Жауап.кз вопросы и ответы
0 голосов
спросил от Kuaniysh в категории Школы

Ваш ответ

Отображаемое имя (по желанию):
Конфиденциальность: Ваш электронный адрес будет использоваться только для отправки уведомлений.
Анти-спам проверка:
Чтобы избежать проверки в будущем, пожалуйста войдите или зарегистрируйтесь.

5 Ответы

0 голосов
Өмір үшін жан аямай күрескендер.

   Қырық күн қырғын болса да, ажалды ғана өледі.

Қадірленсін аман-сау оралғандар.
Толарсақтан қан кешіп келісімен,
Бізге қорған, пана болып тұрғандарды.
     Қасиетті қазақ жерінің бір бөлшегі- Қарабұлақ ауылында сол кездерде 60 шақты үй болған екен.Ел басына «ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен күн кешер» күн туғанда, әскерге жарайтындардың бәрі де соғысқа аттаныпты.
    Оқ пен оттың арасына бара жатқан аталарымыз, сол кездегі өрімдей жас жігіттер, туған жеріне деген сағыныштарын жыр жолдарына төккен екен.
Еркелеткен үйдің іші,
Елдегі қадірлестер, үлкен-кіші,
Ағайын, туған-туыс, бауырларым,
Кең-байтақ, пейілі кең елдің іші.

             Жаз жайлайтын Ащылы көлім,
Құлпырған түрлі шөппен жазық жерім.
             Жаз болса қызықпенен өткізетін,
Бұл күнде ұмыт болды-ау қайран елім...
Айтқожа атамыздың әр сөзінен, әр жолынан, әр шумағынан еліне деген жүрек соғысын, туған-туысқандарына, ауылдастарына деген шынайы сезімін көреміз.Туған жерінің табиғатын аңсаған сағыныш сезімін байқаймыз.
                                             Асау тайдай ойнайтұғын,
                                             Ойынға қанша ойнаса тоймайтұғын.
                                             Замандас, жасы кіші қарындастар,
                                             Араздық арасында болмайтұғын, -деп ауылдастарын елжірей еске алады.
                                              Бастан кешкен әр түрлі іс,  
                                              Болды ғой соның бәрі көргендей түс.
                                              Сол түсті іс жүзіне шығаратын,
                                              Алладан бір жақсылық бола ма күш.
                                              Көп ағайлар шетте жүрген,
                                              Бір жағдай әсер етсе ойды бөлген.
                                              Алладан басқа тілек болмас еді,
                                              Күн болса соларды көзбен көрер
  Өмір үшін күрескен ағамыз бейбіт өмір орнап, қан майданда жүрген ауылдастарының елге аман-есен оралуын армандайды. Алладан осы тілегінің орындалуын сұрайды.

                                               Сағындық Қасқатау жемістерін,
                                                Төбе, сай-сала, қыраттарын.
                                                Соғыстан аман-есен қайта қайтып,
                                                Жейтұғын күн бола ма жемістерін, -деп толғанады.  
       1923 жылы Қарабұлақ ауылында туған Әбдірахманов Айтқожа  1942 жылы соғысқа аттанған екен. Соғыста байланысшы-барлаушы болды. «Күн болса соларды көзбен көрер»,- деп армандаған аталардың тілегі қабыл болып, елге 1946 жылдың күз айында аман-есен оралған екен.
      Бейбіт күнде туған жерінің табиғатын қорғап орманшы, кейін заң қызметкері болған.
        Хамзин Айғожа атамыз 1912 жылы туған. Ұлы Отан соғысына қатысқан кезінде 31 жасқа толған екен. Мұны біз алапат майдан даласынан жазған хатынан байқаймыз.
                        Хабаров үлкен қала көрінеді,
                        Көңілім елді ойласам бөлінеді.
                        Елдегі туған-туыс еске түссе,
                        Мөлдіреп көздің жасы төгіледі.

                        Хабаров үлкен қала жиын болды,
                        Дәл жасым 31-ге биыл толды.
                        Туысын ойламайтын пенде болмайды,
                        Айырылған ел-жұртымнан қиын болды.

