ОЙЛАН ҚАЗАҚ...
Оян қазақ , ұйқың мәңгі қанбады ,
Көре алмаудан бағың мүлдем жанбады .
Күндеуменен бір-біріңді келесің ,
Сан соқтырар сатқындықтың салмағы .
Ойлан қазақ , арды аяққа басқанда ,
Төр бересің елін тастап қашқанға.
Ана тілдің аянышты халі бар ,
Шетел тілін көтересің аспанға .
Ойға ал қазақ , таланттарың тұншықты ,
Жан түршігер түрмелерден үн шықты .
«Халқым» десе «Халық жауы» атадың
Өлтіріп ап көзден жасың ыршыпты.
Ойлан қазақ , бір-біріңді тілдедің ,
Құлап жатып сүрінгенге күлмегін .
Жайнап тұрған жауқазынды жайратып ,
Келеді тағы сол орында гүлдегің . 12
Оян қазақ , естисің бе жат үнді ?
Сәбилерің шет елдерге сатылды.
Қара көздер шетелдікпен мәз-мейрам ,
Соншалықты былғармысың атыңды.
Оян қазақ ,намыс қайда , ар қайда ?
Суайт болдың Құдай берген жан қайда ?
Болбыраған балапандай болдың-ау,
Аузын ашқан аждаһалар арбай ма?
Оян қазақ ,ерікті едің , ер едің ,
Ынтымақ пен бірлік екен керегің .
Қиындықта қайыспайтын қайтпайтын ,
Батпақтағы биік өсер терегім !
Ойлан қазақ , не боп кетті нар қоғам ?
Ертегі боп қала ма деймін мәрт адам ?
Әсем табыт дайындауда жезөкше ,
Көр қазуда СПИД ,алқаш , наркоман .
Ойлан қазақ , нарық заман белсенді ,
Ар мен ұят таразыда өлшенді.
Ашаршылық , сұм соғысты көргенсің ,
Тектілікпен көтеріп жүр еңсеңді .
Ойлан қазақ , ойланып жүр әрдайым ,
Қазаққа жау қазақ болған дапдайын.
Ой өрісті түзетпесең ағайын ,
Ешқашанда түзелмейді жағдайың .
Ойлан қазақ , ойланып жүр әрдайым ...
03.04.2004жыл.