Атырау облысы
Атырау қаласы
Н.К.Крупская
атындағы №18 орта мектеп
Шалкарова Эльмира
Утеулиевна
Қазақ тілі мен
әдебиеті пәнінің жоғары санатты мұғалімі
Оқушыларды
шығармашылыққа баулу жолдары
Шығармашылық-бүкіл болмыстың,
қозғалыстың, дамудың, бір сөзбен айтқанда,
тіршіліктің көзі
Қ.Әбдібекқызы.
Біз қазақ деген мал баққан елміз,
Ешкімге соқтықпай,жай жатқан елміз.
Елімізден құт-береке қашпасын деп,
Жерімізді жау баспасын деп,
Найзамыздың ұшына үкі таққан елміз.
Достықты сақтай білген елміз,
Дәм-тұзды ақтай білген елміз.
Асқақтаған жан болса,хан ордасын
Таптай кірген елміз.
Атадан ұл туса,құл боламын деп тумайды,
Анадан қыз туса,күң боламын деп тумайды.
Ұл мен қыздың арын сақтай білген елміз.
Өзінің ғасырлар бойғы өткен күндері мен тіршілік мұратынан
сыр шертетін халқымыздың бейнесі осы
өлең жолдарында сыйып тұр емес пе?
Ұлы сөзден ұлағат ала білген халқымыз өзінің сөзімен
дау-дамайдың шешімін тауып,мұратына жетіп отырған.
Қаншама өмір нарқын салмақтаған,өрелі жасқа өріс болар
асыл ой түйіндері көркем,мәнді сөзден тарап келеді.
«Қыран түлегіне қайыспас қанат сыйлайды,ұстаз шәкіртіне
талап сыйлайды» деген халқымыздың қанатты сөзі ұстаз арқылы дарыған талаппен
ұрпақтың алысқа ұшатынын меңзеген сияқты.Талапсыз ұланның ертеңгі күні еліне
қандай болуы неғайбыл емес пе? «Бала болсаң, болғандай бол, ел-жұртыңа
қорғандай бол» дегенді дана халқымыз тереңінен үңіле отырып айтқан ғой.
Еліне қорған,ұлына қамқор болар ұрпақтың қашан да көңілі
ояу, айналасындағы өзгерістерге сын көзбен қарай білетіні, пірік, қорытынды
айтатын шешім қабылдай алуы қажет.Міне, бұл биік - оқушының шығармашылық
қабілеттерін дамыту арқылы келетін іс.
«Көкірегі сезімді, көңілі ойлыға,
Бәрі де анық тұрмай ма ойлағанға»,-деп ұлы Абай атамыздың
сөзімен қарар болсақ, шығармашылық қабілеті дамыған баланың көкірегі сезімді, көңілі
ояу боларына дау жоқ.
Шығармашылық-әдемілік пен әсемдіктің әліппесі.Мұғалімнің
өзі де шығармашылықпен тұрақты айналысатын, дәуір көшінің өзгерістеріне ілесе
алатын болуы тиіс. «Өзі шығарма жаза алмайтын мұғалім,жағада тұрып , жүзуді
үйреткен су жаттықтырушысына тең». Ұлы адамның осы сөзі-мұғалімнің
қазығы,бағыты болуы тиіс.
Ұстаздың жазған пікірлері, мақала, мөлтек сыр, озық
әдістері баспасөз бетінде жарияланып тұруы-шығармашылықпен жұмыс істеуінің,
оқушымен бірлесе табысқа жетуіне ықпал етеді.
Оқушы-басты тұлға.
І.Сезім іште
түлеп,сыртта сымбаттанады.
Бірінші кезең-жаңаны,тың нәрсені дамыту,сезе
білу,ойлау,түпкі идеяны табуға ұмтылу.Шығармашылық ой-талдауға бейімділік, ішкі
сезімталдық қасиетті оята білу.
Бір сөзбен айтқанда, бұл кезеңді мен былай қорытындылағым
келеді. «Сезім іште түлеп, сыртта
сымбаттанады». Бұл кезеңге байланысты
арнайы әдеби-шығарым тапсырмалар беріледі,бұл тақырыптық,еркін тақырыпқа
шығарма, мақала, хат, ойтолғау, эссе сияқты жұмыстар арқылы орындалады.Белгілі
тақырыптарды өткеннен кейін төмендегідей
талаптар бойынша жұмыстар жүргізіледі:
1.Шығарманың мазмұны, тақырыбы жайында пікір жазу;
2.Кейіпкер тобын ажыратып, олардың арасындағы шиеленісті
түсіндіру;
3.Ұнаған эпизодтарды баяндау;
4.Шығарма мазмұнына
сай қанатты сөздерді ойлап жазу;
5.Мазмұны бойынша сұрақтар қою;
6.Әңгіменің белгілі бір бөлімінің көркемдік ерекшелігіне
талдау жүргізу;
7.Әңгіме кейіпкерінің басындағы іс-әрекетті ,көңіл-күйін
өз басымен салыстыра баяндау.
ІІ. «Қиялдамасаң, қызыл тіл сайрамайды».
Екінші кезеңдегі атқарылатын жұмыстар осыған саяды.
Екінші кезең-қиял,ұшқыр ой,ой қызметінің батылдық
ерекшелігін қалыптастыратын кезең.Бұл кезеңде оқушыны көркемдік шешім табуға жетелеу үшін ой ұшқырлығы туу
қажет.Мұнда оқушының өзіндік ізденісі, пікірі, айтары байқалады.Бұл кезең-оқиға
құрудың, образ жасаудың мүмкіндігі бар кезең.Мұнда оқушыға ертегі, әңгіме,
мақалаларды жалғастырып жазу және аяқтау тапсырылады. Бұл жұмыста оқиғаға тән көріністер,суреттер, адам
портреттері, түрлі сюжеттер орын алады. Оқушы сол көріністерді қиялмен суреттеп, оқиғаны дамыта отырып,
шығармашылық жұмыс істейді. Сөйтіп, жанды деталь, мазмұнды ой, қызықты кейіпкер, тың ой туады. Олай болмаған күнде
шығарма көркемдік дәрежесіне толық жете
алмайды.
Оқушыны шығармашылық жұмысқа үнемі бағыттап отыру-
әңгіме,ертегі,оқиға тізгінін өз қолына беру, қиялына мүмкіндік туғызу.
Өз бетінше жұмыс істеу- шығармашылық қабілетті ашудың
көзі. Бұл бағытта төмендегідей жұмыстар арқылы оқушының таным көкжиегін арттыра
түсеміз:
1.Логикалық
ойын дамытатын тапсырмалар
(сөзжұмбақ,ребус шешкізу,
жұмбақ, мақал-мәтел,қанатты сөздер құрастыру)
2.Берілген тапсырманы түрлендіру бағытындағы жұмыс
түрлері (мәтінді
өңдеу,
берілген мәтіннен диалог құру,мәтін бойынша шешендік сөз
құрау)
3.Өз ойынан еркін тақырыпқа құрастыруға берілген жұмыс
түрлері(өлең,
ертегі, әңгіме
жазу,шығарма,эссе)
Оқушыларға әдеби-шығарым тапсырмалар өтілген тақырыптар
бойынша жүргізіліп қоймайды. Еркін және тақырыптық шығармалар, түрлі мақалалар,
өлең құрастыру және өлең мазмұнына қара сөзбен жаздырту жұмыстары орындалады.