Жауап.кз вопросы и ответы
0 голосов
спросил от Surak_zhauap в категории Ұстаз

Ваш ответ

Отображаемое имя (по желанию):
Конфиденциальность: Ваш электронный адрес будет использоваться только для отправки уведомлений.
Анти-спам проверка:
Чтобы избежать проверки в будущем, пожалуйста войдите или зарегистрируйтесь.

7 Ответы

0 голосов

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРЛІГІ

А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған

республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернаты

Тақырыбы:«Қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптарымен байланысты халықтық ұстанымдар»

Авторы: КАЗКЕНОВ ДАСТАН

Алматы қаласы, А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының 10 «Ә» сынып оқушысы.

Жетекшісі: БАЙМАХАН АҚЫЛБЕК БАҚЫТБЕКҰЛЫ

Алматы қаласы, А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Алматы қаласы

2016-2017 оқу жылы

АҢДАТПА

Ғылыми жұмыстың тақырыбы: «Дәстүрлі музыкалық аспаптармен байланысты халықтық ұстанымдар»

Зерттеу жұмысының мақсаты -дәстүрлі музыкалық аспаптарымыздың шығу төркінін халықтық ұстанымдармен тығыз байланыстылығын зерттеп, дәлелдеу.

Зерттеу жұмысының міндеттері:

1. Дәстүрлі музыкалық аспаптарға байланысты деректерді жинау;

2. Халықтық ұстанымдарды оқып, білу;

3. Дәстүрлі музыкалық аспаптардың халықтық ұстанымдармен байланыстылығын дәлелдеу.

Зерттеудің болжамы:Дәстүрлі музыкалық аспаптарымыздың түп-төркінін халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен, әдет-ғұрып, наным-сенімдерімен байланысты зерттей отырып, жаңа нәтижелерге қол жеткізуге болады

Зерттеудің өзектілігі:Қазіргі таңда дәстүрлі музыкалық аспаптардың түрі, сипаты белгілі бір жүйеге түсіп, жинақталғанымен, олардың шығу төркінінің халықтық ұстанымдармен тығыз байланыстылығы әліге дейін зерттелмеген тақырып. Оның үстіне халықтың өткен өмірін толық тану, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын түсіну үшін дәстүрлі музыкалық аспаптардың тарихын білу өте қажетті.

Зерттеудің жаңалығы: Қазақ халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрып, наным-сенімдерінің дәстүрлі музыкалық аспаптармен байланыстылығы туралы зерттеуші ғалымдар өз еңбектерінде бірлі-жарымды пікір қалдырғандығы болмаса, бұрын-соңды арнайы зерттеген емес. Мен өз зерттеуімде дәстүрлі музыкалық аспаптарға қатысты халықтық ұстанымдарды жинақтадым.

Зерттеу нәтижесі:

1.Мен білім алатын мектепте оқушылардан құралған "Ақжелең" деп аталатын этно-фольклорлық ансамбль жұмыс жасайды. Осы ансамбльде оқушылар әр түрлі дәстүрлі музыкалық аспаптарда ойнайды. Ансамбль мүшелерінің назарына өз жобамды ұсынып көрдім. Менің жобам ансамбль мүшелерінің қызығушылығын оятып, өздері ойнап жүрген аспаптардың тарихын толықтай меңгерді;

2. Мен білім алатын мектепте "Қазақ музыкасының тарихы" деген пән жүргізіледі. Осы пән негізінде 5-9 сынып оқушыларына өз жобамды ұсындым. Нәтижесінде, мектеп оқушыларының пәнге деген қызығушылықтары артты.

Жұмыстың құрылымы. Ғылыми жоба кіріспеден, негізгі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

І. Кіріспе

Музыка әлемі – адамзат мәдениетінің байлығы ішіндегі мұхиттай шексіз, ғажайып дүние. Музыкада адамның асқақ, асыл ойлары, арман-мақсаты, ізгі тілектері, қуанышы, қайғы-қасіреті мен әр түрлі сезімдері бейнеленеді. Музыканың адам жан дүниесіне тигізетін әсері мол, сондықтан оны шынайы ықыласпен қабылдау керек.

Қаншама ғасырлар бойы жинақталған музыкалық қазына – ұшы-қиыры жоқ аса мол мұра. Әлемдік музыка қорына әр халық, әр ұлт өзіне тән өрнекпен өлшеусіз үлес қосып келеді.

Тарихқа көз жүгіртсек, халық өнерінің қоры шексіз, музыкалық аспаптардың түрі көп болғаны анық.

Ата-бабаларымыз тастан, ағаштан, темірден, өсімдіктерден, саздан, малдың терісінен, сүйегінен, мүйізінен, ішегінен, қылынан, тағы басқа да дыбыс шығаруы мүмкін заттардан қарапайым ән-күй аспаптарын жасап алады екен.

Белгілі композитор, академик Ахмет Қуанұлы Жұбанов: «Халық аспаптарының ішектерінде ғасырлар бойғы даналық тұнып тұр» деген еді.

Қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптары – халқымыздың тұрмысы мен тіршілігіндегі, салт-дәстүрі мен дүниетанымындағы, тарихы мен өнеріндегі рухани-мәдени байлығы. Тарихы сонау көне түркі дәуірлерінен, тіпті одан да арғы замандардан бастау алатын дәстүрлі музыкалық аспаптарымыздың бүгінге жеткен үлгі-нұсқалары мол. Солардың бірқатары өткен XVIII-XIX ғасырларда қазақ даласына қатынаған жатжұрттық ғалымдар арқылы хатқа түсті. Олар өз жазбаларында қазақтың ән-күйі, термесі, өлең-жыры, аңыз-дастаны, толғауы, би нұсқаларымен қоса музыкалық аспаптарымыз туралы да тамсана жазып қалдырды.

Дыбыстық аспаптар адам қолымен жасала отырып, халық тұрмысымен бірге дамып, жетіліп отырды. Сонымен қоса, халық тарихында болған небір шапқыншылықта, жұт пен ашаршылықта және табиғат апаттарында олардың біразы жоғалды, қалғаны бізге аман жетті, бірқатары археологиялық қазбалар негізінде анықталды. Ал енді бірі ескілікті аңыз-әңгімелер сүрлеуінен, көнекөз қариялардың ауызша мәлімет-сипаттамалары бойынша, қайсыбірі діни жора-жосықтарда сақталған әдет-ғұрып арналары арқылы қалпына келтірілді.

Сол сияқты халқымыздың күнделікті тіршілігі мен өмір салтындағы шаруашылық-тұрмысынан туындайтын заттық белгілердің (ағаш, тері, метал түрлері, аспап жасау құралдары) дәстүрлі музыкалық аспаптарға қатысты тұстары арнайы сараланды.


ответил от Surak_zhauap
0 голосов

ІІ. Негізгі бөлім

2.1. Дәстүрлі музыкалық аспаптар: түлері, сипаты

Дәстүрлі музыкалық аспаптар туралы айтқанда олардың сипатына, затына және жасалу әдіс-тәсілдеріне көңіл аудару аса қажет. Ежелгі дәуірде адамдар айналасындағы жануарлардың қылы, сүйегі, мүйізі, тұяғы, терісі, өңеші, ішегі секілді заттардың барлығын кәдеге жаратып, түрлі дыбыс шығаратын құралдар жасаған. Ал уақыт өте келе жез, алтын, қола, темір металдар игеріліп, олардан да дыбыстық құралдар жасала бастады.

Қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптарын дыбыс ерекшеліктеріне қарай алты топқа жіктеуге болады:

1. Ұрмалы аспаптар;

2. Сылдырлы аспаптар;

3. Үрлемелі аспаптар;

4. Ішекті-ыспалы аспаптар;

5. Ішекті-шертпелі аспаптар;

6. Көп ішекті аспаптар.

Осы сақталу тәртібін сақтай отырып, төменде олардың сыртқы сипатына, жасалу әдістеріне шолу жасаймын.

2.1.1. Ұрмалы аспаптар

Соғып ойналатын аспаптардың түрлері көп. Соның бірі – дабыл. Оның шанағы дөңгелек шеңбер етіп, екі жағына бұзау, түйе терісі қаптап жасалады. Шанағы төзімді әрі сәнді болу үшін сыртынан айналдыра тері қаптап, оның сыртын күйдіру әдісімен өрнектер салып безендіреді. Халық шеберлері кейде шеңбер сыртына мүйіз, сүйек, үкі, шашақ салып та жасайды. Шанақтың бір бүйірінде қолға ұстайтын тұтқасы қайыстан өріп тағылады. Дабылды саусақпен немесе арнайы жасалатын басы жұмыр шағын таяқшамен ұрып ойнайды.

Дауылпаз– халықтық нұсқада жасалатын көне аспап. Ертеде аңшылық, саятшылық, құсбегілік салт-дәстүрлерде қолданылған. Шанағы өзегі алынған сырты жұмыр бітеу ағаштан жасалып, сыртына ою-өрнектер салынады. Сал-серілер саятшылыққа қолданатын дауылпазға үкі қауырсыны тағылып, жиектеріне күміс немесе асыл тастар орнатып жасайтын болған. Аспапты таяқпен ұрып ойнайды.

Осыған ұқсас етіп жасалатын Ұрмалы шыңдауыл, шың аспаптарының шанағы тұтасымен металдан жасалып, бір жақ беті мал терісімен қапталады. Тері қапталмас бұрын шанақтың ішіне шулы үн беретін шағын сылдырмақ, қоңыраулар немесе темір шығыршықтар тағылады. Аспапты ертеде аң-құстарды үркітіп, қаумалап аулау үшін қолданған.

Сипаты мен жасалу әдіс-тәсілі жағынан күрделі аспаптың бірі – қос дүңкілдек. Шанақ іштері қуыс, беті бұзау терісімен қапталады. Шеберлер оның бір бетін жұқа терімен, екіншісін қалыңдау етіп керіп жасайды. Екі жағынан алма-кезек ұрғанда, екі түрлі үн шығады. Дүңкілдекті көлденең жатқызып та, тізеге қойып та, мойынға асып алып та ойнай береді.

Тұтасымен теріден жасалатын әрі жасалу әдісі күрделі Ұрмалы аспаптың бірі – тоқылдақ. Тері, ағаш, қайыс, метал секілді заттардан жасалады. Аспаптың негізгі тіреуіш өзегі мен кергіштері ағаштан жасалып, сырты терімен қапталады. Ұстайтын сабы арқылы ырғақтатып, шайқап бесік жыры әуендері орындалады.

Ұрмалы аспаптың тағы бір түрі – сақпан. Бұл да тұтасымен ағаштан жасалады. Жұқа жеңіл тілікше тақтайлары шырша ағашынан жасалып, қайыс жіптермен бекітіледі. Мал соңында жүрген бақташылар тұрмыстық мақсатта ұстаған бұл аспапты қазіргі кезде жеке әншілер ән сүйемелдеуіне қолданады.

Тұтасымен ағаштан жасалатын шулы аспаптың бірі – зырылдауық. Ертеде бұл аспапты егінге аң-құс түсіп, мал таптамас үшін үркіту құралы ретінде тұрмыстық мақсатта қолданған. Жасалу әдісі мен қолданылуы қарапайым, жеңіл.

Шартылдауық – тұтасымен жалпақ қайыс таспадан қос қабат етіп жасалады. Ол үшін өгіз, түйе терісінің қалыңдау жерінен таспа етіп тіліп алынады. Екі қабат етіп таспа түрінде кесілген терінің екі ұшына қайыстан өрілген тұтқасы жасалады. Қос қабат қайыстан шартылдата дыбысы шығады.

Ұрмалы аспаптардың ішінде мал тұяғынан жасалатын бірегей аспап – тұяқтас. Аспап жылқы немесе сиырдың тұяғынан жасалады. Кедір-бұдыры бар, сынған тұяқтар жарамайды. Сызат түспеген, шеттері кертілмеген тұяқты таңдап алып, әбден тазалап, бірнеше сағат бойы терісінен ажырағанша қайнатады. Әбден кептірілген тұяқтан шыққан үн таза, ашық болып келеді.

ответил от Surak_zhauap
0 голосов

2.1.2. Сылдырлы аспаптар

Сілкіп ойналатын сылдырлы аспаптар тобына асатаяқ, қоңырау, сылдырмақтар жатады. Асатаяқ – ерте заманнан бері абыз-жыраулардың ой толғайтын аспабы ретінде қолданылды. Оның кейбір үлгі-нұсқаларын бақсылар, емшілер, зікіршілер, дуаналар өз сарындарын сүйемелдеуге, діни-ғұрыптық рәсімдерін атқаруға қолданады. Асатаяқтар жасалу әдісі мен қолданылуына қарай «күмбезді», «қалақша», «шашақты», «сопақша» болып әр түрлі аталады.

Шулы-сілкімелі аспаптардың ішіндегі сылдырмақ пен қоңырау тұтасымен қола, мыс, жез секілді металдардан жасалады.

Сылдырлы аспаптардың бірі – дүңгіршек. Саздан жасалатын жалғыз нұсқа және археологиялық мұра ретінде құнды саналады. Үлкендігі қаздың жұмыртқасындай, ішінде сылдырлы үн беретін ұсақ та моншақ тастары бар. Аспап құм, саз, балшық секілді табиғи заттардың қосындысынан жасалады.

2.1.3. Үрлемелі аспаптар

Үрлемелі аспаптар қайын қабығынан бастап қамыс, қурай, бамбук, ағаш, тері, саз балшық, қыш, пластмасса, сүйек, мүйіз, темір, мыс, жез, түйе өңеші, балық пен жылан терісі секілді заттардан жасала береді. Соның бірі – саз сырнай. Үлкендігі қаздың жұмыртқасындай, сопақша етіп тұтасымен саздан жасалады. Аспап сапалы саздан әбден иі қандырып иленген соң, белгілі бір қалыпқа келтіріліп, кептіріледі. Содан кейін белгілі температурада қыздырылған пешке салып күйдіріледі. 5-6 жерден дыбыс ойықтары салынады.

Осыған ұқсас және тұтасымен саздан жасалатын аспаптың бірі – үскірік. Бұл аспаптың жасалу әдісі белгісіз. Аспаптың дыбысы үскіріп соққан боран мен қатты желдің уіліне ұқсас болғандықтан үскірік, уілдек деп аталады.