                        Кигенім аяғыма шебел етік,
                        Заманның не боларын кім біліпті.
                        Сырқырап табанымнан өтер суық ,
                        Көрмедім мұндай істі өзім туып.
   Өлеңде елге деген сағыныш та, заманның қиындығы да, ел басына түскен ауыртпалық та айқын суреттелген.
    Атамыз қырғын соғыстан аман-сау елге қайтып, бейбіт өмірді қалпына келтіру жолында аянбай еңбек етті.      
    Ахметжанов Мәшекер ағамыз біздің Қарабұлаққа басқа жақтан көшіп келген екен. Бұл жайлы Төлеген Қажыбаевтың «Ақиқат жолы-алыс жол» атты кітабында былай делінеді: «...Осындай бір тұста Қаратоғай бауырындағы Битөле ауылына татардың Мәшекер деген жетім баласы келген. Толқын айдаған жаңқадай қаңғалақ ойнап келіп қалған баланы Жамали  бауырына тартып: «Бізге бала боласың ба?»дегенде, әбден күйзеліске түсіп, зәбір көрген Мәшекер жылап жіберіпті. Мұнысы: «Неге болмайын, боламын,-» дегені ғой.
     Бірде елге орыс санақшысы  келіп, түр-түсі қазаққа келе қоймайтын Мәшекерден : «Кімсің? Кімнің баласысың? Фамилияң кім?» -деп сұраса,Мәшекер қасындағы Ахметжанды нұсқап: «Қазақпын, фамилиям Ахметжанов»,-деп орысша жауап беріпті. »Осылайша асырап алған анасы Жамали мен әкесі Битөленің ыстық көңіл, мақпал алақанының аясында ер жетті. Ата-анасынан ерте айырылған бала өзінің тегін де білмейтін еді, сондықтан Жамалидің бауыры Ахметжанның атына жазылған екен.
    Кейіннен Қазан қаласынан Мәшекерді іздеп туған ағасы келгенде , ол Битөлені төңіректеп кете алмаған. Кейіннен Қарабұлақ ауылына көшіп келіп қоныстанған.
ответил от Kuaniysh
0 голосов
Ұлы Отан соғысына қатысып , майданнан аман-сау оралғаннан кейін ел өмірінің гүлденуіне күш-жігерін аямады.Құдай қосқан қосағы екеуі жетім қалған жиендерін ата- әженің   мейір-махаббатына бөлеп өсірді.Ерекше ықыласпен, ыстық көңілмен  бағып-қаққан аталарын жиендері құрметпен еске алып отырады.   
   Қарабұлақ ауылының тағы бір азаматы- Бижанов Зинелғабиден. Ол соғысқа 1942 жылы аттанған. Майданда жас офицер байланысшы-барлаушы болды. Елге жазған хатында:

