Жауап.кз вопросы и ответы
0 голосов

Ваш ответ

Отображаемое имя (по желанию):
Конфиденциальность: Ваш электронный адрес будет использоваться только для отправки уведомлений.
Анти-спам проверка:
Чтобы избежать проверки в будущем, пожалуйста войдите или зарегистрируйтесь.

2 Ответы

0 голосов
Лучший ответ
Мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамыту мәселесі туралы
Наурызбаева А.А. «Айголек» балабақшасы КМҚМ. Бозанбай. ШҚО.
«Ана тілін жақсы меңгеріп алмай тұрып өзге пәндерге түсіну мүмкін емес...».Ж.Аймауытов.

         Сәбилер мен мектеп жасындағы балаларды өз ана тіліне  үйрету –тәрбиешінің кәсіби даярлығының маңызды көрсеткіші болып табылады. Баланың табиғат сыйға тартқан барлық интеллектуалдық қабілеттері ана тілін меңгерудің, әсіресе мектепке дейінгі кезеңде  меңгерудің арқасында пайда болады және дамиды.
           Бала ана тілінде ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын халықтың рухани байлығын мұрат етеді.Одан арғы жерде тәрбиеленушілердің  өз заманының ғылыми жетістіктеріне сай болуы – тәрбиешіге байланысты. Балаларға  ана тілін оқытуда кәсіби шеберлікті меңгеру үшін болашақ тәрбиешіге әдістеме теориясын ұғыну және ғылымға белгілі әдістерді меңгеру, яғни осы әдістерді жүзеге асыратын оқытудың аса маңызды тәсілдерін орындауға жаттығу керек.Әрбір жеке тұлғаның бойындағы жетістіктің де, олқылықтың да негізі бала кезде ,оның ішінде балабақшада берілетін білім мен дағдыға байланысты болады. Көрнекті орыс психологы Л.С.Выготский баланың жеке тұлға болып қалыптасу процесін бірнеше кезеңге бөліп қарастырады:
          1) жаңа туған нәрестенің жады пайда болғаннан кейінгі кезең;
          2) тәй-тәй басып, тік жүре бастағаннан кейінгі кезең;
          3) алғаш сөйлеу дағдысын меңгере бастағаннан  кейінгі кезең;
          4) белсенді ойын кезеңі;
          5) мектеп есігін ашқаннан кейінгі кезең;
          6) 12 жасқа толғаннан кейінгі кезең;
          7) жасөспірім жетілу кезеңі;
         Жоғарыда айтылған әр кезеңді баланың даму, жеке тұлға ретінде қалыптасу жолындағы шағын секірістерге балайтын ғалым, әсіресе алғашқы сөйлеу дағдысын меңгеру  мен балабақша табалдырығын аттау оқиғаларына ерекше маңыз береді.
         “Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білген, көргені көп болған адам білімді болады”,-деген ұлы Абай өсиетімен өз ұлының алғаш сөйлеген күнін оның рухани туған күні деп санаған белгілі неміс педагогы И.Фихтенің пікірі де жеке тұлғаның қалыптасуы мәселесін арнайы зерттеген  Л.С.Выготскийдің жоғарыдағы ғылыми тұжырымдамасымен үндесіп жатыр.
        Оқу жұмысын ойдағыдай жүргізу үшін балалардың жас ерекшеліктері мен жеке ерекшеліктерін,олардың зейінін, қабылдау мен есін, ой-қиял  ерекшеліктерін, т.б.білу керек. Мысалы, алты жасар баланың зейіні тұрақсыз,   сабақ үстінде оның толқуы күшті, ал бөліну қасиеті мүлде жоқ десе болғандай, көлемі шағын болады. Оқудың алғашқы күнінен бастап-ақ балаларды тыңдай білуге, тапсырмаларды дәл орындап жүруге үйрету керек.      Олардың зейіндері заттарды бақылап, олармен жұмыс жүргізу арқылы тәрбиеленеді.
        Суреттерді көргенде, әңгіме, ертегі тыңдағанда бала зейінінің тұрақтылығы арта түседі. Сабақтарда пайдаланылатын ойын элементтерін, іс-әрекеттің түрлерін жиі өзгерту–олардың зейінін тәрбиелеуге көмектеседі. Мектепке дейінгі ес ерекшеліктері логикалық-сөздік байланыстардан қарағанда көрнекі бейнелердің басымдылығында. Сөздік материалды олар мағынасын түсінбестен, механикалық түрде жаттап алады. Қабылдау мен ойлауында да толып жатқан ерекшеліктер бар:олар ажырата қабылдауды білмейді, тұтас қабылдайды. Осыған орай, тапсырма бергенде дәлдеп, бөліктерге бөліп беру немесе заттар мен құбылыстардың құрамымен таныстыруды ескерген жөн.