Тұтасымен саздан жасалған үрмелі аспаптың бірі – құссайрауық. Ол табиғи саз, майда құм секілді заттардың қосындысынан қатты, тығыз етіп жасалады. Аспаптың үрлеу қуысына жақын және екі бүйірінде дыбыс ойықтары бар. Аспап сайрауық құстардың үнін шығарады.

Үрлемелі аспаптардың сүйек пен мүйізден жасалатын түрлері де ертеден бері сақталған. Олар қамыс, қурай, ағаштан жасалатын үрлемелі аспаптарға қарағанда ұзақ сақталып, бүгінге жетті. Соның бірі – бұғышақ. Аспаптың дыбысы марал мен бұғылардың дауысына ұқсас болғандықтан жайылып жүрген маралды бір жерге жинау үшін қолданған. Оның дауысы шыққан жерде жиналған маралдар мен бұғыларды аңшылар қолға үйретіп, асырайтын болған.

Үрлемелі аспаптардың ішінде тұтасымен теріден жасалатын жалғыз нұсқасы – желбуаз деп аталады. Іші қуыс етіліп тұтасымен көнтеріден жасалады. Екі жерінен дауысын шығарып ойнайтын қамыс түтікшелері орнатылады. Ен далада мал бағатындар оны қозы, ешкі терісінен жасаса, теңіз жағасында тұратында итбалықтың асқазанынан жасайды.

Үрмелі аспаптардың ішінде тұтасымен металдан, кейде ағаштан жасалатын шаңқобыз аспабы ертеден тараған. Ағаштан жасалатын үлгісінің тілшесі жұқа қамыстан салынады. Оның екі жағына жіп орнатылады. Тұтасымен металдан жасалатын үлгісінің дыбыс беретін тілшесі сапалы ағылшын металынан салынады. Шаңқобызды орындауда ерін, тіл, көмей секілді адамның тыныс алу жолдары басты рөл атқарады.

Үрлемелі аспаптардың сирек түрі – тоз сырнай. «Тоз сырнай қайыңның сыртқы қатқыл қабығын аршып тастап, діңіне таяу жеріндегі биязы тозын алып, үлкендігін бас бармақтай етіп пішімдеп, содан кейін екі бүктеп доға тәріздес етіп жасайды. Кесілген жағын ерінге қыстырып үрлеу арқылы дыбыс шығарады» [28].

Үрмелі аспаптардың үлкен бір тобы қос қамыс. Атауы айтып тұрғандай аспап қамыстан жасалады. Дауысы ашық, ысқырықты. Екі түтікшесі де қамыстан жасалып, бес-алты жерден ойықтар салынады.

Ұран аспабы өзегі алынып, қаққа бөлінген іші қуыс екі ағашты қайта біріктіріп, сырты қайыспен орап жасалынады. Дауысы жуан, күшті, алайда, 1-2 дыбыстан артық дыбыс шығармайды.

Тұтасымен ағаштан жасалатын керней аспабы да ертеде кең тараған. Ол туралы:

«Керней, сырнай тарттырып,

Барып түсті Алпамыс,

Қаракөзайым үйіне...» - деп келетін эпикалық жыр-дастандарда батырлардың кернейлетіп ел ішіне келген қуанышты сәті көрсетіледі. Кернейге дыбыс шығаратын ойықтар салынбайды, тек үрлеу арқылы дыбыстар шығарылады.

Үрмелі аспаптардың ішінде кең тарағаны – сыбызғы. Бұл аспап бақташы-малшылардың өмірімен тығыз байланысты болған. Ертеде сыбызғыны еркек қойдың асықты жілігінен жасайтын болған.

2.1.4. Ішекті-ыспалы аспаптар

Дәстүрлі музыкалық аспаптардың ішінде ыспалы аспаптардың сипаты түркі тектес халықтардың барлығына бірдей ортақ. Соның бірі – екі ішекті қылқобыз аспабы. Көне аспап ретінде діни-ғұрыптық салттарда, абыз-жыраулар қолданысы мен бақсылық әрекеттермен байланысты дамыды. Көне нұсқаларында беті жартылай ашық болып, қалған бөлігі түйе немесе бұзау терісімен қапталады. Қыл қобыздың екінші бір нұсқасының беті жұқа тақтаймен тұтас жауып тасталады.

Сазген – үш ішекті, шанағы қатты жынысты ағаштан тұтас ойылып жасалады. Беті тұтастай шыңылтыр терімен жабылады.

Екі ішекті ыспалы егек ертеде Алтай қазақтары, сібірлік түркі тектес халықтар арасында кең қолданыста болған. Оның ішектері жылқы қылынан тағылып, ысқышпен ойналады. Қазақ егегінің шанағы өрік, емен секілді ағаштан тұтас шабылып, іші шұңғыл етіп жасалады.

Ыспалы аспаптардың ішінде ішегі тарамыстан жуан етіп жасалатын аспап нарқобыз деп аталады. Нарқобыздың жалпы тұрқы биік адамның отырған бойы шамалас. Шанағы үлкен, беті ашық. Қуыс ішіне айна, үкі, қоңырау, қасқыр тісі, үкі тырнағы секілді магиялық деп танылған заттар тағылады. Аспаптың дауысы боздаған нар түйенің дауысына ұқсас..

ответил от Surak_zhauap
0 голосов

2.1.5. Ішекті-шертпелі аспаптар

Әбунасыр әл-Фараби ішекті-шертпелі аспаптардың пайда болу төркінін садақтан таратады. Садаққа байланысты өрбіген ішекті-шертпелі және көп ішекті аспаптардың дамуы мен қалыптасуы әр елде, әр халықта әр түрлі деңгейде болып, біреуінде ерте, енді біреуінде кеш қолданысқа еніп отырған [3, 242-б].

Қазақтың шертпелі аспаптарының ішіндегі ең көп қолданылатын және көптеген үлгі-нұсқалары бары – домбыра. Домбыра негізі бес бөліктен тұрады: бас, мойын, кеуде, шанақ, қақпақ. Осыларға қосымша: құлақ, тиек, кемер ағаш, тұжым ағаш, бастырма, ішек, ойық, пернелер, қалқа, серпер, желкелік, түйме, өрнек, желбезек тақтайша аталатын қосалқы бөлшектер бар. Бұл бөлшектерсіз домбыра үн шығармайды, ойнауға келмейді.

Басқа аспаптарға қарағанда домбыра бақсы ойыны, дуаналық, емшілік, балгерлік сияқты діни-ғұрыптық салттарға қолданылмайды. Домбыраның түрлері өте көп:

Үшем домбыра – оның шанағы үш бөлек, шар тәріздес етіп тұтас ағаштан ойып жасалады. Бұл нұсқа туралы ел арасында: «Үш арысым – үш бегім, жарық жұлдыз – үшемім» деп үш егіз боп туған нәрестелерге арнап жасалыпты» деген сөз қалған.

Бүктемелі домбыра – екі ішекті көне нұсқа. Ішекті белгілі бір тұрақты дыбысқа лайықтап бұралады. Бұл алыс жолға шыққанда алып жүруге ыңғайлы аспап.

Екі жақты домбыраның әр бетіне екіден ішек тағылатындықтан төрт ішекті деп те аталады. Домбыраның бір жақ беті теріс бұрауда, екінші жағы оң бұрауда орындалады.

Желбезекті домбыра – екі ішекті сопақша домбыра. Желбезек домбыраның атақты күйші Мағауия Хамзин 1983 жылы жетілдіріп жасаған жалғыз нұсқасы халық аспаптары мұражайында сақтаулы [4. Инв №280].

