Ай-ару.
Қайдасың, сені сағындым?
Жүрегімді өртер жалын мұң.
Тағдырға тағы таңылдым.
Аңсарым ауып ынтығып,
Жанымда тылсым сыр тұнып,
Жаралы жандай жаңылдым.
Бейнеңді аңсап, көре алмай,
Өзіңді тағы жеңе алмай.
Өзіме есеп бере алмай.
Сағындым сазды үніңді,
Айтқыздың тағы шынымды,
Ынтығып, сөздер құралмай.
Мүлгіген түннен сыр күткем,
Ұйқымды аңсау үркіткен.
Ай-ару қарар түңліктен,
Ұйқыда жатқан өзіңді,
Мендегі мәңгі сезімді,
Тым биік қойғам тірліктен.
Ойлаумен сені таң да атты,
Сағыныш салды салмақты.
Түсірді еске сән бақты,
Мөлдір шық келер жанарға,
Бұлбұл да әнін салар ма,
Сарғайтты мені жан жақты.
Ұрынды қанша жарға бас,
Күндердің өзі қарбалас.
Өмірде тоқпыз, жан дағы аш.
Сиқырлы сезім серік боп,
Жандырған бойды көрікті от,
Жалынға құмар жанталас.
25.10.2009жыл.