Жамбыл жырларынан фольклорлық бата, тілек, өсиет, арнау, жоқтау жанрлары да орын алды. «Бата» өлеңінде «жақсы сөз – жарым ырыс» екендігін ескере отырып, «Әумин» деп қолыңды жай, Қабат тусын күн менен ай. Алғаның болсын сайма-сай» деп бар ақ тілегін жаудырса, «Өсиет», «Көп қарға тең келмейді бір сұңқарға! өлеңінде: Көп қарға тең келмейді бір сұңқарға, Көп жылқы тең келмейді бір тұлпарға. Жақсының әрқашан да жөні бөлек, Жаман адам жарамас бір қымтарға, – деп жақсы өсиет білдірді. Ақынның шығармаларынан ерекше орын алатын арнау өлеңдер. Олардың басым көпшілігі жекелеген адамдарға қаратыла айтылған арнаулар. Осылардың қатарында «Кененге», «Ғасем Лахутиға», «Калинин ақсақалға», А.Пушкинге арнап жазылған «Асқан бұлбұл», «Пушкинге», «Сүлеймен Стальскийге», т.б. жекелеген адамдар мен «Қазақстан тойына», «Амангелді тойына», «Социалистік Қазақстан» тойына», т.б. тойларға шашуын да атауға болады. Ұлы Отан соғысының қан майданында баласы Алғадай қайтыс болғанда қарт ақын бар шерін өлеңмен шығара білді. Оның «Алғадай туралы», «Сарғайып атқан таң ба екен», «Алатауды айналсам» атты өлеңдері қазақ поэзиясындағы жоқтау жанрын толықтырды: Мінгенде атым сұр бөрте, Алғадайды алдың еп-ерте, Мен жыламай – кім жылайды, Жал-құйрығы кеп-келте. Немесе: Алатауды айналсам, Алғадайды табам ба? Сарыарқаны сандалсам, Саңлағымды табам ба?.. Бала қалды жетім боп, Келін қалды жесір боп, Біздей кәріп кісіге, Көз салыңдар есіркеп… Қазақстан Жазушыларының бірінші съезінде мүшелікке өткен Жамбыл есімін 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің бірінші онкүндігі шарықтатып, даңқын арттырып жіберді. Ол да басқа ақындар секілді өз заманының перзенті. Сондықтан еңбекші бұқараға теңдік алып келген Қазан төңкерісіне деген жүрек жарды қуанышын жасыруға болмайды. «Күн көсемге» деген бар жылы сөзі ақынның «Туған елім», «Халықтың сәлемі», «Ұлы заң», «Ленин», «Орден алғанда», «Қайта жасардым» деген арнаған ақын шығармаларынан асқақ рух анық байқалады. Ақын шығармаларының шоқтығы биігі – айтыстары. Жамбылдың Құлманбет, Досмағанбет, Сарыбас, Майкөт, Бақтыбай, Сары, Бөлтірік, Жүнісбай, Айкүміс, Бөлектің қызы, Шашубаймен айтыстары суырыпсалмалық өнерінің биікке шарықтағандының айғағы. Осылардың ішінде Айкүміспен айтысы қыз бен жігіт айтысының жақсы бір көрінісі болса, Құлманбетпен айтысы қазақ әдебиетіндегі айтыстың жақсы бір үлгісі. Құлманбет ақын Албанның би, болыстарының байлығымен, дәулетімен мақтанғанда Жамбыл «Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт, Ел бірлігін сақтаған татулықты айт!» деп жеңіп кетеді. Жамбыл жырларының ішінде оның эпикалық үлгіде жазылған «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» атты дастандарының орны ерекше. Жетісу бойына кең тараған Өтеген туралы аңызға Жамбыл ақын жан бітіріп, оны қазақ әдебиетіне алып келді. «Қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған» жайма-шуақ өмірді іздеген Өтегеннің бақыт жолындағы ізденісі халықтың арман-тілегімен ұштасып жатты. Өтеген батыр туралы дастанда аңыз басым болса,