                        Ассалаумағалейкум, қадірлі елім,
                        Кішілер, үлкен аға- асқар белім.
                        Хат алсам, амандыққа қуанамын,
                        Екі көз төртеу болып жүрген менің ,-
деп, туған еліне, ауылдастарына деген перзенттік сағынышын білдіреді.   
                        Шығын жоқ , тұрмыс жақсы, деніміз сау,
                        Дені саудан қорқады зұлым жау.
                        Ертеңгі болар күнге көз жетпейді,
                        Көлденең алдымызда тұр үлкен тау,- деп жауды тауға теңей отыра, өздерінің дендерінің саулығын, ал дені саудан жаудың қорқатындығын жыр арқауына шебер қиыстыра өре білген.  
                           Жеңістің күні жақын, ата-анам,
                           Күлімдеп шығысқа да қайтар балаң.
                           Жыр етіп батырлардың хикаясын,
                           Еркелеп екеуіңе айтар балаң ,-
деп, Жеңіс күнінің жақындығына, өзінің елге аман-есен қайтатындығына сенім білдіреді.Сағынған ата-анасына еркелер сәтті де армандайды. Бірақ ағамыздың бұл арманы орындалмады. Қан майданнан аман-есен еліне-Қарабұлағына оралғанында , асқар таудай болған әке-шешесінің бұл өмірден озғанын естіді.
    Зейнелғабиден ағамыз бейбіт күнде де ел тыныштығын қорғау жолында еңбек еткен.
                            Қол созып, тізе бүгіп сәлем берген,
                            Кешегі Зейнелғаби балаң сенің.
                            Айтқожа, Шәмшіолла, Мансұрлар да,
                            Қадірлі бауырларым аман менің ,-
деп  жырлаған Зейнелғаби ағамыздың жыр жолдарындағы Шәмшіолла -Беген бидің баласы. 1923 жылы туған. Онжылдықты Көкшетау қаласында бітірген.Майданға 1942 жылы Зерендіден аттанған. Шәмшіолла Бекмағанбетов жерлестері-Айтқожа, Зейнелғабидендермен бірге байланысшы – барлаушы болған. Майданда лейтенант шеніне шейін көтерілген. Қызыл гвардия қызметін жақсы атқарғаны үшін және жекелей ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз» , «Қызыл гвардия» ордендерімен және 9 медальмен марапатталған.
    Шәмшіолла аға сұрапыл соғыстан  аман-есен үйіне келгенде, әкесі Беген:   - О, келдің бе?-деп, іргеге қарап жатып қалыпты. Кім біледі, мүмкін кейбір адамдар Беген бидің бұл қылығын түсінбеген де шығар...Сірә, Би ата өзінің ішкі толқынысын, көз жасын баласына көрсеткісі келмеген болар...
   Ағамыз Алматыға барып, КазГУ-дің юрист факультетіне оқуға түседі.
   Ол айтқан сөзінде тұратын, берген уәдесінен таймайтын адам болған. Соғыс даласында үнемі жер бауырлап жүргендіктен, өкпе ауруына шалдығады. Сол кезде өкпе ауруын емдеудің жаңа тәсілі шығады. Осы емді Шәмшіоллаға қолданып көрмекші болып, ол кісінің келісімін сұрайды. Ол өз келісімін береді. Жолдастары бұрыннан келе жатқан еммен емделе беруін өтінеді. Шәмшіолла аға өзінің уәде бергендігін, енді өз сөзінен бас тарта алмайтындығын айтады. Осы жаңа емді қолдану кезінде қайтыс болған. Өз өміріне қауіп төніп тұрғандығын білсе де, өз сөзіне беріктігін білдірген Шәмшіолла ағаның мінезіне риза боласың! Шын мәнінде бейбіт өмірде де ерлік көрсетіп, өзгелер үшін өз өмірін құрбан етті.
       Нұқсан аға 1910 жылы туған. Соғысқа дейін механизатор болып істеген , кейін бригадир болған.1942 жылы соғысқа аттанған. Сталинградты қорғауға қатысып, сол майданда екі аяғынан ауыр жаралы болған. «Победа над Германией», «За оборону Сталинграда» және тағы басқа медальдармен марапатталған. 1943 жылы елге оралып, бухгалтерлік қызмет атқарған.
  Иса атамыздың Бектас және Қабдірашит деген екі ұлы соғысқа аттанған. Бектас 1907 жылы туған. 4 сыныптық білімі болған.Інісі Қабдірашит 1917 жылы туған. Әскерге дейін Көкшетау қаласындағы педучилищеде оқыған. 1939 жылы әскер қатарына алынып, фин соғысына қатысады. 1941 жылы соғысқа аттанады. Соғыс кезінде Ленинград әскери аймағында болады.1942 жылы бір қолынан айырылып, елге қайтады. «За отвагу» медалімен марапатталған. Елге оралғаннан кейін әуелі май жинаушы, кейін орманшы болған. 1973 жылы Алматы қаласында емханада қайтып, қазанның 6-сы күні ауылға жерленген.
ответил от Kuaniysh
0 голосов
Қабдрашит ағамыздың соғыс кезінде інісіне жазған арнау өлеңі бар. Бұл өлеңді Бектас өзінің фотосын ағасына салып жібергенде жазған екен.
                            Жансыз бейнеңді көргенде,
                            Өзіңді көргендей болдым мен.
                            Сағыныш толы кеудеме,
                             Қыса-қыса бастым да,
                             Бетіңнен сүйдім , бауырым.
   Сол сағыныш Қабдірашит ағамыздың жүрегінде мәңгілікке қалды, себебі Бектас аға соғыста хабарсыз кетті.
  Мусин Қойшы 1906 жылы туған. 1942 жылы соғысқа аттанды. Сталинград түбіндегі шайқасқа қатысып, жамбасынан, басынан жарақаттанады. 1944 жылы елге оралып, соғыстан алған жарақат салдарынан осы жылы қайтыс болады.
         Ағаларымыздың жыр шумақтарын , сөздерін оқи отыра, « қазақ ат сүрінгенше сөз тапқан » дана халық екендігіне көз жеткіземіз. Мысалы, Азнабай ата соғыстан бір көзінен айырылып келген. Ол: «Жұрттың екі көзі қайдан тойсын, бір көзі бар мен әлі тойған жоқпын»,- деген екен.
  Қосмағанбетов Жолдас ата да соғысқа барып, аяғынан ауыр жараланып, елге қайтқан. Өзінің аттай шауып жүрген бұрынғы кезін армандаған азамат:

