Жауап.кз вопросы и ответы
0 голосов
спросил от Surak_zhauap в категории Образование

Ваш ответ

Отображаемое имя (по желанию):
Конфиденциальность: Ваш электронный адрес будет использоваться только для отправки уведомлений.
Анти-спам проверка:
Чтобы избежать проверки в будущем, пожалуйста войдите или зарегистрируйтесь.

3 Ответы

0 голосов
ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫ – АЗАТТЫҚ КҮРЕСІ»

Қалиматова Ақнұр Жеңісқызы – 10 «Б» сынып оқушысы

«Желтоқсан көтерілісі – ғасырлар бойы жиналған

ашу-ыза жарылысы. яғни, біздің халқымыздың тіл мүддесі, рух мүддесі – осының бәрінің қосындысы»

М.Шаханов

«Біз – қазақ, ежелден азаттық аңсаған» демекші, бірде қайғылы, шерлі, бірде азат, айбынды, рухты тарихымыздағы әрбір оқиға, әрбір қанды шайқас – азаттыққа жасалған бір қадам.

Орыс империясының екі басты самұрығы біздің даламызға екі жүзбен келіп қонды. Бірі жан-жағына білім шашып, нұрын төксе, бір басы жан-жағына от бүркіп, жалмады. Ғасырлар бойы қазақ даласында болған әрбір оқиға, әрбір шайқас – тәуелсіздікке жасалған бір қадам. Желтоқсан оқиғасы осы бір «соқтықпалы» соқпақтағы ең соңғы ірі қадам болды. «Мың өліп мың тірілген», енді тәуелсіз қазақ өзінің алғашқы демін желтоқсан ызғырығымен алды. Ал 1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасы» тәуелсіздіктің, азаттықтың, демократиялық жаңғырудың бастауы болды. Ол жас жігіттер ар-намыс пен елдік рух жолында теңдікті талап еткен тегеурінді күш-қайнарының тоғысқан шағы еді. Ел мен ұлттың тәуелсіздік құқын қорғау үшін бас көтерген желтоқсандық жігіттер мен қыздардың бұл қадамы шын мәнінде ерлік еді. Міне, осы қанды оқиғадан кейін бес жыл өткен соң, Қазақстан тәуелсіздік туын тікті.

Қазір Желтоқсан оқиғасына себеп болған нендей жағдай еді деген сұраққа жауап жиі ізделінуде. Меніңше КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының сол кездегі Қазақстан басшысын ауыстыру туралы ұйғарымынан туған наразылық мәселенің бір жағы ғана. Елдегі шетін жағдайлар оған дейін де қордаланып қалған еді. Өйткені, республикамыздың егемендігі ол кезде тек сөз жүзінде ғана болды.

1986 жылы желтоқсан айында Алматы қаласының орталық алаңына қазақ жастары жиналып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың орнына Қазақстанда бір күн де жұмыс істемеген және есімі де елге белгісіз Геннадий Колбиннің тағайындалуына қарсылық танытты. Қазақ жастарының наразылығы бүкіл әкімшіл-әміршіл жүйеге наразылыққа ұласты. Кремль саясатына қайшы келетін шеру қатыгездікпен жаншылды. Жастарды таратқаннан кейін қуғын-сүргін басталды.

Бұл оқиға жайлы советтік баспасөз тіс жармағанын, жазса да жастарды аяусыз сынағанын «Казахстанская правда» мен «Ленинская смена» газеттерінде 1986 жылдың соңында жарық көрген бірқатар материалдардан байқауға болады.

Орталық комитетінің соңғы Пленумының шешімін қолдамайтындықтарын білдіріп көшеге шықты. Қалыптасқан жағдайды бұзақылар, арамтамақтар мен өзге жат пиғылды адамдар пайдаланып, тәртіп сақтау органдарының өкілдеріне қарсы заңсыз әрекеттер жасады, азық-түлік дүкендері мен көліктерді өртеп, қала тұрғындарының ар-ожданын қорлайтын іс-қимылдарға барды», - дейді «Алматыдан хабар» деп аталатын ТАСС-тың шағын ақпараты.

