Өмірде неше түрлі уды іштім,
Неше түрлі азапқа, жаным түстің.
Ағайынның ішінен ала шықса,
Жау ішінде бар ма екен сонан күштің?!
С.Торайғыров
Мына өмірде неше түрлі адам сенгісіз оқиғалардың орын алып жататыны шындық. Әсіресе, қазіргі заманда. Айналаңдағы адамдарды ешбір жамандыққа қимайсың, сыртқы көзге жақсы, біреуге қол ұшын созуға дайын тұратын жанашыр жандардан зәбір көремін деп еш ойламайсың. Біз сегіз ағайынды едік. Оның алтауы қыз бала да, екеуі ұл болатын. Әкем марқұм көзінің тірісінде қыздарына пәтер алып беріп, «бірінің төбесін бірі көріп отырсын деп» ұлдарына үй салып беріп еді. Қыздары өз алдына үй болып, әрқайсысы да өз орындарын тапты. Бірақ өзі көзі тірісінде келін болып түскен келінінен үш ұйықтаса да адам ойына келмейтін қылықтар шығарып, зәбір көргенде айтуға да қымсыласың.
Анамның жасы жетпістің алтауына келді. Кәртайғанда бір бала демекші, ол кісі өзі бұрыннан ештеңемен ісі жоқ, бар ма бар, жоқ па жоқ, ешкімге қатты сөз айтпайтын жуас адам. Соны пайдаланған келіні Айткүл бар билікті өз қолына алып, сырт көзге жақсы болып көрініп, ағайынның арасын ара-дара етті. Оның залымдығына бойлап еніп болмассың. Айткүл өзі жетім өскен, әрбір апасының үйінде бір жүріп дұрыс тәлім –тәрбие де алмаған қыз болатын. Ініміз Самат екеуі қыз бен жігіт болып бар жоғы бір-екі ай ғана жүрді. Саматтың үй жайы, хал жағдайының жақсы екенін көрген Айткүл «мен сені жақсы көремін» деп үйге өзі кіріп алды. Беті қалың, екі көзін баттастырып алып бояп алып жүретін. Інім Самат кішігірім бизнеспен айналысады. Ақша, өмір және әйел адамды өзгертеді екен. Мейірбан бауырымыз бұл күнде адам танымастай өзгерген. Жалғыз інісі Талантқа да бір мейірі жоқ. Үш қызы да бойжетіп, үлкен қызы тұрмысқа шыққан. Сол қызы тұрмысқа шыққанда көрдік, Айткүлдің бет пердесі сонда ашылды. Қызын сырттан алып қашып кетті. Құдалар тойды көп ұзатпай жасап жіберді. «Сендер сырттан алып кеткенсіңдер»-деп құдалардың тойына 150 адамды бірақ алып барды. Жарайды бірінші тойы ғой деп ешкім үндемеді. «Сендер алтынды азақ әкелдіңдер» -деп тағы тиісті. «Мен дүниесімен беремін, қызымды жеке үй алып беріңдер»-деді. Құдалар оған да көнді. Апта, айлар өтіп жатты. Бір күні анамызға амандасуға барып отырғанбыз Айткүл қызына телефонмен хабарласып жатты. «Қазір тезірек үйде ешкім жоқта, барлық киімдеріңді жинап, алтын бұйымдарыңды қорабына салып ал да, көлігіңе салып қой, ертең жұмыстан соң бірден үйге тарт» -деген сөзді құлағымыз шалып қалды. Ертеңіне қызы жұмыстан соң үйіне жетіп келді. Бар жоғы Айдармен алты ай ғана тұрды. Сөйтіп қызын айырылыстырып алды.
Бар кінасы күйеу баласы қызына сен неге кешігіп келесің, үй іші жиналмапты, тамақ істелмепті деген екен.
-Мен оған көрсетемін, саған кіжіңдейтіндей ол кім еді, деп Айткүл сөйтіп екі жастың ортасына түсіп үйіне әкеліп алды. Өзі қыздар келгенде жиырылып, түр-түсін бұзып алады. Өзі сияқты жақын бір жеңгеміз бар еді, аты Бикен. Қара сұр жүзді, ат жақты, үнемі қанын ішіне тартып алып жүретін. Сол екеуінің сыбыры, өсегі көп. Қарайып анам отырса да ешқашан ақылдаспайтын, барлық шаруаны өздері шешетін. Бірде анам айтыпты «балалар ау екі жастың арасына есі кеткен түседі, неге жастардың арасына араласасыңдар, бір-біріне үйреніп, бір-бірін танығанша уақыт керек, түспеңдер жастардың арасына, өздері шешсін» деген екен. Кешке анама соқсам, анам жылап отыр екен. Не болды деп сұрасам «ана сұр жылан қатын» сабауға шақ қалыпты. Сенің нең кетеді, өз қыздарыңды байға бердің ба, енді сенің шаруаң болмасын, өзім шешем депті. Мыналар не айтып жатыр екен деп, есіктің сыртынан сөз аңдып тұратын қылығы бар. Жасында тәрбие алмаған, ана тәрбиесін көрмеген қыздан не қайыр күтуге болады. Біздің үйдің қыздары да үндемей келіп, үндемей кетеді. Бір жағынан анасы «балалар сендер қонақсыңдар, келгенде үндемей келіп, үндемей кетіңдер, қайтесіңдер, өзі түсінер, өзі қояр» деп қыздарына ақыл айтып отырады.Бір жағынан бауырлары Саматты да аяйды. Әйел бір жақтан, үш қызы бір жақтан, бауырлары бір жақтан қайсысінікі дұрыс, қайсы бұрыс екенін өзі де шатасып кетті. Бірақ та көбінесе анасын да емес, бауырларын да емес, әйелінің жағына шығып, соның сөзін сөйлейді. Кіші қыздар тұрмысқа шыққанша шаштарынан жұлып, сабап отыратын. Тез осы үйден кетіп қалайық дегендей, кіші қыздар жастары 18 келген бетте тұрмысқа шығып кетті.