                                 Сүйенем үйден шықсам таяғыма,
                                  Түсер ме бұл күн баяғыға.
                                  Командир, военкомат қайда кеткен?
                                  Дариға, зәру еттің аяғыма,-
 деп жан күйзелісін жыр арқылы жеткізген.   
      Соғысқа дейін орман қызметшісі болған Салық ата 1941 жылы майданға аттанады. Белоруссияны, Польшаны, Чехословакияны азат етуге қатысты.Құрылыс батольонында болып, Украинадағы ұзындығы 1км 30м болатын көпір салуға қатысқаны үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған. Жеңіс кезінде «Победа над Берлином» медаліне ие болған . Туған ауылына 1945 жылы оралып, орманшылық қызметін әрі қарай жалғастырған Салық Әбдірахманов 1983 жылы мамыр айында қайтыс болған.          
   Омаров Байзолла ағамыз соғыс басталған күні-ақ майданға аттанған екен. Белорусь, Украина майдандарында болып, 1943 жылдың басында Донбасқа келген. Ал 1943 жылдың аяғында Латвия, Литва, Польшаны азат етуге қатысқан. Соғыс біткеннен кейін де әскер қатарында болып, елге 1947 жылы оралған. «Победа над Берлином» және тағы басқа медальдармен марапатталған.Елге келгеннен кейін ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеген.
  Шорманов Қайыржан 1911 жылы туған. Орта білімді азамат Ұлы Отан соғысында асқан ерлігі үшін медальдармен марапатталған.Ауыр ұрыста бір аяғынан айрылып, бір жақ бетінен жарақат алып, елге оралады. Орманшы- лық қызметпен айналысады. 1982 жылы қайтыс болады.  аға елге оралғаннан кейін неміс лагерінде тұтқында болғаны үшін түрмеге жабылады.Содан ауылға 1954 жылы ғана оралады.
ответил от Kuaniysh
0 голосов
1906 жылы туған Есжанов Бірімжан ескіше молдадан оқыған. Соғысқа 1942 жылы аттанған. Ерлігі үшін бірнеше рет медальдармен марапатталған. Сержант шеніне көтерілген. Елге аман-сау оралғаннан кейін орманшылық қызметпен айналысқан ол 1984 жылы қайтыс болған.
                                                  Жап-жасыл шыбық, тал-дағы,
                                                  Орманның жасыл шекпені.
                                                   Қуанта, бірақ алмады,
                                                   Сонау бір үйді шеттегі,
                                                   Соғыстың соңғы көктемі...
 Әбдірахманұлы Дағар  1920 жылы туған.Ол өзінің атасы Мұстафаның атына жазылған екен. 1943 жылы Зерендіден майданға аттанған.Ағамыз Дағар сол сұм соғыста хабарсыз кеткен.
Қасқатау бауырында қара бұлақ,
     Сылдырап жатыр басы таудан құлап.
  Ащыкөл, Қостамармен қалды иесіз,
    Сулары төмен толқып қалың құрақ.,-
деп Пірман Иманұлы туған ауылының көрікті бейнесін көз алдымызға елестетеді.
                                    Қасқатау қарт бурадай жатқан шөгіп,
                                    Маңайға аты шыққан дабыл төгіп.
                                    Маңына келген адам көтеріліп,
                                    Ешбір жан кете алмайды мұны сөгіп.
 
