2.2.6. Көп
ішекті аспаптармен байланысты ұстанымдар
Ұлы ғұлама
Әбунасыр әл-Фараби ішекті аспаптардың шығу төркінін садақтан өрбітеді. Бұл -
барлық елде мойындалған қағида. Қазақтардың ертедегі тұрмыс-салтында садақ
басты рөл атқарды. Халқымыздың ұлт аспаптары қатарына садақтан өрбитін көп
ішекті керуіш, адырна, жетіген аталатын аспаптар келіп қосылады.
Деректер мен
жазбаларға сүйенсек, көп ішекті аспаптардың ішіндегі керуіш адырна мен
жетігеннен ертерек қолданыста болған.
Қазақ жетігені
туралы деректер мен ғылыми мәліметтер өте аз. Десек те, жетіген туралы
зерттеуші-ғалым Б.Сарыбаев ел арасынан жазып алған жалғыз аңыз былайша
суреттеледі: "Ертеде өмір сүрген күйші қарттың жеті бірдей баласы жұт
жылдарында бірінен соң бірі қазаға ұшырайды. Ауыр қайғыға душар болған қарт
жеті баласына арнап, ұзынша жәшік тәріздес ағаш аспапқа жеті ішек керіп
"Қарағым", "Қанат сынды", "Құмарым", "От
сөнер", "Бақыт көшті", "Күн тұтылды", "Жеті
баламнан айрылып құса болдым" деген азалы жеті күй шығарған. Аспап атауы
осы жеті күйге сай жеті ән деп аталған" [21].
Осыған ұқсас
аңыздар шығыс халықтарында да кездеседі. Мәселен, жапон императоры Уданың
билігі кезінде (888-896) Курамо тауынан түскен қаскүнем жын иесі ел ішін
әбігерге салады. Ол зұлым күш иесін қуу үшін 7 тақуа ол мекендеген тау үңгірге
келіп, 77 күн бойы құдайға жалбарынып, дұға оқыған [22, 230-б].
2.2.7. Аспап
жасалатын ағаштармен байланысты ұстанымдар
Алла
тағаланың еркімен жерге түсірілген Адам баласының тұрмысындағы ең алғашқы
қолданып, пайдаланғаны - ағаш немесе ағаш жемістері. Ағаш қасиеті туралы:
"Алла сіздерге "Марых" пен "Ғарыф" деген екі жасыл
ағаштан от жаратты. Бұл қасиетті екі ағашты бір-біріне үйкелесе жанады", -
деп жазылған қасиетті Құран кітабының Ясін сүресінде [23, 445-б]. Сондықтан жер
бетіндегі көптеген халықтарда кейбір ағаш пен өсімдіктер киелі саналып, оларға
табынып келген. Қазақ ұғымында ағаш
тамырын терең жайған, мәңгілік өмірдің нышаны саналатындықтан, киелі,
қасиетті деп таныған ағаштардың саясына түнеу, бұтақтарына шүберек байлау, ағаш
өсіп тұрған жерге табыну секілді ұстанымдар қалыптасқан.
Қазақ
халқында ағаш, жапырақ және өсімдік шөптері магиялық ғұрыптарда сақтандырушы
киелі зат ретінде қолданылған. Әсіресе, адыраспан меңдуана, тобылғы, емен, тұт,
арша, т.б. ағаш-шөптердің түтінін қолдану өсіп-өну мен көбеюдің ырымы, сұқ
көзді қайтарудың, тіл-көзден аластаудың, ауруды басқа затқа көшірудің кепілі
деп сенген.
ІІІ. Қорытынды
Жалпы
алғанда дәстүрлі музыкалық аспаптардың тарихы халқымыздың көшпелі өмірі мен
шаруашылық үлгісінің құрамдас бөлігі болды және елдің шаруашылық, рухани-мәдени
дамуымен қатар қалыптасты. Өйткені, халықтың дәстүрлі музыкалық аспаптарының
байырғы жасалу әдіс-тәсілі және онымен байланысты болып келетін салт-дәстүрі,
әдет-ғұрпы, наным-сенімі - көшпелілердің ежелгі этнологиялық үрдісінің,
қоршаған табиғи орта мен қоғамдық мәдениетті игеру тәжірибесінің тоғысқан тұсы
саналады.
Дәстүрлі
музыкалық аспаптарға қатысты мәліметтер қазақтың салт-дәстүрі, наным-сенімі,
әдет-ғұрпымен байланысты болады. .Ендеше, дәстүрлі музыкалық аспаптар - өнер,
мәдениет құралы ғана емес, адамзат қоғамы өмір сүрген дәуірлерді танып-білуге
көмектесетін тарихи ескерткіш, мәдени мұра.
Дәстүрлі
музыкалық аспаптар алғашқы қауымдық қоғамдағы аңшылар ортасынан пайда болғаннан
бері мыңдаған жылдар өтті. Олар тұрпайы жасалған аңшы құралы қызметінен өтіп,
қарапайым рәсімдік өнер түрлеріне, діни-ғұрыптық ұстанымдарға қолданыла
бастады. Алғашқы байырғы нұсқалары өзгеріп, жасампаздық тұрғыда дами түсті.