Сұраншы батыр туралы дастанда тарихилық үстем. Қоқан хандығына қарсы Жетісу қазақтарынан шыққан батыр Сұраншы Ақынбековтың ерлік істері көңілге қонымды. Қазақ, қырғыз, өзбек халқы еңбекшілерінің ынтымағы арқылы адам баласы аңсаған азаттық нанымды бейнеленген. Осылардың қатарында «Көрұғлының» Жамбыл жырлаған нұсқасы мен «Бақ, дәулет, ақыл» атты аңыздарын да атауға болады. Ақын бақ, дәулет, ақыл туралы аңызды тірілте отырып оқырманға: «Ал, жігіттер, бұл сөздің шешуін тап, Бай болғанмен не боларсың, болсаң ақымақ. Ақымаққа мал бітсе мас болады, Ақылсыз түк бітірмес, мал менен бақ», – деген ой салады. 1941 жылдың басында «Кәрілік» атты өлеңінде «Босатып буынымның шегелерін, Сыпырып тұла бойдан күшімді алды» деп кәрілікке мойын бере бастаған ақын 15 республикадан құралған мызғымас Кеңестер Одағына фашистік германия тұтқиылдан шабуыл жасағанда қаламын қолға алып, қайтадан қайраттана, жігерлене түсті. Бұл тұста Жамбыл ақын жауға қаламмен қарсы шығып, «Ата жаумен айқастық», «Өлім мен өмір белдесті», «Ленинградтық өренім!», «Москваға», «Аттан, батыр, ұрпағым», «Кеңес гвардеецтеріне», «Кеңес жауынгерлеріне», «Майданға хат», «Сыйлық», «Тырналар қайтты көріңдер», «Отан әмірі», «Алынбас қамал», «Балама хат», «Воронеж батырларына», «Ленин өреніне», «Қамал бұзған қаһарман», сынды әрбір өлеңін жауға оқ етіп жаудырды. Өмір мен өлім белдескен шақта ақын қуатты жырларымен кеңес жауынгерлеріне жігер берді. Оның жырлары жыл құсындай болып майданға аттанды. Жауынгерлерге Ленинград, Москва, Сталинград сынды ірі қалаларды жау қолына бермеңдер деген ақын жырларында өршілдік рух басым. Кеңес жауынгерлеріне қайратына қайрат, жігеріне жігер қосқан өлеңдерінің ішінен «Ленинградтық өренімді» ерекше атауға болады: Ленинградтық өренім, Мақтанышым сен едің. Нева өзенін сүйкімді, Бұлағымдай көремін… Уа, қаһарман, өренім, Мақтанышым, беделім!.. Қаласындағы Лениннің Сайып қыран, өренім! Ұлы Отан соғысы жылдарында патриоттық рухта жазылған толғаулары үшін КСРО Халық Комиссарлар кеңесі 1941 жылы Мемлекеттік сыйлық берді. Ақын «Мұнша жасқа келгенде, Не көріп, не білгеннен. Бір ауыз сөз айтылмай, Қалса – үлкен мін ақынға» дей отырып, сексеннен асып, тоқсанға таяған шағында көрген-білгендерін ой қазанында қорытып, өмір жайлы толғауларын жазды. Оның «Замана ағымы», «Туған елім», «Менің өмірім» атты толғауларының қазақ әдебиетіндегі орны ерекше. Жүз жасаған ақынның өмір сүрген уақытында қазақ халқының басынан неше алуан ірі-ірі тарихи оқиғалар өтті. Ақын қазақтың жүз жылдық тарихының ғана емес, арғы-бергі тарихының өмір шындығын көркем шындыққа айналдыра білді. Ол толғауларында Қоқан хандығы, одан ақ патшаның қол астында отар болып, «Қысым көрген, қырылған, Таланған да шабылған» қазақ халқының аянышты тірлігі мен Қазан төңкерісімен келген теңдік пен бақытты өмірді «Жамбыл қарт жетпіс екі жасағанда, Николай ұрған доптай тақтан ұшты. Жарқырап бостандықтан сәуле түсті – Жабырқаған халықтың көңілі өсті!» деп жырлады. Жүз жасаған ақын Жамбыл Жабаев халық поэзиясының алыбы ғана емес, «ХХ ғасырдың Гомері» атанды.Ол халық поэзиясы арқылы қазақ халқын да әлемге танытты.