, өрік сабдалылардың иісі аңқып, қатар егілген қауын дарбыздан бөлектеу ерте піскен әңгелектердің иісі мұрынды жарар еді.
Сол кездегі еңселі үлкен үйлердің бірі Төке әулиенің шеберлігімен тұрғызылған үй қорғанымен,жаңғақтарымен, алма ағаштарымен көмкеріліп, жайқалған бауымен тым тартымды көрініп, жолаушылап келген адамдардың таңдайын қақтыратын. Шынында сол кезеңнің адамдары еңбекқор, жаны мен ары таза, бауырмашыл болып келетін. Бір ауыз сөзге тоқтап, ақылға көніп, абыройлы болуға ынтық жандар бір-бірін құрметтеп, құрақ ұшып жүрер еді.
Өмірге шақалақ сәби келді. Жеке енші алып шыққан Есмаханбет әке мен Алматай ананың бұл жетінші перзенті. Бірінші мен алтыншы балалары сәби кезінен шетінеп кеткендіктен ардақты әке мен аяулы ана жүрегі тым алаңдаулы еді.
Алланың құдіреті шексіз емес пе?!
Алғаш екі ұл, сосын екі қыз, сосын екі ұл келгені жан дүниелерін қуантқанмен Барат пен Ертай шақалақ кезінен шетінеп, өкініштері өзектерін өртеген, бірақ та сабыр сақтай бір Құдайға тоба еткен. Келесі сәбилерінің ұл болуын тілеген. Көптен күткен қуанышты күн де жетіп, мынау қарбалас өмірден бейхабар шақалақ бесігінде құндақталып, әдемі иісімен тебіренте сүйсінтіп, анасы мен әкесінің аялауында, бауырларының әлпештеуінде тербелген.
* * *
Шіркін сәбилік сәтке ешнәрсе де жетпейді-ау... Балбырап балқып, еркелеп шалқып, бесікте қалқып анасының құшағында жатқан кезін аңсамас жан жоқ-ау сірә... Өткен күнге деген сағыныш жас ұлғайған сайын артып, аңсаудың молаяры һақ.Әрбір жан өзінің өткен өміріне қатал сыншы, әділ де адал әділқазы. Жіберген қателіктерін, артық кеткен жерлерін, жүректерге жара түсірген ауыр сөздерін әйтеуір бір күні өз жүрегімен сезініп,уақыт өте кеш біліп, түзетуге ешбір амал жоқтығын алтын уақыттары мен күндерінің босқа өтіп кеткенімен түсінер, амалсыз мойындар. Амал қанша?
* * *
Отбасындағы барлық жанға қуаныш әкелген нәресте өте нәзік туылып, шырылдап жылап, неге екені белгісіз, күндіз жылаумен болып, Алматай ананы қатты әбігерге салып, түнімен көз ілдірмеген. Есмахан әке көрші савхоздағы ұстаханада темір ұстасы, бүкіл елдің алдында жауапкершілікпен тапсырылған жұмыспен күн бойы ауыр балғамен жұмыс істеп, қас қарая қалжырай үйге жететін.Сәбидің түнде тіршілік жасап жатқанын білдіріп тұрған тек кірпіктері қимылдап, жанашыр жандарды қатты уайымға салдырған. Амал жоқ жұмысына аттанған үй иесі сәбиді анасына қалдырған. Үміт оты сөніп бара жатса да қайран ана жан ұшыра құрақ ұшып, перзентін ажалға қимай ауылдағы барлық тәуіп пен ем дом жасай алар жанның бәріне көрсетіп, кішкентай шаштары жалбыраған қыздарымен өкпелері өшіп, жолда аяқ бүккенде «Тәуіп жолықса қандатармын»-деп алып шыққан тауықтары туып қалған. Ешқандай нәтиже шықпаған соң қыздарын үйге тастап, амалы құрыған ана: «Енді тек жазса дәрігер жазар»-деп шілденің қайнаған ыстығына қарамай терең тоғайдан өтіп, қырлар асып, қолды аяққа тұрмай шырылдап жатқан қолындағы сәбиімен көздері жасаурай көрші ауылға кете барған. Әзер дегенде арып, ашып, шөлдеп, шаршап, шалдығып, жеті шақырымдай жердегі Панфилов атындағы ауылға да жетті-ау. Ол кезеңде дәрігер мамандығы жоқтың қасы, әр ауылда табыла бермейді, санаулы. Сондықтан да олар өте абыройлы, беделді болатын.
Жадырай күліп қарсы алған Балғынбай дәрігер жеңгесінің дидарын аман-есен көргеніне қуанып, сонау алыстан жаяулата жеткеніне таңқалып, шырылдап, шыңғырып ауырып тұрған сәбидің ауыр жағдайын сезсе де өзге ауылда жұмыс істегендіктен кезексіз алдыра алмаған. Өз кезегі келгенде жеңгесіне жәй ғана түсіндіріп, дұрыс ойлауын өтінген. Сырт көз сыншыл, арызқойлар да жетерлік екенін жымия жеткізіп, жедел іске кіріскен. Ақ халаты өзіне сондай жарасымды жан сәбидің қызуын өлшеп, жедел жәрдемін беріп, арасында жағдай сұрасқан.
Ия, баяғының адамдары сондай елгезек, бауырмашыл болатын, бір жас айырма болса да інісі ағасына құрақ ұшып құрмет көрсетіп, жаны қалмайтын. Керемет салты бар, имандылығы басым уақыт еді ол кезең...
- Қайным-ау мынау інің туылғаннан беймаз, қолды аяққа тұрмай жылай береді,апта бойы бір түн де ұйықтатпады,өзіңнен бір демеу бола ма деп келдік.
Сол кезде Балғынбай дәрігер жас, өз жұмысын қанық білетін, таптырмас мықты маман болып осы көрші ауылда жұмыс істейтін. Сондықтан да Алматай ана оны өз ауылындағы қайнысындай көріп, батылдана, өзімсіне сөйлеген.
- Ау жеңеше, жәкем барда ешнәрседен қорықпаңыз.Нәрестенің қаны сұйық, тез назарланады, бала болған соң ауырады, тез қайта жазылады, уайымдамаңыз, бәрі жақсы болады!
Балғынбай дәрігер алыстағы ағасының абыройын көтеріп, уайымдап келген жанға сенім ұялатқан. Қазақи емшілігі бар дәрігер тамыр ұстап, инесін де егіп, тіл көз бар екенін де айтып, шақалаққа сүфілеп жіберіп, дәрі дәрмектерін де беріп, өз ісінің нағыз маманы екендігін көрсетіп, бауырлығын танытқан. Сол шипалы қолдан қаншама күн мен түнді жылаумен өткізіп, әбден шаршаған сәби бірден балбырап , рахаттана қалың ұйқыға кеткен еді.
Шіркін көңіл татулыққа не жетсін?!
Есмаханбет кісі ұлына «Серітайжан» деп ат қойып, ауылдық кеңеске метрке алуға барғанда да Балғынбай дәрігер бірге барып: