Мақсат-тілек...
Адамның дидарынан шуақ көрем,
Жанынан өрілетін шыраққа ерем.
Ең нәзік, таңғажайып жаратылыс,
Адамға арналады қуатты өлең.
Күтемін адамдардан жақсылықты,
Жамандық тауды жалмап, тасты үгітті.
Алланың ұлылығы пендесіне,
Бірлік пен ынтымақты тапсырыпты.
Сеземін жанарлардан сағынышты,
Махаббат сезімдерге бағынышты.
Жұбымен жаратылған барлық әлем,
Сондықтан бір-біріне жалынышты.
Әр жаннан бір жақсылық аңғарылар,
Алға бас әрбір ісің оңғарылар.
Бірінші жүрген жанға сын мен сый бар,
Әйтеуір өмір кешер соңдағылар.
Адамды ар намысы биік еткен,
Адалдың әрқашанда сыйы көптен.
Бабаның жолын жалғап, өмір арнап,
Сүрейік бір мақсатпен, бір тілекпен! 21.10.2011жыл.