Домбыра үлгілеріндегі қуыс мойын аталатын нұсқасы ел ішінде өте сирек кездеседі. Мойын ағашы ішіне ішек тартылатындықтан мойын іші қуыс болып жасалады. Сыртындағы ішектермен күй ойнағанда ішіндегі сым ішек өзінен өзі тербеліске түсіп, әуен шығарады..

Домбыра тобындағы сирек нұсқаның бірі – қоссаз. Тұтас ағаштан ойылып жасалатын бес ішекті аспап. Қазіргі кезде ол көбінесе құрап жасалады. Мұндай домбырада ойнау өте күрделі.

Шағын үлгіде жасалатын, балаларға арналған екі ішекті шіңкілдек аспабы. Тұтас ағаштан ойылып жасалады. Сыртына ұлттық ою-өрнектер салынып жасалатын нәзік, ашық үнді аспап. Аспап балаларға арнап жасалған.

Домбыра тобында сирек қолданылатын нұсқасы – үш ішекті домбыра. Ертедегі өнерпаздар арасында қолданыста болған бұл домбыра негізінен Шығыс және Орталық Қазақстан өңірлерінде дамыған. Кәдімгі домбырадан айырмышылығы тек үш ішектілігінде. Ұлы Абай атамыз өзінің ән-күйлерін осындай үш ішекті домбырамен айтқан.

Ішекті-шертпелі аспаптардың ішінде беті терімен қаптап жасалатын үлгісі шертер деп аталады. Оның ертеректе ел ішінде сақталған көне нұсқасына перне тағылмайтын болған. Ішегі жылқы қылынан тағылғандықтан ертеде ол «шертпе қыл» деп те аталған.

2.1.6. Көп ішекті аспаптар

Қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптарының ішінде көп ішекті нұсқалары да кездеседі. Соның бірі – керуіш. Керуіштің негізгі тұрқы бұрышты, доға, кейде садақ тәрізді иіп, шеңберлі етіп жасалады.

Қазақ тұрмысында керуіш үш түрлі жағдайда қолданылады. Біріншісі – шанағы шеңбер тәрізді жасалған тоқымашы-кестеші қыздардың кергіш құралы; екіншісі – бітеудей сыпырылған аң, мал терісін илеуге қолданылатын құрал түрінде, үшіншісі – сыңсу әндері мен шағын күй әуендерін сүйемелдеп орындайтын музыкалық аспап.

Түркітанушы ғалым В.В.Радловтың еңбегінде түрік халықтарының арасына кең тараған көп ішекті "енчин" [5, 333-б], алты ішекті "бозұқ" атты пернесі болмайтын аспаптар туралы деректер сақталған [5, 1684-б]. Керуіш аспабының б.з.д. болғандығын: "...Древняя ладьевидная арфа (керуіш) пролежавщая 2500 лет в одном скифских курганов из Алтая... Пазырыкскую арфу дошедшие до нас благодаря слою вечной мерзлоты" деген жазбалар нақтылай түседі[6, 44-46 б].

Көп ішекті аспаптың осыған ұқсас түрі – адырна. Аспаптың пайда болу тарихы б.з.б. ІІІ ғасырдан ІХ ғасыры арасы деген болжам бар. «...Бағзы заман аңшыларының садақ атып, жебе тартып, аң аулау, құс ату секілді тұрмыс-тіршілік қарекеті адырна аспабының пайда болуына негіз болған...» немесе «...біздің жыл санауымыздан бұрын адырна садақ тәріздес етіп жасалып, шанақты марал, таутеке, бөкен, бұғы, өгіз секілді жануарларға ұқсастырып жасайтын болған...» деген сияқты деректер сақталған [7].

Көп ішекті аспаптардың ішінен үнемі қолданыста жүрген нұсқасы – жетіген. Жасалуы да, ойналуы да үлкен шеберлікті қажет ететін кұрделі аспап. Осыған сай бөлшектерінің атауы да көп: шанақ, кергіш, бет қақпақ, көмкерме, түйме, құлақ, бастырма, тиектік, қысқа тиектер, ұзын тиек және жылжымалы асық тиек.

2.2. Дәстүрлі музыкалық аспаптармен байланысты әдет-ғұрып, наным-сенім, салт-дәстүрлер

Көптеген ғасырлардың барысында қазақтардың өзіндік әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері қалыптасты. Олардың бірқатарын Ресей әкімшілігінің өкілдері, орыс және шетел ғалымдары, саяхатшылар айқын байқап, жазып қалдырды. Қазақтардың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері үй ішіндегі отбасылық қарым-қатынастарды қалыптастыруда үлкен рөл атқарды.

Екі қазақ кездесе қалғанда жасы кішісі жасы үлкеніне «Ассаламағалейқұм!» деп бірінші болып сәлем береді. Жасы үлкен кісі оған «Уағалайқұмассалам!» деп жауап қатады. Тек содан кейін ғана аман-саулық сұрасады. Бұлай сәлемдесу бірін-бірі тіпті танымайтын адамдар үшін де міндетті болып саналады.

Қазақ халқына тән әдептілік пен сыпайылық, кішіпейілділіктің бір көрінісі — үлкен кісінің есіміне әке (еке) сияқты жұрнақ сөз қосып айту. Мәселен, Қазбек — Қазеке, Диқан — Дәке, Бауыржан — Бауке сияқты айтылады. Мұны белгілі орыс ғалымдарының бірі Л. Баллюзек те байқаған: «Қырғыздардың сыпайылығы, кішіпейілділігі мен әдептілігінің бір көрінісі — жасы үлкен кісілердің есіміне еке (әке) сөзін қосып айтуы».

Жас келіндер ер азаматты ерекше құрметтеудің белгісі ретінде күйеуінің жақын туысының атын атамаған. Күйеуінің әкесі мен шешесін ата, ене деп атаған. Күйеуінің іні-қарындастарын шырақ, жарқын, айнаш, гүлім, бауырым деп еркелете ат қоятын. Өзге туысқандарына да жаңа әрі жарасымды ат ойлап табатын.

Тізе берсек, таусылмайтын әдет-ғұрып, салт-дәстүр, наным-сенімдерге бай біздің халқымыз өз кезегінде дәстүрлі музыкалық аспаптарды да жоғары орынға қоя білді.

Кейбір музыкалық аспаптардың үні адам шашын өсіруге не тоқтатуға, шалықтап ауырған адамның жүйкесін емдеуге пайдалылығын ғалымдар анықтаған. Ал қазақ дәстүрінде ондай аспаптардың үні үй түліктерін емдеу мен бір-біріне телу жолдарында қолданылған. Бұл көбінесе қылқобыз бен сыбызғының көмегімен атқарылған.

Қазақ халқы қылқобыздың киесі бар деп есептеген. Сол себептен қылқобыз аспабында күй толғаған бақсы-жыраулардың еліктіру, сиқырлау көмегімен інген жетім ботаны бауырына алып емізеді. Мұның түп негізінде дыбыстық құралдармен еліктіру, сиқырлау арқылы төлді сақтау, көбейту ұстанымы жатыр.

