Ағаш адам.
Әлемде ғажайып көп, таңқаласың,
Көз тартар сұлулықпен арбаласың.
Адамзат табиғаттың бір бөлігі,
Сезесің, түсінесің, аңғарасың.
Ну орман арасында құшақ жайған,
Ағашты көріп қалдым шын мұңайған.
Сыңарын сағынғанын сездіргендей,
Боп-боз боп айырылғандай пәк шырайдан.
Жапырағы жел тиіп, сілкінгендей,
Көп нәрсеге жүреміз көңіл бөлмей.
Табиғат-тәрбиеші, таңданасың,
Түн ұзақ еске түсті ұйқым келмей.
Қаншама адамдар бар сағынысқан,
Жете алмай арманына сағым құшқан.
Көнеді, көнбесіне шарасы жоқ,
Байланған тағдырына бағыныштан.
Сол тағдыр осы ағашта емес пе еді?
Сыр тарттым, сөйлеспеді, кеңеспеді.
Баянын күтіп тұрған баяғыдан,
Қазіргі Қозыкөрпеш елестеді...
04.06.2009жыл.