                                    Қасқатау бірі-биік, бірі-тапал,
                                    Болады бірі-бала, бірі-ақсақал.
                                    Екеуі «Аумин» деп қолын жайып,
                                    Тілейді жігіттерге кеткен сапар.
  Елін сүйген жас Қасқатауды суреттеу кезінде теңеулерді өте шебер қолданған. Өлеңді оқып отырған сәтте көз алдымызға бірде шөгіп жатқан бура елестесе, бірде баласына оң сапар тілеп тұрған қарт елестейді.
                                    Қасқатау төңірегі бәрі алтын,
                                    Соғады ыстықтасаң самал салқын.
                                    Иісі анадайдан жұпар аңқып,
                                    Береді бойға қуат, кіріп қарқын.
Туған жердің бойға қуат берер самал желін, жұпар аңқыған таза ауасын жырлайды.
                                      Қасқатау қалың майса жарасады,
                                      Отыны , суыменен санасады.
                                      Береді көлігіңді толтырады,
                                      Қажетке сағат сайын қарасады, - деп табиғат байлығын, адамға берер зор пайдасын әсем жыр жолдарымен өрнектеген.
  Пірман ағамыз өнерпаз адам болған. Ол кісі ән салғанда, әннің майын тамызып, тыңдаған жұрттың құлақ құрышын қандырған.
      Ел сүйсінер ерекше жан комсомол  қатарына өту үшін жасын артық жаздырған екен. 1941 жылы майданға аттанған Пірмән Иманұлы 1943 жылы Украина жерінде ерлікпен қаза тапқан.
   Туған жерге деген ыстық махаббаты жыр болып өрілген мына бір хаты соңғы хаты екенін кім білген?
                  Қарт ана! Көпей аға, ағатай!
    Жалынды жас жүректің шыңынан алып, бүгінгі күні ыстық ел еске түсіп, бір парақ қағаз арқылы сізге амандығымды білдіру үшін хат жазып отырмын. Елден ойынға шыққанымыз жоқ қой. Отан үшін тігілген бас. Сол Отанды қорғауға дайындалып болғанымызды біліп, осы хатты осы жерге ақырғы жазғанмын ғой деп ойлап отырмын. Бүгін 1943 жыл 31-і күні түнде беретін жаңа киімдерін берді.
    Жүруге дайындалып, ертең-арғы күні жүреміз. Үлкен-кішінің барып жатқан жері ғой. Ал енді мені ойлатып, үйдің ішін жүдетпеңдер.
   Алдағы іске Алла сабыр беріп, бір-бірімізді көруге жазсын!
    Қайыр қош, қош, қош!
                                          Пірман Иманұлы
                                          Новосібір облысы
                                            Бердок қаласы
 Елі үшін опат болған ағамыздың ұлы тұлғасы жерлес ақынымыз Бижанов Мәтеннің  «Қасқатау» дастанында мынадай жыр шумағымен өрнектелген:
                                                Иман аға кісі еді дуалы ауыз,
                                                Ал онымен төңірек санасатын.
                                                Ұяң мінез өзіне жарасатын ,
                                                 Маңайына игі жақсы жиналатын.
                                                 
                                                  
                                                 Сұм соғыстың гүрзісі со бір қартты
                                                 Қатты соқты. Қайғысы жанға батты.
                                                 «Пірман опат »,- дегенді ұғындырып,
                                                 Қара қағаз жыландай арбап жетті.
                                                 Пірман шіркін, асылдың тұяғы еді.
                                                 Жаны-жайсаң , жігіттің қияғы еді.
                                                 Қасқатауды әуелде жырға қосқан,
                                                 Хақ сүйегі ақын-ды, зиялы еді.
                                                 Ел ішінде жақсының аты қалды,
                                                 Ел аузында өлеңі-хаты қалды.
   Пірмандай асыл азаматтың бейнесіне сүйсіне отырып, жалғыз ұлдарынан айырылған қос қарияның қасіретіне жүрегің езіле ауырып, сұм соғысқа лағынет айтасың!
   Майданнан хат алу , елдегі әр отбасының Алладан тілеген зор арманы ғой!Ағаларымыз өздері өлім мен өмірдің ортасында жүрсе де хат жазып, елдегі туысқандарына сүйеніш болған. Мына бір хатқа назар аударайықшы.
                                                  Қарындаш , қағазбенен қолға алайын,
                                                   Еске алып туғандарға хат жазайын .
                                                   Жүрсіз бе есен-аман, деніңіз сау,
                                                   Алыстан сағындырған , қарт атайым .

                                                  Болмайды жүрек шертіп, еске алмасқа ,
                                                  Көзіме елестейсің жер алыста.
                                                  Ойлаумен күндіз-түні біздің халді ,
                                                  Қараумен жүресіз бе күнбатысқа?