Ал қоңырау, сылдырмақ аспаптары сәбидің бесігіне, бас киіміне, бойжеткендер мен жас келіндердің шолпысына, шашқабына, жолаушылардың ат арбасына тағатын болған. Бұл әрекеттер арқылы жын-періден сақтану, сұқ көзден аластау наным-сенімі қалыптасты.

ответил от Surak_zhauap
0 голосов

2.2.1. Ұрмалы аспаптармен байланысты ұстанымдар.

Қазіргі кезге дейін қазақтың ұрмалы аспаптарының оннан аса түрлері белгілі болып отыр. Олардың әрқайсысының атқаратын қызметі мен орны бөлек-бөлек болған. Оларды үш топқа бөліп қарастыруға болады:

1. Діни-ғұрыптық;

2. Жаугершілік-жорықтық;

3. Тұрмыстық-шаруашылық.

Діни-ғұрыптық тұрғыда алғашқы қауымдық дәуірде ең алдымен жыртқыш аңдарды үркітіп, қорғанатын қару ретінде пайда бола отырып, келе-келе діни-ғұрыптық ұстанымдарда басты орынға шықты. Даңғыра, ұрғы мен қол даңғыра бақсылық дәстүрмен тығыз байланыста болды. Дабыл, даңғыра беттеріне әр түрлі магиялық суреттер салынады. Мұндай шулы заттар мен суреттер арқылы бақсы-балгерлер өзінің қоршаған ортадағы орнын күшейтуге тырысады.

Бақсылардың негізгі құралы саналатын бұл аспаптардың көмегі арқылы атқарылатын іс-әрекеттердің басты міндеті - адамдар мен мал-жанға келген түрлі кеселдерді емдеу, бақытсыздыққа ұшырататын оқиғалардың алдын-алу.

Ертеректе даңғыра, дабыл секілді аспаптар мал-түлік жаппай жұқпалы індетке шалдыққанда да қолданылған. "...Түн ішінде қотан шетіне от жағып, мал-түлікті даңғыра үнімен жын ойнағандай азан-қазан етіп үркітіп, бәдік өлең айтып сескендіріп, ауру иесін қорқытып, ауру бетін қайтаруға талпынған".

Осылайша діни-ғұрыптық құралдар саналған даңғыра, дабыл, асатаяқ аспаптары уақыт өте келе музыкалық аспаптарға айналып отыр.

Жаугершілік-жорық қолданысына жататын аспаптарға - жорық дабылы, қос дүңкілдек, шың, дудыға секілді соқпалы дыбыстық аспап-құралдар жатады. Халқымыз жаугершілік заманды басынан көп кешірді. Көшпелі өмір салтын ұстанған халқымыздың жауына атойлап, ұрандатып, дабылдатып қарсы шабатын сәтінде қолданылатын соқпалы аспаптар байырғы заманда-ақ қалыптасқан. Жаугершілік-жорық мақсатында қолданылған соқпалы аспаптардың ішінде қос дүңкілдек пен жорық даңғылының рөлі зор. Мәселен, Абылай хан мен Қабанбай батыр бастаған қалың қол осы секілді соқпалы дабылдың бірнешеуін жасап қолданғаны, аспапты тоқпақпен ұрып дабылдатып, "алаш", "алаш" деп ұрандатып жауға қарсы аттанғаны туралы айтылады [9, 229-б].

Осылайша, соқпалы аспаптар жаугершілік заманда өз үнімен батырлардың делебесін қоздырып, еңсесін көтеретін, қайраты мен жігерін жанып, намысын оятатын магиялық әсерге бай аспап қызметін атқарған.

Тұрмыстық-шаруашылық қолданысына жататын аспаптар негізінен мыналар: шыңдауыл, дауылпаз, сақпан, кепшік, зырылдауық, шартылдауық, тоқылдақ, тұяқтас. Көшпелі өмір сүрген халқымыздың тұрмыстық сән-салтанаты болған саятшылықтың негізгі белгілерінің бірі - дауылпаз бен шыңдауыл. Олар ең алдымен халқымыздың салт-дәстүріндегі құсбегілік, саятшылық, аңшылық секілді тұрмыста дыбыстық құралдар ретінде қолданылған. Ертеде бұлардың үні арқылы аң-құстарды үркітіп, апанға түсіріп, қаумалап ұстайтын болған. Дауылпазды сал-серілер мен құсбегілер сәндеп, сыртына ою-өрнек салып, үкі тағып, жиектеріне күміс немесе асыл тастар орнатып жасайтын болған.

Ертеде халық арасында сақталып келген шартылдауық, дырылдауық, зырылдақ, тоқылдақ, тұяқтас секілді аспаптар музыкалық аспапқа айналғанға дейін малшы-бақташылардың қарапайым тұрмыстық құралы қызметін атқарды.

Ұлан-ғайыр далада мыңғыртып мал айдаған ата-бабаларымыз қыстаудан жайлауға, шалғайдағы жайылымдарға көшіп-қонуға үлкен жауапкершілікпен қараған. Олар көшпен бірге шартылдауық пен дырылдауықты да алып жүрген.

Сақпан аспабы ең басында малшы-бақташылардың сартылдата жүріп мал шетін күзетуге, жыртқыштарды үркітіп, олардан сақтануда қолданылатын қарапайым дыбыстық құрал саналған.

Тоқылдақ - бала тәрбиесіндегі дыбыстық құрал ретінде қалыптасты. Тоқылдақтан шығатын дыбысты игеру балалардың дыбыстарды айыру қабілетін ұштайды.

Тұяқтастың ең басында пайда болуын ерте дәуірдегі адамдардың екі шақпақ тасты бір-біріне соғуы арқылы от шығару, екі алақанның бір-біріне соғылған дыбысынан өрбітеміз. Қазіргі таңда малдың екі тұяғын бір-біріне соғу арқылы дыбыс шығаратын аспапқа айналып отыр.

Кепшік те ең әуелі тұрмыстық зат ретінде пайдаланылған. Қыз-келіншектердің бидай ұшырып, тары мен сұлы тазалайтын ыдыс ретінде пайдаланды.

Осылайша халқымыздың тұрмыстық-шаруашылық жағдайында туындаған соқпалы дыбыстық құралдар уақыт өте келе музыкалық аспаптарға айналып отыр.

2.2.2. Сылдырлы аспаптармен байланысты ұстанымдар

Қоңырау, сылдырмақтар діни-ғұрыптық наным-сенімдерде үлкен рөл атқарған. Ертедегі көне тайпалар мен халықтар арасында сылдырмақ, қоңырау аспаптарына қасиет қонған деген наным-сенім сақталған. Сол себептен бақсылар құс бейнелі сылдырмақты қолданатын болған. "Ішіне ұсақ тастар салынған сылдырмақ пен қоңыраудың үнін қолдану арқылы жын-перілерді (злых духов) үркітіп, аластатылатыны туралы наным-сенім қалыптасқан", - деп жазады зерттеуші Д.А.Фахретдинов [10, 57-б].

Қазақтар арасында күлдіреуік аталатын үлгісін жаңа туған нәрестенің бесігінің аяқ жағына іліп қоятын болған. Бесікті тербегенде оның үнінен бесікке, нәрестеге келетін сұқ көз, жаман ие секілді көзге көрінбейтін нәрселер қорқып, жоламайды деп сенген. Ал ат арбамен жолаушылап шыққанда жылқыға немесе арбаға қоңыраулар тағылған. Сонда түнде келе жатқан жолаушы мен атқа жын-перілер жоламайды деп сенген. "...Сылдырмақ-қоңыраулар дыбысы айналамыздағы көзге көрінбейтін қара ниет, тылсым күштерге қарсы тұмар ретінде қолданылады".

