ІІІ. ЖАҢА САБАҚ
3.1. М.Әуезов өмірі мен прозалық шығармалары (Электронды оқулық арқылы түсіндіру)
Қазақ халқының ХХ ғ. Ұлы жазушысы, ғалым, қоғам қайраткері Мұхтар Омарханұлы Әуезов 1897 жылы 28 қыркүйекте бұрынғы Семей (қазіргі Шығыс Қазақстан) облысына қарасты Шыңғыстау деген жерде, Абай туған өлкеде дүниеге келген. Әкесі Омархан, атасы Әуез Абай ауылымен іргелес отырып, айналасындағы адамдармен достық көңілмен араласа білген. Әуездің өзі Абайдың өлеңдерін сүйіп оқыған, түрік, парсы әдебиетінен хабары мол, ескіше сауатты, еліне қадірлі адам болған.
Атасы Әуез, әжесі Дінәсіл немерелеріне Абай өлеңдерін кайта-қайта айтқызып тыңдап отырған. Ол жөнінде жазушы: «Бір қыс, бір жазда Абайды түгелге жақын жаттап алдым», – деп кейін еске алады. Бұл жас Мұхтардың мейірін қандырған қайнар бұлақтың мөлдір суындай болып, оның болашақ өміріне, шығармашылық тағдырына игі әсерін тигізеді.
Алғашқыда 1908 жылы Семейдегі Камалиддин хазірет медресесінде оқып, одан кейін орыс мектебінің дайындық курсына ауысады. Әкесі қайтыс болғаннан кейін он бір жасар Мұхтар Семей қаласында ағасы Қасымбектің тәрбиесінде болып, 1908 жылы бес жылдық орыс училищесіне түседі. Оны бітірген соң төрт жылдық мұғалімдер семинариясында оқып, 1919 жылы семинарияны бітіріп шығып, бірыңғай әдеби қызметпен шұғылдана бастайды. Ауыз әдебиетінің асыл нұсқаларын өңдеп, өзінің жазушылық тәжірибесімен көрсетті. «Еңлік–Кебек», «Айман–Шолпан», «Қарақыпшақ Қобыланды» пьесалары соның куәсі.
М.Әуезов 1928 жылы Ленинград университетінің филология факультеті, Ташкент қаласындағы Орта Азия университетінің аспирантурасын бітіреді.
20-30 жылдары жазушы қаламынан көптеген әңгімелер туған. «Қараш-қараш оқиғасы» (1927) және «Қилы заман» (1928) повестерін жазылған.
Қаламгердің есімін әлемге мәшһүр еткен ең басты туындысы – «Абай жолы» атты 4 кітаптан тұратын тарихи роман-эпопеясы.
1921 жылы жазылған «Қорғансыздың күні» атты әңгімесінде тағдыр тауқыметін арқалаған жүдеу үйдегі соқыр әйел, кәрі әже, жас қыздың зарлап қалуы кімді болса да тебірентпей қоймайды. Тек Ақан сияқты қатыгез, жауыз болыс қана міз бақпай, өзінің айуандық бет-пердесін біртіндеп ашады. Жас қызды зәбірлеп, зорлық көрсетуі Ақанның азғындығын, адамгершіліктен жұрдай екенін дәлелдейді. Қорлыққа жаны төзбеген, жауыздықтың құрбаны болған Ғазизаның әкесінің моласына барып, үсіп өлуі себебін жазушы өте анық та дәл шебер суреттейді.
«Жетім» әңгімесінде жетімдік тауқыметін тартқан он үш жасар Қасым, өгейлік тепкісінен қашып, әке-шешесінің зиратына келіп қаза табады. Қараңғы түндегі табиғат құбылысы үрейі ұшқан баланың ішкі сезімімен тұтасып, өте әсерлі бейнеленген. Сондай-ақ, сол кездегі өмір шындығын жете тануға итермелейтін әмеңгерлік салтқа лағынет айтқан Рабиға "(Қыр суреттері"), құса болып – өмірін қиған Ғазиза ("Кім кінәлі?"), т.б. – бұлардың тағдыры бір-біріне ұқсас болғанмен, әрқайсысы өмір талқысында өзіндік ерекшелігімен әр қырынан көрінеді. Бұл әңгімелердің бәрінде жағымды кейіпкерлер бір-бірімен тағдырлас, қорғансыз, жетім, жесір, көкірегі мұң шерге толған аяулы жандар. Жазықсыз құрбан кейіпкерлер тағдыры бұлай болып қала бермейтініне жазушы үлкен үміт, сеніммен қарайды. Ол «Қараш-Қараш оқиғасы» хикаятында анық көрініс тауып, әлеуметтік теңсіздік тартысы үлкен суреткерлік күпшен бейнеленеді. «Қараш-қараш оқиғасы» повесінің тақырыбы – ескі қазақ аулындағы әлеуметтік теңсіздік мәселесі.
Жазушы шығармада адамдардың тағдырын, күрес-тартысын жайдан-жай бейнелемейді. Адамдар тағдырына, оқиғаның сипатына, шешіміне қатысты өз көзқарасын,ойын білдіреді. Яғни жазушы өзі суреттеп, көркем баяндап отырған құбылыстарға бағасын да береді.
Демек, алғашқы мақала, алғашқы әңгіме, пьесаларының өзінде-ақ М.Әуезов ешкімге ұқсамайтын өзіндік даралығымен, көреген білімпаздығымен танылды. Өмірді жан-жақты қамтып, терең сипаттаған бұл дүниелер – жазушының реалистік қол таңбасының айғағы.
1961 жылдың жиырма жетінші маусымында Мәскеу қаласындағы ауруханада қайтыс болды; Алматы қаласында жерленген. Сол жылы Қазақстан Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтына оның есімі берілді, одан кейін жазушы тұрған үйде мұражай-үйі ( 1963 ) ашылып, ескерткіштер орнатылды. Қазақ академиялық драма театры , Алматы, Астана, Семей және басқа қалалар мен облыстардағы аудан, ауыл, көше, мектептер Әуезов есімімен аталады. Мұхтар Әуезовтің туғанына 100 жыл толуы ЮНЕСКО-ның шешімімен, дүниежүзілік деңгейде ( 1997 ) аталып өтті.