Діни
ұстанымдар үстемдік еткен кезеңде бақсылық рәсімдерде қолданылатын асатаяқ,
даңғыра, қылқобыз, қоңырау, сылдырмақ қатарлы аспаптар бөлініп шықты.
Егін егу,
мал шаруашылығымен айналысу әрекетімен байланысты сақпан, кепшік, тоқылдақ,
шартылдауық, зырылдауық секілді тұрмыстық мақсатқа сай қолданылатын аспаптар
бөлініп шықты. Ал сандаған шапқыншылықтар мен жорықтар жағдайында қос
дүңкілдек, жорық дабылы, дауылпаз, дудыға, шыңдауыл, шың қатарлы аспаптар
туындап, дамыды. Алайда, осы уақытта олардың көбі қолданыстан шығып, тарих
сахнасынан ысырыла бастады.
ХІХ ғасырдың
соңы мен ХХ ғасырдың басында домбыра, сыбызғы және қобыз аспабы ғана сақталып,
қазақ жеріне ағылған түрлі көзқарастағы отарлаушылар арқылы гармонь, баян,
аккардеон, фортепиано, рояль секілді жатжұрттық музыкалық аспаптар қаптай
бастады. Уақыт өте келе дәстүрлі аспаптар да жаңа мазмұнға ие болды.
Қорыта
айтқанда, қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптары алғашқыда қауымдық діни
ұстанымдардан, одан аңшылық, малшылық-бақташылық, жаугершілік қолданысқа өтіп,
кейіннен тұрмыстық құрал қызметіне ауысып, бірте-бірте музыкалық мақсатқа сай
қолданысқа түсті.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Ежелгі мәдениет
куәлары. -Алматы: Ғылым, 1966
2. Аль-Фараби -
"Трактаты о музыке и поэзий". - Алматы: Ғылым, 1993
3. Өнердің ықшам
тарихы. -Алматы: Өнер, 1989
4.Халық музыка
аспаптары мұражайының қоры
5.В.В.Радлов -
"Опыт словаря тюркских наречий". -1888
6.С.И.Руденко -
"Культура населения Горного Алтая". -М-Л:1953
7.О.Хаймолдин -
"Адырна"// Қазақстан әйелдері №2: 1984
8.Н.Адамқұлов,
А.Құмаров - "Қос мойынды қоссаздың технологиясы". -Алматы: ҚазҰПУ
баспасы, 2006
9.А.Жақыпов -
"Хан батыр - Қабанбай". -Алматы: Нұрлы әлем, 2001
10.Художественная
культура Средней Азии ІХ-ХІІІ веков. -Ташкент, 1983
11.Батырлар жыры.
-Алматы: Жазушы, 1989
12.Т.Мұқышев -
"Сыбызғы сазы"// Ана тілі, 2004 жыл, 3 наурыз
13.О.Хаймолдин -
"Желбуаз" // Қазақстан әйелдері №3, 1983
14.Ч.Ч.Валиханов -
"Собрание сочинений в пяти томах". -Алматы: Жазушы, 1961
15.А.Машани -
"Әбунасыр әл-Фараби". -Алматы: Жазушы, 1970
16.Ә.Марғұлан -
"Күйді ерттеп, әнді мінген кемеңгерлер" // Жұлдыз, 1983
17.П.С.Паллас -
"Путешествие по разным провинциям Российской империи бывшее. -Спб, 1802
18. Р.А.Пфенниг - О
киргизских и саратовских народных песнях. "Этнографические
обозрение". -Спб, 1889
19.Ш.Уәлиханов -
"Тәңір құдайы" // Таңдамалы: -Алматы: Жазушы,1985
20.Інжіл-Шәриф. Аян
тақырыбы. - Стамбул, 2002
21.Б.Сарыбаев -
"Қазақтың музыкалық аспаптары". -Алматы: Өнер, 1981
22.Календарные
обычай и обряды народов Восточной Азии. Годовой цикл. -Москва: Наука, 1989
23.Құран-Кәрім.
Ясін сүресі. Сауд Арабиясы: Медине, 1991
24.Б.Г.Ерзакович -
"Қазақ музыка фольклорының тарихнамасы" -Алматы: Ғылым, 1986
25.Ш.Уәлиханов -
"Қазақтардағы шамандықтың қалдығы". -Алматы: Жазушы,1985
26.Б.Ш.Сарыбаев -
"Қазақтың музыкалық аспаптары". -Алматы: Өнер, 1978
27.Т.Әсемқұлов -
"Күмбірлеген көне аспаптар" // Қазақ әдебиеті, 1988
28.З.Жәкішева -
"Аспаптану". -Алматы: Қазақ тарихы, 2012
29.О.Бейсенбекұлы -
"Сазды аспаптар сыры". -Алматы: Ана тілі, 1994
30.Қазіргі кездегі Қазақстан
өнері мен мәдениетінің даму бағыты. -Алматы, 2001
31.А.Сейдімбек -
"Қазақ әлемі". -Алматы: Санат, 1997
Қазақстан
Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы //
Егемен Қазақстан Астана 2006 жылғы 1 наурыз 2-3 б.