         Мысалы, олар «сөз», «буын», «дыбыс» ұғымдарын шатастырады. Ажырата қабылдауға салыстыру арқылы үйретуге болады. Мұнда тек әріп дыбыс,буын,сөздерді ғана салыстырып қоймай,заттар мен құбылыстарды да салыстыруға болады. “Тауықты құстар қатарына қосамыз ба?”- сұрағы арқылы, ”Егер болса, қандай белгілеріне қарай құс дейміз? Егер болмаса, неге құстар қатарына жатпайды?, т .б.салыстыруды іске асыруға болады.
        Оқытудың мазмұны балалардың жас ерекшеліктеріне сай болуға тиіс. Алайда оқылатын материал үнемі оңай, жеңіл-желпі орындалатындай болуы қажет деген ұғым тумаса керек. Қиыншылық кездеспейінше, ойлау белсенді қызмет атқармайды. Екінші жағынан, шамасы жетпейтін қиыншылық кездессе, ой тежелуге ұшырайды, ерік күші мұқалады. Бұл ойлардан шығатын қорытынды-сабақтың түсінікті болуы шарт.
       Материалды балаға ұғындыру, оларды білім алуға дағдыландыру көп жағдайда оқыту тәсілдеріне байланысты. Оларды түрлендіру, көрнекілік жағына баса назар аудару сияқты талаптар, міне, осыған орай туады. Балалар сөз, дыбыс, буын, сөйлем деген сияқты дерексіз ұғымдармен алғаш рет кездеседі. Бұл ұғымдардың мәнін нақтылап түсіндіру үшін сурет, кесте әліппе, т.б. көрнекіліктердің пайдасы мол. Соңғыларын ойын ретінде де пайдалануға болады. Ескеретін жай - шектеу. Себебі, бірден бірнеше көрнекілік ұсынуға немесе керегі болсын - болмасын кез-келген суретті ұсына беруге болмайды (олар тіпті ашық бояулармен әдемі әшекейленген болса да). Басы артық көрнекілік балалардың зейінін тұрақтандырып, жинақтауға көмектесудің орнына баланы алаңдатып, зиянын тигізуі мүмкін. Ал осы жастағы балалардың тілін дамыту мәселесі маңызды жұмыс екені талас туғызбас. Балалардың ойлау және сөйлеу қабілеттерін дамыту мәселесі Т. Шонанұлының, Ж.Аймауытовтың, М.Жұмабаевтың еңбектерінде қозғалады. Мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамыту жұмыстары баланың балабақша табалдырығын аттаған сәтінен бастап, балабақшадағы ең негізгі пәндердің бірі-тіл дамыту сабағында үздіксіз жүзеге асырылса, қоғамның әлеуметтік қажеттілігін өтейтін, рухани бай тұлғаның қалыптасуына игі ықпал етері сөзсіз. Берілетін білім мазмұны мен қолданылатын  әдіс-тәсілдер  баланың  өзін-өзі  тануына  мүмкіндік  туғыза алса,  оның  танымының  дамуына  бағдарланса,  онда  балабақшадан бастап баланың  білімге қызығушылығы артады деген сөз.
ответил от amerikan
0 голосов
Бала тілінің дамуы  дыбыс  аппаратының  бұлшық  еттерінің  күрделі  шартты  және  шартсыз  қозғалысына  сәйкес  қалыптасады. Сонымен қатар,  басқа  адамдармен қарым – қатынастың  маңызы  зор екеніне  көптеген  мысалдар  бар. 12-16 жасқа дейін адамдармен  араласпай  өскен  балалардың  адам сияқты  сөйлеу  қабілеті  болмайды.  Сөздердің  мағынасын  түсініп, аздап  сөйлеп үйренгенімен, оларда екінші  сигналдық дәрежедегі  тіл  қалыптаспайды. Бұған  дәлел -  маймылдар тәрбиелеген  адам  балалары. Сәби  кезінен  жануарлардың  тәрбиесінде  болып,  адамдармен  қарым-қатынасы кеш  басталған балалардың  ересек  адамдардай сөйлеу қабілеті  болмайды, оларды  адам  кейпіне  келтіріп тәрбиелеу де,  сөйлету де  қиын,  кейде  мүлдем  мүмкін  болмайды.
  Жаңа  туған  бала дыбыс  аппаратының  шартсыз  қимыл  рефлекстеріне  байланысты  мағынасыз үн шығарады.
        2 – айдан  бастап  бала  дауыстай алады. Ересектерге  еліктеп,  кейбір  дауысты  дыбыстарды  қайталауы  мүмкін.
        3 - айдан  бастап  гу-гулеп, былдырлап, дыбыс  аппаратын сөйлеуге  дайындайды.
        5 - 6 айдан  еліктеу арқылы  жеке дыбыс, буындарды  айта бастайды. Бұл кезде  тек  бірінші сигнал  жүйесі  ғана дамығандықтан, сөздің  мағынасын  түсінбейді, жай  қайталайды. Сонымен қатар,  тілдің  шығуына  есту  қабілетінің  әсері  зор. Есту  қабілеті  ерте  жойылған  балалардың  тілі  шықпайды. Жақсы  еститін  баланың тілі 9 айында  түсінікті  жеке  сөздерге  айналады.  2 жасқа  дейінгі  баланың  сөйлеуі  оның  ана тіліне  байланысты емес,  содан кейін  ғана  ана тіліне сәйкес  артикуляция  байқалады.  Ми қыртысында  дыбыс  орталығы  мен сөйлеу  орталығының  арасында  нервтік  байланыс  пайда болады. Кейіннен  байланыс  күшейеді. Дені сау,  жақсы  дамып келе жатқан  баланың  1 жасында - 6-10, 2 жасында -250-300, 3 жасында – 1500, 4 жаста  - 4000-ға жуық, 5-6 жасында  - 4000-5000-ға  дейін  баратын  сөздік  қоры жиналады. Тәрбиесіне, жоғары  жүйке  әрекетінің  тобына, қозу мен тежелу  қасиеттеріне  байланысты балалардың  сөз қорының  мөлшері  әртүрлі болады.  Басқа адамдармен  қатынасына, табиғатына, яғни  генетикалық  (тұқым қуалаған)  ерекшеліктеріне,  болмысты  білуге арналған  ынтасына, өмір  сүріп отырған  ортасының  мәдениетіне  байланысты алғашқы  сөздері  баланың  көңіл – күйіне  негізделген, өмір  қажеттілігінен шыққан  сөздер  болса,  кейіннен мағына  тереңдейді. Ерекше  ескеретін  жай – баланың  тілінің  дамуында 3-4 жас  аралығының  маңыздылығы.  Осы  кезде  баланың  сөздерді  дұрыс, анық  айтуына  көбірек  көңіл бөліп,  онымен сөйлескенде  қателерін жөндеу  маңызды. Бұл кезең ата-аналардан  шыдамдылықты  талап етеді, баланың  мәлімет  алуға  ынтасы зор,  сұрағы  көп болады. Бір сұрақтан  екінші  сұрақ  туындап,  ересек адам  мезі  болуы мүмкін. Баланы  дөрекі тыйып  тастамай, сыпайы  түрде  көңілін басқа  нәрсеге  аударып жіберген жөн.  Жалпы  алғанда,  ауызша сөз қорының  дамуы 5-7 жасқа  дейін  созылады. Мектеп  жасына  дейінгі  балалардың  тіл байлығын  дамытуда түрлі  ойыншықтардың, әңгімелердің, балалармен серуендеп жүрген кездердің, сыртқы  ортамен  таныстырудың  маңызы зор. Олардың  есінде  белгілі  бір жағдайға,  нақтылы  әсерге  байланысты  сөздер  жақсы  сақталады.  Бұл кезде  баланың санасы  нақтылы  тітіркендіргіштердің  әсерінен дамиды.Балабақшадан мектептің бастауыш  сыныбына  аяқ басқан  балалардың  жазбаша тілін дамытқан кезде  ауызша  тілінің  маңызы  зор екенін  ұмытпау керек.  Жауап  беріп  үйрене  бастағанда  баланың  ішкі  қабілеті  дамиды. Ішкі  ойын  дәл  жеткізу  қабілеті  баланың  жеке  басының санасының, ақыл – ойының  дамуына  байланысты. Сондықтан баланы  дұрыс сөйлетіп,  ойын дәл айтуға  үйретуде  тәрбиешінің  орны  ерекше.
        Тәрбиеші  тілі – бақшадағы  балалардың  сөйлеу  тілін  дамытудың  негізгі  көзі болып  табылады.  Жас шамасына  қарай  әр топтағы  балалар өз  тәрбиешілерімен  шаруашылық – тұрмыстық  және  еңбек  іс - әрекетінде  қатынас жасайды.  Тәрбиеші балалардың  ойындарын  ұйымдастырады,  бағдарламада көрсетілген  барлық  сабақтарда  балалармен  сөйлеседі, кітап оқып  беру кезінде  балаларды  көркем  шығарма  авторларының  сөздерімен  таныстырады.  Демек,  балалар  тәрбиеленетін  мекемелерде  тілді  дамыту  потенциалының  мүмкіндігі  түгелімен  тәрбиеші сөзінің  сапасына  байланысты. Балабақша  тәрбиешісі  үшін  үлгілі  сөйлеуді меңгеру -  оның  кәсіби  даярлығының  көрсеткіші. Сондықтан  өзінің   сөйлеу   тілін  жетілдіру - әрбір  педагогтың  адамгершілік  және  қоғамдық  парызы.