                                               Ойласаң біздің халді көңіліңе ал ,
                                               Күш қайтып, буын босап, болдыңыз шал.
                                               Өсірген бетке қақпай , жан атайым,
                                               Өтеуге ата хақын біз борыштар.
  Сапарғали ағамыздың хатының әр жолынан еліне, ата-анасына деген сағыныш сезіледі. Өзі алапат соғыстың ортасында жүрсе де, қартайған әкесін   ойлап, баланың ата-ана алдындағы борышын да ұмытпайды. Хаттың әр жолы көңіліңе ой түсіріп, жүрегіңді осыдан жетпіс жылға    жуық уақыт бұрын өмірден өткен адамға деген сағыныш сезімі, аяушылық сезімі, құрмет сезімі баурайды. Сапарғали аға соғысқа дейін партшколда оқып, райком, райсполкомда қызмет істеген. Соғыс басталғанда ағасы Темірғали екеуі де майданға аттанып, 1944 жылы екеуі де қаза тапқан.
ответил от Kuaniysh
0 голосов
Ал Құсайын Әбдрахманов ағамыз соғысқа дейін Степняк қаласында жұмыс істеген. 1941 жылы майданға аттанып, Қиыр Шығыс, Батыс майдандарына қатысқан. 1944 жылы қаза тапқан.
  Дүйсенбаев Қайырзал 1917 жылы туған. Соғысқа дейін механизатор болып істеп, елімізді астықпен қамтамасыз еткен. Ұлы Отан соғысында 1943 жылы қайтыс болған.   
    Есмағанбетов Тақош 1901 жылы Қарабұлақ ауылында туған. Соғысқа дейін Зерендіде аудандық газеттің редакторы, уәкіл болған. 1941 жылы әскерге алынып, 1056-АЛ, 264-АД құрамында соғысқа қатысты. Бұл ағамыз да майдан даласынан оралмады. Смоленскі облысының Озерное ауылында жерленген.
    Шорманов Шәріп 1905 жылы туған. Зерендіден соғысқа аттанған ол 1943 жылы майдан даласында қаза тапқан.
Мусин Бекқожа 1901 жылы туған. Соғысқа дейін темірден түйін түйетін ұста болған. 1943 жылы майданға аттанған ол хабар-ошарсыз кетеді.
  Қарабұлақтық Кішкене Өтешұлы 1897 жылы туған. Шын есімі- Қабдолла. Бәрінен кішкентай болған соң , осылай аталып кеткен екен. Майданнан аман қайту бақыты бұл атамызға да бұйырмаған екен. 1943 жылы қаза тапқан.
  Бекқожа ағамыз соғықа барар алдында мынадай бір өлең шығарған екен:
                                 Біріміз-кетік, біріміз-жетік.
                                 Барайық Герман итке өлеңдетіп.
Кішкене атаның бір тісінің жоқтығын, ал өзінің білімді екендігін өлең жолдарына қоса отырып, жаудан жасқанбауға үндейді.
  Әлімжанов Бейсембай 1922 жылы туған. Жетінші сыныпты бітіргеннен кейін Щучье қаласында техникумда оқыған.Майданға 1942 жылы аттанған ол хабар-ошарсыз кетті.
   Байсалбаев Есімғожа 1920 жылы туған. Соғысқа дейін комсомол хатшысы болған. 1942 жылы соғысқа аттанған. Қырым үшін болған соғысқа қатысып, ауыр жараланып, госпитальға түседі.
    «Сочи деген жерде пароход жылына 1 рет жүреді.» деген ең соңғы хаты келеді. Содан кейін хабар-ошар болмаған.  «Қара кемпір» өлеңіндегі ана сияқты Бүкір апа да баласынан күдер үзбеді. Құрт-майын жинап, өле-өлгенше баласын күтті.                    
  Қадірлі ағаларымыздың ерлік істері, өмірі –біздер үшін үлгі-өнеге. Кеңес Одағының батыры атағын алмаса да, есімдері әлемге әйгілі болмаса да біз оларды қадір тұтамыз.   «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды!»- дейді халқымыз.Жеңістің 60 жылдық мерекесіне орай ауылдың ортасына ұлы тұлғаларға арнап, ескерткіш орнатылды.Ескерткіштегі өз аталарының , туыстарының аты-жөнін оқыған әр адамның жүрегін мақтаныш кернейді, себебі олар Отан үшін, болашақ үшін құрбан болды...
   Бейбіт те шуақты күндеріміз үшін аталарымыздың аруақтарына бас иеміз! Қаһармандық ерліктері әрқашан біздің жадымызда!Аталарымыз орнатып кеткен бейбіт өмір жасай берсін!
ответил от Kuaniysh

Похожие вопросы

0 голосов
1 ответ
0 голосов
0 ответов
спросил от Saiynbek_pro в категории Музыка
0 голосов
0 ответов
спросил от Saiynbek_pro в категории Музыка
0 голосов
0 ответов
0 голосов
8 ответов
0 голосов
1 ответ
0 голосов
1 ответ
0 голосов
3 ответов
0 голосов
3 ответов
0 голосов
4 ответов
0 голосов
1 ответ
0 голосов
1 ответ
0 голосов
1 ответ