Бұл хабарға дейін республикалық екі ірі газет – «Казахстанская правда» мен «Ленинская смена» 17-18 желтоқсандағы қазақ жастарының шеруі туралы ләм-мим деген жоқ. Алайда көп ұзамай-ақ қарсылық акциясына қатысқандарды барынша қатаң жазалауға шақырған мақалалар жарық көре бастады. Жастардың бұл шеруін советтік баспасөз «зиянды, теріс әрекет», «ұлтшылдықтың көрінісі» және «жаппай тәртіпсіздік» ретінде баса көрсетті.

17 желтоқсан күні таңертеңгі сағат 8-де қаладағы Л.И.Брежнев атындағы алаңға (қазіргі Республика алаңы) саяси тәуелсіздікті талап еткен ұрандармен алғашында 300-дей адам жиналып, кешкісін көтерілісшілер саны 20 мыңға жетті. Бірақ көтерілісшілердің қойған талап-тілектері аяқ асты етіліп, «бұзақыларды» күшпен тарату мақсатында алаңға құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен арнайы дайындалған «Құйын - 86» операциясы бойынша көтеріліс қатыгездікпен басып жаншылды. 18 желтоқсан күні алаңға қайта жиналмақ болған көтерілісшілерге қарсы әскер күші қолданылды. Көтерілісшілердің қалған топтарын ығыстыру үшін жедел отряд, милиция мен жасақшылардың арнайы топтар құрылып, қала көшелеріне аттандырылды. Осы әскери күштер 19 желтоқсан күні қаланың әр тұсында шеруге шықпақ болған 6 топты басып, таратты. Алаңдағы көтерілісшілер таратылған соң ішкі істер бөлімдеріне 2401 адам жеткізілген. «Казахстанская правда» да, «Ленинская смена» да біршама уақыт өткен соң шеруге шыққандардың ісін қараған коммунистер мен комсомолдардың партиялық жиындары туралы жалынды есеп бере бастады. Советтік саясатқа қарсы митингіге қатысқаны үшін оқудан да, комсомол қатарынан да шығарылған жастарды мақала авторлары жерден алып, жерге салды.

Алаңдағы жастарды тоқтату үшін Алматы қызметкерлерінің көмекке милиция қызметкерлері Фрунзеден – 100, Ташкенттен – 300, Челябіден – 203, Новосибирскіден – 203, Свердловскіден – 225, Тблисиден – 450 тартылған. Жастарға қарсы «Бұрқасын -86» жоспары бойынша іс-шаралар жасақталынған. Жастарға Өрт сөндіру машиналарымен суық сумен атқылаумен тоқталмай адамдарға қарсы арнайы дайындықпен өткен иттерді салып қойған. Жалпы шеруде 8500 адам ұсталған. Көбі студент жастар. 86-ның секемшіл кезін көзбен көрген Желтоқсан оқиғасына қатысқан журналист Ұлдай Ибайдуллаева: «Алаң. Сағат 23.00-дер шамасында бетке соққан судың екпінінен біз бір-бірімізден адасып, бөлініп кеттік. Үстімізге шашылған су мұз болып қата бастады. Біршама уақыттан кейін алаңға қайта оралып, мінбеге қарай жақындай бергенде, Розаны (әріптес дос-қыз) қуатты қол сүйрей, қапталы ашық әскери жүк машынасына лақтырып жіберді. Біздер жан ұшыра алаңнан қаштық. Мен қазіргі Желтоқсан құрбандарына арналған ескерткіш алдында қашып бара жатқан екі қызды әскери жендет шаштарынан қолына орады да, екеуінің басын бір-біріне соғыстырды. Қыздардың жан дауысы кешегідей әлі құлағым да, көз алдымда. Мен қорыққаннан арыққа тығыла бергенде басымды арыққа тағы соқтым. Желтоқсандағы бас жарақаты жылдар бойы жан азабын тартқызды»
ответил от Surak_zhauap
0 голосов
«Желтоқсан оқиғаларына қатысқан 8500 – ге жуық адам ұсталып, жаза тартты. Толық емес мәліметтер бойынша, 1720 адам жарақат алды. Су шашқаннан, жер бауырлап жатқызғаннан, қала сыртына апарып тасталғаннан ауырған адамдар есепке алынбады. ІІМ жүйесінен 1200 адам жұмыстан қуылды. 12 жоғары оқу орнының ректорлары орнынан түсіріліп, 246 студент оқудан шығарылды, 99 адам сотталды, оның екеуі өлім жазасына кесілді» - деп баяндайды М.Шаханов.