Қоңырау-сылдырмақтардың шағын етіп жасалған майда үнді үлгілері қыздардың шашына тағылады. Қазақтар арасында адам жанының бір ұшы шаш арасында мекендейді деген сенім қалыптасқан. Сол себептен қоңырау мен сылдырмақ қосылып жасалатын қыздардың шолпысы мен шашқабы жын-шайтан мен пәле-жаланы маңайлатпайды деп сенген.

Бақсылар өз киімдеріне әр түрлі магиялық әсері бар заттар іледі. Сылдырмақ, қоңыраумен қоса көмекші рухы бар деп саналатын аңдардың бейнелерін іліп алады. Бастарына мүйіз салынған қалпақ киеді. Осындай киімдер киген бақсы қолына даңғыра, дабыл, асатаяқ ұстап өзінің бақсылық міндетін орындайды. Бақсылар асатаяқтың басына бұлан, арқар, самұрық бейнесін салып жасайтын болған. Оның себебі, асатаяқ аспабының басына қандай аң-құс бейнесі салынса, соның күші келеді деп сенген.

Қоңырау үн ерекшеліктеріне қарай әр түрлі жағдайларға сай жасалып-қолданылған. Мысалы, жиын-той, қуанышты сәттерде орташа үнді, дыбысы ашық, сыңғырлы қоңыраулар қолданылды. Ал діни-ғұрыптық рәсімдерде оның үні магиялық әсерге толы болды. Жаугершілік, жаманшылық, шапқыншылық жағдайларды хабарлауда дыбысы үрейлі, ірі қоңыраулар қолданылады.

Ертедегі қазақтардың тұрмыс-салтында, ел өміріндегі жаугершілік замандарда қоңырау, сылдырмақтар батырлардың бес қаруымен бірге жүрген. Мәселен:

...Жағасы - алтын, жеңі - жез,

Шығыршығы - торғай көз.

Сауыт киер ме екенбіз,

Қоңыраулы найза қолға алып... [11], - деп келетін жыр жолдарында көрініс табады.

ответил от Surak_zhauap
0 голосов

2.2.3. Үрлемелі аспаптармен байланысты ұстанымдар

Халықтың күнделікті тұрмысынан туындаған дыбыстық құралдардың мол тобына үрлемелі аспаптар жатады. Ол табиғатта өсетін қарапайым қамыс-қурай түрінен бастап жез, метал, саз, тас, пластмасса секілді заттардан жасалады.

Қамыстан жасалатын үрлемелі аспаптардың тұрпайы үлгісінің алғашқы қолданылуы жайында есте жоқ ескі замандардан жеткен түрлі аңыз-әңгімелер көп. Сол аңыздардың бірі "Қос мүйізді Ескендір" атанған Александр Македонскиге байланысты айтылады. Қос мүйізін жасырын ұстаған ол әр шашын алған шаштараздың басын шаптырып отырған. "Бірде оның шашын алу кезегі жас жігітке келіпті. Баласын бұл қатерден аман алып қалуды ойлаған анасы оған өз омырау сүтін араластырып күлше пісіріп береді. Жігіт патшаның шашын алып болған соң, анасының ескертуі бойынша әлгі күлшені жей бастайды, патшаға да ұсынады. Дәмі тіл үйіретін бұл күлшені кім пісіргенін сұрайды. Жігіт анасының өз омырау сүтін қосып пісіргенін айтады. Сонда Ескендір: "...Сенің анаң дана адам екен. Екеуміз енді бауырмыз, сені қалай өлтіремін", - деп амалы таусылған патша жендеттеріне жігітті қиян далаға апарып тастауды бұйырады. Жапан түзде тентіреп жүрген оның құлағына бір уілдеген үн келеді. Жан-жағына қараса құрт жеп тесік болған қамыстан дыбыс шығып тұрғанын байқайды. Жігіт қамысты кесіп алып үрлеп көрсе, әуен пайда болады..." [12].

Көшпелі өмір сүрген ата-бабаларымыздың негізгі тіршілігі - аңшылық, саяткерлік, құсбегілік және мыңғыртып мал ұстау болғаны белгілі. Үрлемелі аспаптардың қолданылу арнасы негізінен осы малшы-бақташылардың өмірімен тығыз байланысты болды.

Үрлемелі аспаптардың ішінде керней мен ұран ертеде хандар мен қолбасшыларды салтанатпен күтіп алу, жорыққа шығарып салу, халықты бір жерге жинау секілді рәсімдерде қолданылған.

Үрлемелі аспаптардың теріден жасалатын жалғыз нұсқасы - желбуаз. "Аспаптың сыртқы түрі буаз сиырдың желініндегі емшектерінің жан-жаққа тырсия жайылуына ұқсас болғандықтан, аспап желбуаз атанған",-дейді ескі аңыз-әңгімелердің білгірі, қария О.Хаймолдин [13].

Сыбызғы – кең таралған үрмелі аспаптардың ең көне түрі. Бұл аспапта көбіне бақташылар мал бағып жүрген кезде жалғыздықты жеңу үшін ойнаған, ал кешкілік уақытта сыбызғы жыр-аңыздарды сүйемелдеуге пайдаланылған.

2.2.4. Ішекті-ыспалы аспаптармен байланысты ұстанымдар

Ішекті-ыспалы аспаптар ең басында діни-ғұрыптық мақсаттарға сай қолданылған. Ғұлама ғалым Шоқан Уәлихановтың айтуынша: "...Шаман дінін ұстанатындардың ең дарынды өкілі - бақсы деп аталған. Қазақ ұғымында бақсы - халықтың ырым-жырымын, салт-дәстүрін, жора-жосықтарын насихаттайтын әрі ұстаз, әрі жыршы, әрі күйші, әрі емші қызметін атқаратын ерекше қасиет қонған дарын иесі саналады" [14, 469-477 б]. Сондықтан да қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптарының тарихын сөз қылғанда бақсылық дәстүрге тоқталмай кетпейміз.

Жалпы ішекті-ыспалы аспаптардың алғашқы тұрпайы үлгісінің қашан және қай заманда пайда болғаны жөнінде күні бүгінге дейін нақты ғылыми дерек жоқ. Қобыздың пайда болу төркінін түрік әлемінің ортақ абызы саналған Қорқыт есімімен байланысты аңыздар жетерлік. Алайда, әл-Фараби Қорқыттың жас кезінен қылқобыз аспабын жете меңгергені жөнінде пікірі бар болғанымен, қобыз аспабының пайда болу төркінін біздің санамызға сіңіп қалғандай Қорқыт ата есімімен байланыстырмайды [15,14-б].

Аңыз бойынша Қорқыт атамыз қобызды түсінде көреді және жасау тәсілдерін аян арқылы алады. Біршама уақыттан соң қобыз аспабын жасап шығарады екен.

Жылқы жануарының қылқұйрығынан ішек пен ысқы тағылған қобыздың зарлы да мұңды дауысын бұрын-соңды естіп-көрмеген ел-жұрт оны жаманшылыққа жорыпты. Қобызды өлім шақырады деп ойлап, жұрт Қорқыт ата мен қобызды ел арасынан аластайды. Аян арқылы келген қобызды қудалаудан сақтап қалу үшін Қорқыт ата жұрттан қашып, тау-тасты паналап, жер-жерді кезіп кетеді.