          Кейін балаларға  беретін  тілдік  дағдыларды  өзі  жетік  меңгеруі маңызды. Сөйлеу  мәдениетіне  ие болу  дегеніміз – бұл  тілдің  барлық  элементтерінің (сөздің, түбірдің, қосымшаның, жұрнақтың, жалғаудың,  сөйлемнің әртүрлі типтерінің, ырғақтың) мағынасын  түсіну  ғана емес,  сонымен  қатар  әдеби   тілде  олардың  қалай қолданылатынын есте  сақтау деген сөз.  Әрбір  адамның  сөйлеу  мәдениеті  оның   тілді  сезінуіне  және  тілді  сезгіштігінің  қаншалықты  дамығанына  байланысты.  Қазақ  балабақшаларында  жүргізілетін  тіл  жұмыстарын  жүйелеп, кешенді  зерттеу  жұмысын  анықтаған  профессор  С. Р. Рахметова  бұл жұмыстарды  төмендегідей құрамдас бөліктерге   бөледі:
1)    сөздік  жұмыс;
2)    сөз тіркесі және  сөйлеммен жұмыс;
3)    байланыстырып сөйлеуге  үйрету жұмысы.
           Бұл жұмыстар  бір – бірімен байланыстырыла,  бір – бірімен қатар  жүргіледі. Бұл  - тәрбиешінің  еңбегі.
 Осы  еңбек нәтижесінде  балалар нені  меңгереді?
1)    қойылған сұраққа  тиісті  жауапты, сөздерді  қателеспей  айтуға үйренеді;
2)    сұрақтарға  қатысты жауап болатын  сөздерді бір – бірімен  байланыстыра  сөйлем құрастыруға  үйренеді.
         Балалардың танымдық  қабілеттерін дамытып, сөздік  қорын  молайтып, сөйлеу  дағдысын  жетілдіру үшін  екі түрлі   тапсырма орындатуға  болады:
1. Ойыншықтар арқылы   ауызша  сөйлеу.
2. Сурет  бойынша  әңгімелету.
          Баланың  тілін дамытуда  ненің  пайдасы  зор? Біріншіден,  жұмбақтарды  жаттатып, шешкізу пайдалы. Екіншіден,   тіл дамытуда балаларды өте қызықтыратын тағы бір халық ауыз әдебиет үлгісі – жаңылтпаштар. Бала  бір сөзді қайталап айта отырып,  тез  жаттап алады. Бір – біріне  айтып,  екінші  бала да  тез жаттауға  үйренеді. Жаңылтпаштар  көбінесе тілінің  мүкістігі бар және  қиын сөздерді  айта  алмайтын, дыбыстарды  шатастыратын  немесе  кейбір  дыбыстарды  айта  алмайтын  балаларға   көп   көмегін  тигізеді.  Сөзі түсінікті, оқығанда  тез  жатталатын жаңылтпаштар  баланың  ой-өрісін  дамытып, сөздік  қорының  молаюына  әсерін тигізеді.  Әрине,  бұл   тіл  дамыту  жұмыстарының  басы ғана. Тіл дамыту барысында  жүргізілетін  таным  қызығушылығын  арттыру жұмыстарының өзгешелігі – талдау  мен  жинақтау  процестерінің бірлігінде. Яғни,   тіл дамыту  сабақтары  негізінен  балалардың  бұрыннан  қалыптасқан  сөйлеу  дағдыларына   сүйене  жүргізіледі деген сөз. Бала тілінің дамуының алдыңғы баспалдағы  балабақшада   қалануы керек.  Егер балабақшада  баланың тілі  дұрыс  дамып,  жетілмесе,   тілдік  нормалары қалыптаспаған  болса,  байланыстырып  сөйлеуі  нашар, сөздік   қоры аз болса,  бірінші  сыныпқа  барғанда  оған  тіл сабақтары  өте ауырға  түсетіні  айтпаса да   түсінікті. Сондықтан балабақша сабақтарының барлығында   дамытушылық   тапсырмалардың  маңызы зор. Озық  тәрбиешілердің  іс-тәжірибесінен үйренудің,  талмай ізденудің,  біліктілікті көтерудің  қажетілігін  үнемі  есте  ұстауымыз керек. Себебі қазіргі  балабақшада тәрбиеленіп жатқан  бүлдіршіндер – болашақ 12 жылдық  мектеп  оқушылары.

                                  Библиография:
1.Ж.Аймауытов.Психология/оқу құралы/.Алматы,1994ж.
2.Выготский Л.С. Мышление и речь-М. «Просвещение», 1954г.
3.Ж.Аймауытов.Тәрбиеші жетекші.Орынбор,1924ж.
ответил от amerikan

Похожие вопросы