1986 жылғы Алматыдағы «жаппай тәртіпсіздіктер» Қазақстан ғана үшін емес, сондай-ақ, КСРО көлемінде де ірі тарихи оқиғаға айналды. Олар кеңес тарихында жаңа тараудың бетін ашты. Бұл жаңа кезең түрлі жерлердегі жиілеп кеткен толқулармен сипатталды. Мысалы, 1989 жылы 26 қарашада «Известия» газетінде М.Шаханов өзінің тілшіге берген сұхбатында ұрыс алаңында 168 адамның өлімі барын, «Батыс бейітінде нөмірі де фамилиясы да жоқ 58 мола барын хабарлады. Соңғы 58 адам Ішкі істер министрлігінің араласуымен жерленген» - деп көрсетті.

Қазақта елін-жерін, халқын жан жүрегімен сүйген, ұлтының азаттығы мен теңдігі жолында шыбын жанын құрбан еткен асыл азаматтар аз емес. Сондай азаматтардың бірі – ұлтының басына сын сағат туғанда жас болса да бас бола білген, әділетсіздікке қарсы тұрып, азаматтық мінез танытқан «Халық қаһарманы» - Қайрат Рысқұлбеков.

Дәулет Сейсенұлы 2006 жылы ақпанның 12-де «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Қайратқа құрмет» атты мақаласында былай дейді:

«Желтоқсан оқиғасынан соң 99 адамның сотталып, оның екеуі ату жазасына кесілгені, соның бірі қаршадай Қайрат болғандығы баршамызға мәлім. Осы мәселеде өркениетті елдер мен жекелеген қайраткерлердің пікірімен еріксіз санасқан сол кездегі КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының 1988 жылғы 28 сәуірдегі жарлығымен оған кешірім жасалып, өлім жазасы жиырма жыл кесімге ауыстырылған болатын. Бірақ өкінішке орай, Қайрат арада бір ай шамасында, нақтылап айтсақ 21 мамырда Семей түрмесінде, оның 21-ші камерасында қаскөйлікпен өлтірілді. Өлтірген кім? Әрине, қасындағы бұрын алты рет сотталған кәнігі қылмыскер Леонид Власенко болуы әбден мүмкін. Алайда ол да оңай ұйғарым. Олай дейтініміз сол, бұрынғы коммунистік империялық жүйенің біреудің қолымен от көсеуге бейім болғаны айтпаса да түсінікті. Ия, Қайраттың тағдырына байланысты күні бүгінге дейін анықталмай келе жатқан жұмбақ жағдайдың бірі осы. Қайрат тағдырының жұмбағы дегенде, осы орайда оның өмірін терең зерттеп, Қайсар рухты қазақ?» деген атпен кітап шығарған белгілі журналист Қайыммұнар Тәбейдің сол шығармасында келтірген мына бір дерек еріксіз еске оралады. Яғни, автордың айтуынша, Қ.Рысқұлбеков Колбиннің Ұлы жебесіне ілігіп, 21-ге қараған шағында қолыма кісен салынып, тұп-тура 21 күн сот алдында нақақтан күйіп-жанып, өртеніп, тас-түрменің 21-ші камерасында, 21 мамыр күні қапылыста қара ниет қарақшының құрбаны болған оның арада бес жыл өткен соң, 21 ақпанда ақталуы қалай, жоғарыда айтқандай кездейсоқтық па, әлде тағдырдың жазуы ма? Әрине, Қайратқа сол кездегі билік тарапынан жасалған қысастықтың ешқайсысын кездейсоқтық дей алмаймыз. Тіпті, басқасы басқа, оның мүддесінің қайда жерленгені көп уақытқа дейін белгісіз болып келсе, ол немқұрайлылық емес, ол нағыз қысастықтықтың тап өзі». Жоғарыдағы қос мақаланың үзіндісінен-ақ Қайраттың өмірде қандай азамат болғандығын анық байқаймыз. Ғұмыры қысқа болса да, Қайрат қазақ халқының санасында туған ұлтының азаттығы, тәуелсіздігі жолында қандай батыл қадамға болса да баруға қабілетті, ержүрек азамат ретінде сақталып қалды. Қ.Рысқұлбеков сынды батыр ұлдарымыздың есімдері туған еліміз аман тұрғанда Тәуелсіздігімізбен бірге жасай бермек.