Қорқыт ата өлімнен қашып, мәңгілік өмірді іздегенде киелі ағаштардан қобыз жасап, соның үнімен өлімді үркітіп, аластатпақ болған. Өлімнің арашасысы, үркітушісі "өмір ағашынан" жасалған қобыздың дауысы деп сенеді. Алайда "өлімнен қашқан Қорқыт" ажалды жеңе алмады. Бірақ Тәңірдің қалауымен аян алып, қобыз сарынына әулиелік дамып, қобыз үні мәңгілік өлмес сарынға ауысып, бүгінге жетті. Қобыздың "қасиетті", "киелі" саналуының бір сыры - осы.

Қылқобыздың киелі, қасиетті саналуын тек Қорқыт бабамыз секілді атақты бақсы-жырауларымыздың ойнағандығынан немесе сырт нұсқасының киелі аққуға ұқсас болғандығынан ғана емес, қыл секілді қасиетті заттардан ауысқан магиялық әсердің тигізер ықпалынан деп те түсіну керек.

"...Қылқобыздың сыртқы түрі киелі құс саналатын аққуға ұқсас екендігін алғаш рет суреттеген әл-Фараби, одан кейін оны аққумен салыстырған саяхатшы П.С.Паллас болды", - дейді академик Ә.Марғұлан [16]. П.С.Палластың байқауынша: "...Қобыздың сыртқы көрінісі мен одан сұңқылдап шыққан үн тұтасымен аққуды елестетеді" [17,132-б].

Қазақ даласында бақсы-балгерлер өте көп болған. Олар қобызға қосымша қоңырау, сылдырмақ, сүйек, айна, үкі, бүркіт тырнағы, қасқыр тісі, құс қауырсыны, асыл тастар секілді заттар таққан. Саяхатшы-этнограф Р.А.Пфенниг бұл жөнінде: "...бақсылар ауруларға ем-дом жасағанда ұсақ қоңыраулар мен сәлпеншектер ілінген екі ішекті қобыз деген аспапты пайдаланады", - дейді [18,73-б]. Мағжан Жұмабаевтың "Қойлыбайдың қобызы" поэмасында атақты Қойлыбай бақсы өзі бара алмаған жерге "қобызын жібереді", "бәйгеге қосады" деп айтылған деректер де қобыз аспабының магиялық қасиетін көрсете түседі: "...Қобызының қасиетін білетін бақсы оны жуан ағашқа байлап қойыпты. Бәйге аттарының тұяғынан көтерілген шаңның арасынан жуан ағашты сүйреп келе жатқан қобыз көмбеге бірінші болып келіпті. Мұны көрген жұрт шошып, жан-жаққа қашыпты", - деп айтылады [19, 159-б].

2.2.5. Ішекті-шертпелі аспаптармен байланысты ұстанымдар

Көшпелі өмір сүрген халқымыздың тарихында ішекті-шертпелі аспаптар, оның ішінде домбыра айрықша орын алады. Олар тұрмыстың алуан түрімен қатар дамып, әдет-ғұрып, салт-дәстүр арналарын бойына жинақтады.

Бұрын ішекті-шертпелі аспаптардан жалғыз деп саналып келген домбыраға шертер, жетіген, адырна, керуіш секілді аспаптар қатары қосылды.

Емдік қасиеті бар заттардың бірқатары қасиетті Құран дұғаларымен байланысты болып келеді. Көк Тәңірінің қалауымен жаратылған осындай заттардың бірі - сана домбыра. Мұны қасиетті Құранда жазылған: "...Көк періштелерінің әрқайсысының қолында домбыраға ұқсас әлдебір алтын аспап..." деп келетін сөзден аңғаруға болады [20, 639-б].

Сана домбырамен ән, жыр, терме, күй орындап, адам рухын тазартуға болады. Сана домбыра емдік қасиеті бар дауа домбыраға айналу үшін қасиеті зор адыраспан мен мәусектің кепкен 8 тамырын шанақтың саға тұсына арасы 1 см болып келетін ұяларға тікесінен орнатылған.

Халық түсінігінде домбыра адам көкірегіне нұр құятын, жамандықтан сақтайтын күшке ие аспап ретінде төрге ілініп, қастерлеп ұсталған. Басқа аспаптарға қарағанда домбыра - бақсы ойыны, дуаналық, емшілік, балгерлік секілді діни салттарда қолданылмайды. Ол өнер, білім құралы ретінде адам санасын тәрбиелеуге пайдаланылады.

ответил от Surak_zhauap
0 голосов

2.2.6. Көп ішекті аспаптармен байланысты ұстанымдар

Ұлы ғұлама Әбунасыр әл-Фараби ішекті аспаптардың шығу төркінін садақтан өрбітеді. Бұл - барлық елде мойындалған қағида. Қазақтардың ертедегі тұрмыс-салтында садақ басты рөл атқарды. Халқымыздың ұлт аспаптары қатарына садақтан өрбитін көп ішекті керуіш, адырна, жетіген аталатын аспаптар келіп қосылады.

Деректер мен жазбаларға сүйенсек, көп ішекті аспаптардың ішіндегі керуіш адырна мен жетігеннен ертерек қолданыста болған.

Қазақ жетігені туралы деректер мен ғылыми мәліметтер өте аз. Десек те, жетіген туралы зерттеуші-ғалым Б.Сарыбаев ел арасынан жазып алған жалғыз аңыз былайша суреттеледі: "Ертеде өмір сүрген күйші қарттың жеті бірдей баласы жұт жылдарында бірінен соң бірі қазаға ұшырайды. Ауыр қайғыға душар болған қарт жеті баласына арнап, ұзынша жәшік тәріздес ағаш аспапқа жеті ішек керіп "Қарағым", "Қанат сынды", "Құмарым", "От сөнер", "Бақыт көшті", "Күн тұтылды", "Жеті баламнан айрылып құса болдым" деген азалы жеті күй шығарған. Аспап атауы осы жеті күйге сай жеті ән деп аталған" [21].

Осыған ұқсас аңыздар шығыс халықтарында да кездеседі. Мәселен, жапон императоры Уданың билігі кезінде (888-896) Курамо тауынан түскен қаскүнем жын иесі ел ішін әбігерге салады. Ол зұлым күш иесін қуу үшін 7 тақуа ол мекендеген тау үңгірге келіп, 77 күн бойы құдайға жалбарынып, дұға оқыған [22, 230-б].

2.2.7. Аспап жасалатын ағаштармен байланысты ұстанымдар

Алла тағаланың еркімен жерге түсірілген Адам баласының тұрмысындағы ең алғашқы қолданып, пайдаланғаны - ағаш немесе ағаш жемістері. Ағаш қасиеті туралы: "Алла сіздерге "Марых" пен "Ғарыф" деген екі жасыл ағаштан от жаратты. Бұл қасиетті екі ағашты бір-біріне үйкелесе жанады", - деп жазылған қасиетті Құран кітабының Ясін сүресінде [23, 445-б]. Сондықтан жер бетіндегі көптеген халықтарда кейбір ағаш пен өсімдіктер киелі саналып, оларға табынып келген. Қазақ ұғымында ағаш тамырын терең жайған, мәңгілік өмірдің нышаны саналатындықтан, киелі, қасиетті деп таныған ағаштардың саясына түнеу, бұтақтарына шүберек байлау, ағаш өсіп тұрған жерге табыну секілді ұстанымдар қалыптасқан.

Қазақ халқында ағаш, жапырақ және өсімдік шөптері магиялық ғұрыптарда сақтандырушы киелі зат ретінде қолданылған. Әсіресе, адыраспан меңдуана, тобылғы, емен, тұт, арша, т.б. ағаш-шөптердің түтінін қолдану өсіп-өну мен көбеюдің ырымы, сұқ көзді қайтарудың, тіл-көзден аластаудың, ауруды басқа затқа көшірудің кепілі деп сенген.

ІІІ. Қорытынды

Жалпы алғанда дәстүрлі музыкалық аспаптардың тарихы халқымыздың көшпелі өмірі мен шаруашылық үлгісінің құрамдас бөлігі болды және елдің шаруашылық, рухани-мәдени дамуымен қатар қалыптасты. Өйткені, халықтың дәстүрлі музыкалық аспаптарының байырғы жасалу әдіс-тәсілі және онымен байланысты болып келетін салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, наным-сенімі - көшпелілердің ежелгі этнологиялық үрдісінің, қоршаған табиғи орта мен қоғамдық мәдениетті игеру тәжірибесінің тоғысқан тұсы саналады.

Дәстүрлі музыкалық аспаптарға қатысты мәліметтер қазақтың салт-дәстүрі, наным-сенімі, әдет-ғұрпымен байланысты болады. .Ендеше, дәстүрлі музыкалық аспаптар - өнер, мәдениет құралы ғана емес, адамзат қоғамы өмір сүрген дәуірлерді танып-білуге көмектесетін тарихи ескерткіш, мәдени мұра.

Дәстүрлі музыкалық аспаптар алғашқы қауымдық қоғамдағы аңшылар ортасынан пайда болғаннан бері мыңдаған жылдар өтті. Олар тұрпайы жасалған аңшы құралы қызметінен өтіп, қарапайым рәсімдік өнер түрлеріне, діни-ғұрыптық ұстанымдарға қолданыла бастады. Алғашқы байырғы нұсқалары өзгеріп, жасампаздық тұрғыда дами түсті.

Діни ұстанымдар үстемдік еткен кезеңде бақсылық рәсімдерде қолданылатын асатаяқ, даңғыра, қылқобыз, қоңырау, сылдырмақ қатарлы аспаптар бөлініп шықты.

Егін егу, мал шаруашылығымен айналысу әрекетімен байланысты сақпан, кепшік, тоқылдақ, шартылдауық, зырылдауық секілді тұрмыстық мақсатқа сай қолданылатын аспаптар бөлініп шықты. Ал сандаған шапқыншылықтар мен жорықтар жағдайында қос дүңкілдек, жорық дабылы, дауылпаз, дудыға, шыңдауыл, шың қатарлы аспаптар туындап, дамыды. Алайда, осы уақытта олардың көбі қолданыстан шығып, тарих сахнасынан ысырыла бастады.

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында домбыра, сыбызғы және қобыз аспабы ғана сақталып, қазақ жеріне ағылған түрлі көзқарастағы отарлаушылар арқылы гармонь, баян, аккардеон, фортепиано, рояль секілді жатжұрттық музыкалық аспаптар қаптай бастады. Уақыт өте келе дәстүрлі аспаптар да жаңа мазмұнға ие болды.

Қорыта айтқанда, қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптары алғашқыда қауымдық діни ұстанымдардан, одан аңшылық, малшылық-бақташылық, жаугершілік қолданысқа өтіп, кейіннен тұрмыстық құрал қызметіне ауысып, бірте-бірте музыкалық мақсатқа сай қолданысқа түсті.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Ежелгі мәдениет куәлары. -Алматы: Ғылым, 1966

2. Аль-Фараби - "Трактаты о музыке и поэзий". - Алматы: Ғылым, 1993

3. Өнердің ықшам тарихы. -Алматы: Өнер, 1989

4.Халық музыка аспаптары мұражайының қоры

5.В.В.Радлов - "Опыт словаря тюркских наречий". -1888

6.С.И.Руденко - "Культура населения Горного Алтая". -М-Л:1953

7.О.Хаймолдин - "Адырна"// Қазақстан әйелдері №2: 1984

8.Н.Адамқұлов, А.Құмаров - "Қос мойынды қоссаздың технологиясы". -Алматы: ҚазҰПУ баспасы, 2006

9.А.Жақыпов - "Хан батыр - Қабанбай". -Алматы: Нұрлы әлем, 2001

10.Художественная культура Средней Азии ІХ-ХІІІ веков. -Ташкент, 1983

11.Батырлар жыры. -Алматы: Жазушы, 1989

12.Т.Мұқышев - "Сыбызғы сазы"// Ана тілі, 2004 жыл, 3 наурыз

13.О.Хаймолдин - "Желбуаз" // Қазақстан әйелдері №3, 1983

14.Ч.Ч.Валиханов - "Собрание сочинений в пяти томах". -Алматы: Жазушы, 1961

15.А.Машани - "Әбунасыр әл-Фараби". -Алматы: Жазушы, 1970

16.Ә.Марғұлан - "Күйді ерттеп, әнді мінген кемеңгерлер" // Жұлдыз, 1983

17.П.С.Паллас - "Путешествие по разным провинциям Российской империи бывшее. -Спб, 1802

18. Р.А.Пфенниг - О киргизских и саратовских народных песнях. "Этнографические обозрение". -Спб, 1889

19.Ш.Уәлиханов - "Тәңір құдайы" // Таңдамалы: -Алматы: Жазушы,1985

20.Інжіл-Шәриф. Аян тақырыбы. - Стамбул, 2002

21.Б.Сарыбаев - "Қазақтың музыкалық аспаптары". -Алматы: Өнер, 1981

22.Календарные обычай и обряды народов Восточной Азии. Годовой цикл. -Москва: Наука, 1989

23.Құран-Кәрім. Ясін сүресі. Сауд Арабиясы: Медине, 1991

24.Б.Г.Ерзакович - "Қазақ музыка фольклорының тарихнамасы" -Алматы: Ғылым, 1986

25.Ш.Уәлиханов - "Қазақтардағы шамандықтың қалдығы". -Алматы: Жазушы,1985

26.Б.Ш.Сарыбаев - "Қазақтың музыкалық аспаптары". -Алматы: Өнер, 1978

27.Т.Әсемқұлов - "Күмбірлеген көне аспаптар" // Қазақ әдебиеті, 1988

28.З.Жәкішева - "Аспаптану". -Алматы: Қазақ тарихы, 2012

29.О.Бейсенбекұлы - "Сазды аспаптар сыры". -Алматы: Ана тілі, 1994

30.Қазіргі кездегі Қазақстан өнері мен мәдениетінің даму бағыты. -Алматы, 2001

31.А.Сейдімбек - "Қазақ әлемі". -Алматы: Санат, 1997

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы // Егемен Қазақстан Астана 2006 жылғы 1 наурыз 2-3 б.

ответил от Surak_zhauap

Похожие вопросы

0 голосов
0 ответов
0 голосов
0 ответов