«Күнәден таза басым бар,

Жиырма бесте жасым бар,

Қасқалдақтай қаным бар,

Бозторғайдай жаным бар,

Алам десең алыңдар,

Қайрат деген атым бар,

Қазақ деген затым бар,

Еркек тоқты құрбандық,

Атам десең атыңдар!» - деп сот ұкімімен қасқайып қарсы алған ер тұлғалы Қ.Рысқұлбеков қылышынан қан тамған қызыл империяның сан қилы қиянкескі әрекетін осы бір ауыз өлеңінің рухымен таптап тастаған тәрізді көрінеді де тұрады..
ответил от Surak_zhauap
0 голосов

Алматының Чайковский атындағы музыкалық учелищесінде қобызшы мамандығы бойынша оқып жүрген Ләззат Алтынайқызы Асанованың 16 жылдық қысқа ғұмыры ерте үзілді. Ол Ақкүміс пен Құртқа, Әлия мен Мәншүк секілді қазақтың ер жүрек қыздарының ерлігін қайталады. Туған елінің азаттығы мен тәуелсіздігі жолындағы қазақ жастары көтерілген 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы кезінде қайсарлық пен ерлік көрсетіп, құрбан болды.

19 желтоқсанда ауруханаға бас сүйегі мен миынан жарақаттанған энергетика институтының 2-курс студенті Ербол Сыпатаев әкелінді. 23 желтоқсанда есін жимастан қайтыс болды. Ербол-бір үйдің жалғыз баласы еді. «Құйын-86» операциясының құрбаны болды.

Сабира Мұхамеджанова Алматыдағы жастар шеруін жұдырықтай жүрегімен қолдап, Өскемен қаласының студенттерімен бірге Ушанов алаңына қарай өлең айтып, шеруге шықты. Оны дүрбелеңге үн қосқаны ұшін айыптап, тәртіпсіз деп бағалаған. Училищеден жазықсыз шығарып жіберген қорлығына шыдай алмай Өскемен педагогикалық училищесінің І курс студенті Сәбира Мұхамеджанова жатақананың өзі тұратын бөлмесінің терезесінен секіріп қаза тапты.

Қорыта келе, Желтоқсан көтерілісі – ғасырлар бойы жиналған ашу-ыза жарылысы. Яғни біздің халқымыздың тіл мүддесі, рух мүддесі-осының бәрінің қосындысы ашу –ыза тудырғаны шындық. Қазақ халқы орыстардың қол астында бола отырыпазаттық пен тәуелсіздікті аңсау кезінде әр түрлі деңгейдегі 300-ден астам ұлт-азаттық көтерілісті өткізді. Соның қорытындылаушысы, егемендікке бастаған көтеріліс Желтоқсан көтерілісі, деді ақиық ақынымыз Мұқтар Шаханов. Демек бұл әшейін ауыз толтырып айтуға ғана жарайтын оқиға емес, бұл шын мәніндегі елді, бүкіл Кеңестер Одағын елең еткізген, күш қолданып басуға мәжбүр еткен көтеріліс екендігінде дау болмаса керек. Қазіргі таңда 16-17 желтоқсанды тәуелсіздік мерекесі етіп жариялады. Сондықтан 16 желтоқсанның қасіретті күн екендігін жадымызда сақтап әрі Тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы талпыныстардың ақталған күні екендігін сезінуіміз қажет. Бұл күні қара жамылып отыру орынсыз. Сол себепті де әрі арманға қол жеткізген күн деп шаттық ретінде атап өтіп, екінші жағынан Желтоқсан құрбандарына да тағзым ете жүруіміз керек. Біздің арымыз да, намысымыз да, мақтанышымыз да –Желтоқсан.

Пайдаланған әдебиеттер:

1.«Жалын», № 1, 1991 жыл

2.М.Қозыбаев. Қазақстан тарихы 9-сынып, 2009 жыл

3. Шаханов М. «Желтоқсан эпопеясы» Алматы, 2006 жыл

4. «Егемен Қазақстан» Алматы, 2006 жыл

5. Маданов «Ұлы дала тарихы», Алматы, 1998 жыл

6. www.ZHARAR.com

ответил от Surak_zhauap

Похожие вопросы

0 голосов
1 ответ
0 голосов
0 ответов
0 голосов
0 ответов
0 голосов
0 ответов